"Сол бала менің өмірімді сақтап қалды"
Сурет: i.pinimg.com
Өзіне деген сенімі аз адамның өмір сүру дағдысы да ауырлау екені рас. Бәрінен де жаныңа жақын адамың сеніміңді сындырып тастаса, өмір бойы кешіре алмайды екенсің. Назым есімді әйелдің оқиғасы ERNUR.KZ порталының редакциясындағы ешқайсымызды бей-жай қалдырған жоқ. Сіздерге де ой салатынына шүбә жоқ.
«Мен үнемі айналамдағыларға жақсылық жасағым келетін. Біреуді қуантып, оның жүзіндегі қуанышты көргенде өзім де бақытты болушы едім. Бірақ, жасаған жақсылығым айналып өз басыма таяқ болып тиетінін ойланбаппын.
Күйеуім екеуміз махаббатпен үйленгенбіз. Бірақ тоғыз жыл бойы бірге тұрып, ортамызда бала болмағаны жанымызды қинайтын. Сонда да бой бермей, Алладан үмітімізді үзбей, түңіліп жүргенше, жарқырап, көңілді жүруге тырыстық. Балалы бола алмай жүрген жалғыз біз емеспіз, бір күні болмаса бір күні балалы болудан ешқашан үмітімізді үзген емеспін. Дәрігерге қаралу керек еді ғой деген сауалдар болуы мүмкін мен жайлы білетін кез-келген адамның ішінде. Әлбетте мұндай жағдайда қол қусырып ешкім де қарап отырмайды ғой. Біз де қажетті ем-шараларды қабылдап, дәрігерге де талай бардық. Енді тек уақыт-сәтін күтудеміз.
Баламыз болып жатса ол баршылықта өссін, ештеңеден кем болмасын деп материалдық жағдайымызды реттей берейік, бір жағынан көңіліміз аз да болса бөлінсін деген мақсатпен базарда жүмыс істедік. Саудада береке бар демей ме, соның арқасында біршама аяғымызға нық тұрып, жағдайымызды жасап алдық.
Сондай күндердің бірінде әпкем жылап хабарласты. Өзіміз екі жыл бұрын ғана осы әпкемнің қызын ұзатқанбыз. Енді сол қыз күйеуімен жараспай, ажырасып келіпті.
Әпкем «Енді қайтеміз, елдің бетіне қалай қараймын?» деп жылап отырғанда, аузыма түскен сөз: «Әпке, жыламаңыз. Бағы жанбай жатқан жатқан жалғыз сіздің қызыңыз емес қой. Жас қой, жылап отыра бергенше менің қасыма жіберіңіз. Маған көмекші болады, бір жағынан, сауда жасап, көңілі де бөлінеді. Мен де жетіскеннен базарда жүрген жоқпын, өзіңіз де білесіз, менің де жаным тыныш емес, көңілімді аударайын деп осы кәсіппен айналысып жатырмын. Сондықтан, қызыңызды менің қасыма жіберіңіз. Тым болмаса, өз киімін, ішіп-жемін табады, өз-өзін асырайды ғой» деп қасыма шақырып алдым.
Мен мұны әпкеме жаным ашып, көмектескім келіп еді, бірақ соңында өкініп қалдым. Өйткені, мен оған жақсылық жасадым деп ойласам, ол маған не жасағанын елестетудің өзі қорқынышты. Күйеуім мен өзім шақырып алған сіңлімнің қарым-қатынасы қашан, қай уақытта басталып кеткенін де аңғармай қалыппын. Тіпті өңімде болмақ түгілі, түсіме де кірген емес.
Бір күні күйеуім «Назым, сен сауданы жалғастыра бер, мен науқан кезінде қала сыртынан бір жерді жалға алып, егін егіп, жер істетейін. Бұрын әскерде бірге болған жігітті көріп қалып едім, өзінің жекеменшік жерін жалға бергісі келетінін туралы айтып қалып еді. Сол жерді алсам, біршама пайда түсірер едім. Барлығымыз бірдей базарда салпақтап жүргенше, тек уақытша, науқандық кезде ғана осы кәсіпті бастап алайын. Оған біраз қаражат керек. Маған сол жерді арендаға алуға ақша бере тұр. Табыс түсетін жұмыс қой, екі-үш есе болып қайтады» деп менің миымды айналдырып, сол сұраған ақшасын алды. Өз алдына бір істің бастамасын бастап, өз бетінше жұмыстың көзін таба алғаны үшін мен де күйеуімнің бұл ұсынысын құптадым.
