"Шешемді көзімізше қамшымен сабап әкететін"

0
161

Біз қандай бақытты болып өскенбіз, анамыз күндіз жұмыста болса да, кешкісін үйде, түнде қасымызда.


Сурет: i.pinimg.com

Марзия есімді оқырман ERNUR.KZ порталына жолдаған жазбасында әжесі туралы баяндапты. Заманның небір алмағайыбын, көненің көзін көрген қариялардың әңгімесі бөлек қой, шіркін!


"Декретте отырғалы жалғызсыраймын. Төркініме аракідік барам. Бүгін әжемді сағынып төркінге бардым. Қызымды емізіп отырмын. Бір кезде әжеме көзім түсіп кетті. Жасын сүртіп отыр.

«Әже, жылап отырсыз ба?» деп сұрадым. Сондағы айтқаны: «Шешем есіме түсіп кетті. Раяна сияқты мен де анамның құшағында жатқым кеп кетті».

Әже сөзін ары қалай жалғады: «Сағындым шешемді. Ол байғұстар баласын құшақтап, алаңсыз емізіп жата алмады ғой. Күндіз-түні колхоздың жұмысына айдап салатын. Шықпаса, атпен кеп, көзімізше қамшымен сабап тұрып қуып әкететін. Үйде кәрі атам екеуміз қаламыз. Менен кейінгі балалар кішкентай, соларға қараймын. Кешке дейін есікке мың қарап, сыртқа жүз шығып елеңдеп отыратынмын. Әсіресе түнде құшақтап жатқым келетін...» Әжем күрсінді де, үнсіз қалды.

Айтқан сөздері жүрегімді шымырлатып жіберді. Қай жаста болсақ та, адамға ана құшағы - ең керек құшақ екен ғой. Көзіме еріксіз жас келді. Біз қандай бақытты болып өскенбіз, анамыз күндіз жұмыста болса да, кешкісін үйде, түнде қасымызда. Оларды ешкім көзімізше сабап, ұрып әкеткен жоқ. Ал біздің балаларымыз тіпті бақытты екен. Бейбіт заманның, тыныштықтың, ата-ананың қадірін соған жете алмаған адамдар айтпаса, естен шығара беретініміз жаман».