"Түсінгенім, балаларым - өмірімнің мәні емес екен..."

0
178

"Мен де – олар үшін өмірдің мәні емеспін..."


Сурет: i.insider.com

Қарттықты да әдемі қарсы алып, лайықты өткеру - бір өнер. Жасы келгенде бала-шағасына жүк болып, олардың отбасына, шаруасына араласып, жүйкесіне тиіп жүрген ата-аналар жоқ емес. Өйте берсе, уақыт өте келе ұрпағының алдында сыйы кететініне де куә боп жүрміз.

ERNUR.KZ порталы редакциясына ат басын тіреген Уәли ақсақалдың әрекеті көпке үлгі етерліктей.


"Бұрын әр күнім телефонмен басталатын. Таңертең тұра сала уатсапқа кіріп, біреу бірдеңе жазған шығар деп балаларым ашқан топты қараймын. Ешкім жазбаса, өзім амандасып, хабарларыңды айтыңдар деп жеке-жеке аттарын атап шығамын. Сосын күні бойы тағы телефонға елеңдеймін. Сондағы ойым: «Балалар қоңырау шалса, естімей қалмайын» деймін ғой. Сөйлескенде ананы-мынаны айтып, әңгімені әбден созуға тырысамын. Одан қалса, таңмен таласа жұмысқа кеткен келін мен баланы, сабақтарына кеткен немерелерімді күтемін. Бәрінің кешке бір-ақ келетінін білсем де, түстен бастап есікке елеңдей беремін.

Осының бәрі жалғыздығымнан. Зерігемін. Сосын балаларыма, қыздарыма ренжимін. «Бір хабар алмады. Әкесін іздемейді. Әке керек емес оларға» деп... Кемпір кеткелі осындаймын. Ә, жо-жоқ, зейнетке шыққалы осындай екенмін. Кемпір тірі кезінде «Тастасайшы телефонды, балалардың мазасын алып біттің әбден. Бәрінің жұмысы бар, біз дейсің бе не істерін білмей отырған? Айналаңа қарап, жеңіл-желпі шаруаларды тауып, істеп тұрсайшы. Мына түріңмен зеріккеннен жарылып кетерсің бір күні» деп күңкілдеп жүретін. Өзі бірде құрақ құрайды, көрпе тігеді, әйтеуір айналысатын бірдеңе тауып алады. Мен өйтпеймін. «Осы уақытқа дейін істейтінімді істедім, енді балаға тапсырдым, тірлігін өзі бітіріп алсын» деп тырп етпеймін.

Бір күні түсіндім, мәселе балаларда емес екен. Мәселе – өзімнің айналысатын ештеңем жоқ, өз шаруам, өмірім жоқтығында екен. Біреуді, бірдеңені күтумен жүргенде, шын мәнінде өмір сүрмейсің.

Бір маңызды шындықты мойындадым, қабылдадым. Балалар – менің өмірімнің мәні емес. Мен – олар үшін өмірдің мәні емеспін. Ешқайсының менің алдымда өтелмейтін қарызы, парызы жоқ. Әркім өз өмірін өзі үшін сүруі, бір-бірімен тек сыйластық байланыста болуы керек. Ең қисындысы осы. Біз оларға көп нәрсе береміз, өзімізді жоғалтамыз. Соңында олардың да бізге сондай көп нәрсе қайтарғанын күтеміз. Ол жолда өздерін жоғалтқанын қаламаймыз, әрине. Бірақ, ата-ана алдында өзін қарыздар сезінген перзент бәрібір әйтеуір бірдеңесін жоғалтады. Белгілі бір деңгейде. Қанша бергеніне байланысты.

Содан бастап балаларға жалтақтай бермеуді, сарғайып олардың жолы мен қоңырауын тосып отырмауды шештім. Көрші ауылдағы бала кезден бірге өскен Рахман досыма қоңырау шалдым. Үйінде екен. Ұлы бәйге аттарын ұстайды. Күндіз сол аттарға қарап, жем-шөбін беріп жүретінін айтты. Ескі көлігіме отырдым да, досыма қарай тартып кеттім. Қонақ болып, екеуміз арғы-бергіні қозғап әңгіме қылып, аттарын көріп, арқа-басым кеңіп қайттым. Екі-үш күннен кейін тағы ішім пыса бастағанда басқа досыма барып хал-жағдайын біліп келдім. Арасында келін үйде болған күні олардың бастарын қосып үйге асқа шақыратын болдым. Сөйте келе, уақытты жай әңгіме айтумен емес, басқа да істер жоспарлаумен, істеумен өткізетін болдық. Рахманның ұлы қамшы өретін өнерім барын біліп, жасап беруді өтінген. Кейін тағы басқа таныстарынан тапсырыс келіп, қамшы өретін кәсібім пайда болды.

Соңғы кездері өзімді өмір бойы балаларына қамқор болып, енді олардан қамқорлық күтіп отырған әке деп қана сезінуді қойдым. Олар да екі-үш күнде, аптасына бір сағынғанда хабарласатынды шығарды. Бұрын «Көке, кеше ғана сөйлестік қой. Не айта береміз. Сол... күндегі тіршілік...» дейтін ұл-қыздарым енді «Көке, сөйлеспегелі біраз борлыпты. Не жаңалық? Бізде мынадай-мынадай жаңалық бар» деп, әңгімеміз қызық болатын болды.

Маған тыныштық, жалғыздық қазір қорқынышты емес. Өйткені жалғыз емеспін. Өзіммен өзім бармын."