"Шашуға жиналған қаражат той шығынына деп алған несиені жабуға жетпей қалды. "
Сурет: stock.adobe.com
Адамның өмірі анасының құрсағынан басталатыны белгілі. Олай болса, отбасы құндылықтары да ананы құрметтеуден басталады. Қоғамдағы осы бір құндылықты насихаттау ниетінде, кейбір жастардың тәрбиесі түзелер деген үмітпен ERNUR.KZ порталының Нұрғали атты оқырманы шағын хат жолдапты.
"Жүрек түкпірімде көптен бері орындауды армандап жүрген бір мақсатым бар еді. Ол – анамның мойнындағы несиені толықтай жауып беру.Анам екі жыл бұрын 70 жасқа толды. Сол уақыттан бері той жасасам деген тілегін жиі айтып жүретін. Айналасындағы құрбылары мерейтойларын дүркіретіп өткізіп жатқанын көріп, бізге де аңғарта сөйлейтін. Бірақ біз – балалары үнсіз қалатынбыз. Біріміз келін түсіріп, біріміз қызымыздың дипломын алу кешіне дайындалып, енді біріміз үй тұрғызып әлек болдық. Анам да бізді қинағысы келмеді білем, көп қазбаламады.
Бірақ бір күні күтпеген жерден ортақ чатқа тойға шақыру жіберіп, бәрімізді аң-таң қылды. Сөйтсек, анамыз көп ойланбастан несие алып, тойханаға тапсырыс беріп қойыпты. Біз амалсыз келістік. Тойанамызды алып бардық, бірақ кейін білдік: анамыз тек тойханаға тапсырыс беріп қана қоймай, тойбастар, кит, орамал, шапан дегеннің бәрін үйіп-төгіп алған екен.
Той өтті. Шашуға жиналған қаражат той шығынына деп алған несиені жабуға жетпей қалды. Анамның алатын азын-аулақ зейнетақысы енді банкке кететін болды. Бір жыл өтті, екі жыл өтті. Мен анамның сол күйін көріп, іштей мүжіле бердім. Өйткені оған тек несие төлеу ғана емес, күнделікті коммуналдық шығындар, той-томалақ, өзіне қажетті дүниелер де керек. Балалары кезекпен көмектесіп жүрдік, бірақ кейде ағаларым "Несие аларда ойлану керек еді...", "Сол тойды жасамасаңыз да болатын еді ғой!" деп айтып қалатын.Бұл сөз анамның жүрегін жаралайтынын сезетінмін. Сондай сәтте "Анамның несиесін жауып, аға-жеңгелеріме жәутеңдетпеймін" деп ниеттендім.
Мектепте жұмыс істеймін. Айлығым өз отбасымнан артылмайды. Қосымша табыс көзін іздеп, TikTok-та стримге шыға бастадым. Дос, жора-жолдастарым біреуі әзілдеген боп, енді біреуі ашық мазақ етіп, күлді. Сондай келекелерді көтеру жігіт басыма оңай болмады. Арасында келіншегім ренжіді "Қойшы осы тірлікті. Ел-жұрттан ұят емес пе?" деп. Бірақ, берілмедім. Өйткені, анамның несиесін жауып беремін деген мақсатым маңыздырақ болды. Мені жігерлендірген – анамның жүзіне күлкі сыйлау арманы еді. Сөйтіп кім не десе де түннің бір уағына дейін тікелей эфирде отырып, сыйлық, лайк, стикер сұрап, "мәдениетті қайыршылардың" біреуі болып жүрдім.
Ақыры наурыз айында мақсатыма жеттім! Анамның несиесін толық жауып бердім. Балаша қуанды. Алғысын, ақ батасын жаудырды. Ең бастысы, "Енді несие алмаймын" деп уәдесін берді. "Той-томалаққа барар болсаңыз, ауырып қалсаңыз, ақшаны бізден сұраңыз, тауып береміз. Пенсияңызды өзіңізге жаратып, бейнетіңіздің зейнетін көріп рахат өмір сүрсеңізші" дедім. Қазір иығымнан ауыр жүк түскендей боп жүрмін."