Солай күйеуімді шығарып салып, сіңлім екеуміз базарда істей бердік. Арада үш-төрт күн өткеннен соң, «басқа жұмыс таптым, жұмысқа жақын жерден пәтерде таптым, сіздермен бірге ұзақ уақыт тұра беру ыңғайсыз» деп ол да киім-кешегін жинап кетіп қалды. Мен оны қуған жоқпын, маған ешқандай артықшылығы болып, ауырлығы түскен жоқ. «Аяқ астынан неге кетіп қалды?» деген сұрағыма жауап таба алмаған күйі қалып кеттім.
Бір күні базардағы жақсы сырласатын бір келіншек мені жанына шақырып алып, бар сырды ашты. «Назым, сен байғұс ештеңе білмейтінге ұқсайсың. Көзіңді аш, саған жаным ашығандықтан айтып отырмын» деп күйеуім мен сіңлімнің ортасындағы қарым-қатынасты айтып берді. "Сенбесең, мына суретті қара" деп телефонынан екеуінің суретін көрсетті. Мекенжайын да берді. Олардың бірге түскен суретін көріп, өз көзіме өзім сенгім келмеді. Жүрегім солқ етті. Мен күйеуіме соншалықты сеніп едім.
Олардың тұрып жатқан жеріне бардым. Үйде сіңлім жалғыз өзі екенін көргенде жүрегім орнына түскендей болып еді. «Барлығы жалған сияқты» деген алдамшы үміт бар. Шығып бара жатқанда күйеуімнің аяқ киімін көріп қалдым. Сонда ғана естіген әңгімемнің растығына көзім жетіп, өзімді ұстай алмай қалдым. Дереу жүгіріп, асхана пышағын ұстап сермеп қалғанымда сіңлім жерге отырып қалды. Ол қорғанып үлгерді, ал мен өзімді жарақаттап алдым. Қатты ашуланғаннан көзіме қан толып, жылап шығып кеттім ол жерден.
Намыстан адамды қара жерге кіргізуге де болады екен ғой. Сол бойы базарға шықпай қойдым. Күні-түні үйден шықпай жатып алдым. Бір орыс көршім бар еді, сол болмағанда не боларын кім білсін? Өзіме қол салмаққа да оқталғанмын, мұндай масқараға шыдамай. Сол кезде сол көршім келіп «Күйеуі тастап кеткен жалғыз сен бе едің? Денсаулығыңа қара, өмірің әлі алда емес пе?» деп орнымнан тұрғызып, ауруханаға алып барды. Дәрігерлердің тексерісінен өткен соң, «Құттықтаймын, сіз ана боласыз. Құрсағыңызда төрт апталық бала бар» дегенде есеңгіреп қалдым. Тоғыз жыл күттірген нәресте енді ата-анасы екі жолда таңдағанда жаралғанына бір шетінен таң қалсам, бір жағынан жанымнан баз кешіп тұрған мені өмір сүруге жетелеген үміт бар екеніне сүйіндім.
Сол бала менің өмірімді сақтап қалды. Өмірге деген құштарлығымды оятпаса да, мен сол балам үшін өмір сүруім керектігін, мен оған керек екенімді ұқтым. Сол оқиғадан бері жеті жыл өтті. Бірақ, содан бері мен әлі де өзімді қолға ала алмай келемін, бұрынғы кез келген қиындықты қасқайып қарсы алатын Назымды таппай қалдым.
Олар да заңды түрде үйленбеді. Бұрынғы күйеуім шетелге жұмысқа кетіп, содан кейін хабар-ошар жоқ. Сіңлім одан кейін тағы да екі рет тұрмысқа шықты. Ешқайсысы баянды болған жоқ. Орта жолда ең жақын адамдарым мені тірідей өлтіріп кеткен жоқ па?»


