Осы ма еді оның сенгені, сүйгені, таңдаған адамы?
Сурет: i.pinimg.com
Алып қала - Алматыға кімдер әуес болмады дейсіз?! Әсем табиғатымен, биік тауларымен менмұндалап шақыратын әсем шаһар. Қаншама жастар осында жүріп танысып, табысып, отау құрып, тағдырдың әр түрлі белестерінен өтіп, өмір сүріп жатыр.
Сондай тұрғындардың бірі - Әсияның өмірін ERNUR.KZ порталының оқырманы қағазға түсіріп, жолдапты.
"Алматының шеткері бір ауданында жаңадан салынған екі бөлмелі шағын ғана пәтердің жарығы көп жағдайда өшпейтін. Үнемі басқалар жарықты өшіріп, ұйқыға кеткенде, дәл осы пәтердің жарығы жанып тұратын. Өйткені, бұл үйде жалғызбасты әйел ұлымен бірге тұратын.
Таң бозарып атып келе жатқанда Әсия ұйқысынан оянды. Күнделікті әдеті осы. Ол үнемі ел шырт ұйқыда жатқанда оянып, жұрттың ең соңында төсегіне бас қоятын. Олай етпесе, күнкөрісі қиын, жалғыз баласын асыраудың оңай болмасын жақсы түсінеді. Алматының кептелісінің өзі неге тұрады? Көп уақытың жолда кететінін білмейтін адам жоқ шығар.
Әсия сағатына қарап еді, бар болғаны үш сағат ұйықтағанын білді. Әрине, үш сағаттық ұйқыдан адам сергек оянбайтыны белгілі. Қатты шаршап, денесі дел-сал болып тұрғанымен, өзін төсегінен күштеп тұрғызды.
Үйдің іші мүлгіген тыныштық. Терезеден кірген боз жарық қабырғаларды жағалай өтіп, кішкентай ғана бөлмедегі кереуетке келіп тоқтады.
Ал жерде алты жастағы Абылай жатыр. Тәтті ұйқы құшағында екені белгілі. Ұйқысырап жатыр ма, кішкентай қолдарын ары-бері сермеп, түсінде әлдекіммен сөйлесіп жатқандай.
-Абылай, балам.
Анасы ақырын сыбырлап сөйледі. Бала көзін ашты.
Абылай ерекше бала болатын. Дәрігерлердің қазір көптеген балаға қойып жатқан диагнозы «аутизмнің белгілері» бар екен.
Бастапқыда ол барлық сәбилер секілді туылған. Кейін өсе келе басқа балаларға ұқсамайтын оғаш қылықтары байқала бастады. Сол кезде ана жүрегі барлығын сезеді ғой, күйеуі мен ата-енесінің, туған-туыстарының «Қайдағыны айтпашы. Ештеңесі жоқ, әп-әдемі, дені сау бала» деп ешкім мойындағысы келмеген.
Соған қарамастан бір күні Әсия баласын алып ауруханаға барды. Дәрігерлер «аутист» дегенде, жүрегі жарылып кете жаздаған. «Қалайша?» деді өзіне-өзі. Көнгісі келмеді, іштей барлығын сезіп тұрса да, қабылдағысы келмеді. Сырттай қарағанда барлығы дұрыс, сап-сау бала секілді.
Алғашында мойынсұнбай жүрсе де, уақыт өте келе бұлай жүре берсе, уақытты өткізіп алуы мүмкін екенін түсініп, баласын емдетіп, аяққа тұрғызуды ойлады. Жанталасқан, көз жасын көлдеткен, бірақ, бір үмітпен алға ұмтылған күндер басталды. Кімнің есігін қағып, кімнің табалдырығын тоздырмады байғұс ана. Бұл ерекше науқас туралы оқымаған кітабы, ақтармаған желісі қалмады. Көп ізденді, тренингтерге де барды.
Бірақ, осы аралықта күйеуімен қарым-қатынасы суи берді. Ұлын емдету үшін өте көп қаражат керек болды. Ана байғұс барлығына дайын еді. Бірақ әке олай болмай шықты.
Бір күні Әсия күйеуіне үйді сату туралы ойын айтты. Үш бөлмелі үйін сатып, шағын, арзандау үй алмақшы. Қалған ақшаға баласын емдетуге жетіп қалар деп ойлаған. Бірақ «Үш бөлмелі үйді сатып... Сенің денің сау ма? Қайда тұрамыз сосын?» деп сөзін соңына дейін тыңдамай айғайлады. «Абылай үшін, ұлымыз үшін керек. Үйсіз қалмаймыз, 1 бөлмелі үйде тұрамыз немесе уақытша пәтер жалдаймыз» дегені сол еді, «Сенің балаң үшін пәтерші болып, қаңғып жүретін жайым жоқ» деп жаны шығып кетердей айғайлап, үйден шығып кетті. Әсия тапжылмай тұрып қалды.
Осы ма еді оның сенгені, сүйгені, таңдаған адамы? «Өмір бойы қасыңда боламын, қуанышта да, қайғыда да ұстасқан қолдарымыз мәңгі ажырамайды» деп берген уәдесі қайда? Ол алғаш кездескен сынақтан-ақ қара басын ойлап, қашып тұрған жоқ па?
Әсия қалай айтса да көнбеді. «Үйді сататын болсаң, ажырасам» деп қорқытты. Өйткені, сатқызбай қоюға да күші жетпейді, үй Әсияның атында болатын. Олар үйленгенге дейін Әсияның әкесі мен бауырлары жиналып, осы үйді әперген-тұғын. Енді үйден айырылып қалса, оған Әсияның да, баланың да қажеті жоқ екендігін ұқтырды.
Әкесі ерекше туған баласынан бас тартты. Әсия шегінбеді. Орталықта орналасқан үйін сатып, шеткі жақтан екі бөлмелі пәтер сатып алды, қалғанын ұлын емдетуге жұмсады.
Қазақстанда да, шетелде де емдетіп жүріп, екі жылда Әсия біраз жетістіктерге жетті. Қазір Абылай әжетханаға өздігінен барып, тамақты ешкімнің көмегінсіз өзі ішу секілді әдеттерді қалыптастырды. Осының барлығы да ана үшін үлкен жеңіс болатын. Жақында «мама», «әпер», «су ішем» деген секілді біраз сөздерді айта бастады. Анасы оны жақсы түсінеді. Абылай анасын көргенде көздері жайнап кететін.
Абылай сурет салуды ұнататын. Анасы баласының бұл қабілетін дамытуды көздеді. Шынында да ол өскен сайын сурет өнерін жан-жақты меңгеріп, шебер суретшіге айналып келеді. Бүгін де түнде салған суретін таң атысымен анасына көрсету үшін бас жағына қойып жатқан ұлы үшін қуанып «Сен бәрінен ақылдысың, ұлым!» деді құлағына күбірлеп..."


