Отырыс қорытындысы бойынша Мемлекет басшысына 305 адамды Қазақстан азаматтығына қабылдау туралы ұсыныс енгізіледі.
Ақорданың баспасөз қызметінің фотосы
ERNUR.KZ. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиында Қазақстан азаматтығына қабылдау және азаматтықтан шығу мәселелері қаралды, деп жазады Tengrinews.kz.
Отырыс қорытындысы бойынша Мемлекет басшысына 305 адамды Қазақстан азаматтығына қабылдау туралы ұсыныс енгізіледі.
Сондай-ақ комиссия 43 адамның Қазақстан азаматтығынан шығу туралы өтінішін қанағаттандыруды ұсынды.
Мемлекеттік кеңесші соңғы жылдары Қазақстан азаматтығынан шыққысы келетіндер саны азайып келе жатқанын атап өтті.
Атап айтқанда, кейінгі 8 жылда Қазақстан азаматтығынан шығу туралы өтініштер саны 40 есеге жуық қысқарған. 2019 жылы азаматтықтан шығу туралы 1,7 мың өтініш тіркелсе, 2020 жылы – 944, 2021 жылы – 123, 2022 жылы – 114, 2023 жылы – 107, 2024 жылы – 77, 2025 жылы – 68, ал биыл 43 жағдай тіркелген.
Еліміздің азаматтығынан шыққысы келетіндер санының азаюы қазақстандықтардың мемлекеттің тұрақты дамуына сенімін және Мемлекет басшысының әлеуметтік-экономикалық әрі саяси бағытын қолдайтынын көрсетеді.
Бұл әлеуметтік зерттеулердің нәтижелерімен де расталады. Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты 2026 жылғы сәуірде жүргізген қоғамдық пікір сауалнамасына сәйкес, азаматтардың 84,4 пайызы елдің дұрыс бағытта дамып келе жатқанын айтқан.


