"Үй сатып алуды жылдамдататын жол таптым" - жас келіншек баспанасыз жүргендерге кеңес берді

0
413

"Соның арқасында 4 ай бұрын баспаналы болдық"


Сурет: sun9-56.userapi.com

"Күні кешеERNUR.KZ порталында жарияланған "Күйеуім әкемнің көшірмесі боп шықты" деген оқырман хатын оқып, мен де өз өмірімдегі дұрыс қадам туралы бөліскім келді. Бұл оқиға жас отбасыларға ой салар деп үміттенемін."


"Бір балам бар, екіншісіне аяғым ауыр. Жас отбасымыз. Санап отырсам, үйленгелі үш жылдың ішінде 18 пәтер ауыстырыппыз. Кейбірі үй сататын риэлторлармен сыбайлас па, әйтеуір екі айдан соң "Үйді сатайын деп жатырмыз, келесі айда босатыңдар" дейтін. Кейін сол пәтер "жалға беріледі" деп жарнамада жүреді.

"Балаң түсқағазға сызыпты" деп, пәтерінен шығарып жібергендер де болды. Кейбір жерлерде маскүнем көршілерден, тіпті тарақаннан қашып, өзіміз кетуге мәжбүр болдық. Қайсыбірін айтайын.

Соңғы пәтер иесі жүйкемізді әбден тоздырды. Ол кісі ай сайынғы 200 мың теңге пәтерақыны алып тұрса да, күнде келіп тексеріп, ескерту жасайды.

Пәтер иесі зейнет жасындағы әйел. Кейде қасына шалын ертіп келіп, лекция оқиды. Қолы бос адамдар, бірақ менің олардың әңгімесін тыңдап отыратын уақытым жоқ. "Мен ваннаны күнде жуатынмын. Еденді хлор суға жу. Қоқысты дереу шығар" деп, тіпті тоңазытқышты ашып тексереді.

Кәдімгідей соларды күтіп, күнде үй жинап отыратын болдым. Бірақ бала болған соң әп-сәтте ойыншықтарын шашып, күлшесін үгітіп тастайды. "Таракан басып кетеді, жинап ал" деп жаны шығады үй иесі.

Ескертпестен өз кілтімен кіріп келетін. Біз ыңғайсыз киіммен жүргенде, күтпеген қонаққа тап болғандай әбігерге түсетінбіз. Күнде жіберетін оның аудиожазбалары бөлек әңгіме. Жүйкем тозды.

Содан "Не істеуге болады?" деп күнде ойланам. Осы оймен ұйықтап, осы оймен оянам. Стикерлерге жазып, әжетхананың, ваннаның, шкафтың, тоңазытқыштың есіктеріне, айнаға іліп тастадым. Көрген сайын ойланам. Бар фокусыңды бір сұраққа қана аударсаң, түрлі инсайт жауаптар ойға келеді екен. Алтындарымды, көлікті, қажет емес заттарды сату керек деген ой келді. Үйлену тойымызда әпкем, жеңгелерім, құрбым таққан, сырға салу жоралғысында енем құлағыма салған алтындарым бар. Ал күйеуімде жай-күйі жақсы көлік бар. Оны тек жұмысқа барып-келуге айдайды.

Кешке күйеуім келген соң ойымды айттым. Үй кезегіне тұру, конкурстарға қатысу үшін біраз уақыт керек. Сондай-ақ ол үшін белгілі бір шарттары бар. Одан да үй болудың жылдам, оңай жолын іздеу керек. Көлікті, алтындарымды, сандықтарымды т.б. сатсақ, бір бөлмелі пәтердің 50 пайызы жиналады. “Отбасы банкіне” апарып құйып, сатылатын пәтер тапсақ, бір-екі айда өз үйімізге көшеміз. Өзге біреуге ай сайын 200 мың теңге төлегенше, өз пәтеріміздің ипотекасын құйып отырамыз.

Осылай айта бердім, айта бердім. Күйеу көнді. Ол қимай-қимай көлігін сатты. Сатылатын пәтер де табыла кетті, иесі де банк арқылы алуымызға келісті. Алтындарымды, тұрмысқа шыққанда "қыз жасауы" деп ата-анам әперген, чемоданда сол күйі тұрған сырт киімдерімді, көйлектерімді, сөмкелерімді OLX-қа қойып сатып жібердім. Фирмалық ыдыстарым да бекерге тұр, оларды көршілердің чатына салып жарнамаладым.

Не керек, банктің шешімін екі ай күтіп, алғашқы пәтеріміздің кілтін қолға алдық.

Міне, өз үйімізде тұрып жатқанымызға төрт айдан асты. Бұрын біреу есікті қақпақ былай тұрсын, подъезде көршілердің аяғының сыбдыры естілсе, тына қалатынбыз. Ал қазір керісінше "Кім ол?" деп дауыс шығарамыз. Еркіндік. Сенімділік. Жан тыныштығы. Айта берсем, өз үйіңде тұрудың “+”-ы көп-ақ. Ол рақатты баспанасы барлар ғана біледі. Ал пәтерден-пәтерге көшіп жүргендерге өз білетінді қысқаша айтайын. Дұрысы, өз тәжірибеммен бөлісейін.

Екі-үш бөлмелі демей-ақ, алдымен бір бөлмелі пәтердің 50 пайызын жинауға бар фокусыңды аудар, бәрін - көлігіңді, алтыныңды, заттарыңды, киімдеріңді сат. Артық зат, боқ дүние сатып алудан тыйыл. Үнемде.

Дәл қазірден бастап бір бөлмелі пәтердің жарты бағасын жинауды – басты мақсат етсеңіз, жыл соңына дейін өз баспанаңа көшесің."