"Қызым атасының қасына енді бармаймын дейді"

0
319

"Қайынатамның жасы сексенге жақындап қалған. "


Сурет: sun9-17.userapi.com

ERNUR.KZ порталының тұрақты оқырманы Айкүмістің ойынша, "Ата-ананы, туыстарды таңдай алмайсың. Сондықтан оларды қандай болса, солай жақсы көруге тура келеді. Кейбір нәрселеріне көз жұмуға болады."

Оқырманымыздың тәлімді ой салар жазбасын қаз-қалпында ұсынамыз.


"Көктемгі демалысты қызымды ауылға, ата-апасының үйіне жіберген болатынбыз. Өзі барғысы келіп, қайта-қайта сұранып, сабақ біткенше күн санап, қуана-қуана кеткен. Төрт-бес күннен кейін қызым жылап қоңырау соғып тұр. «Мама, мен үйге қайтайыншы» дейді. «Не болды?» десем, «Атам бүгін азаннан бастап маған ұрсумен болды. "Тірлік істемейсің, телефон көп көресің, дым пайдаң жоқ" дейді. Апама "мына қызды үйіне құрт" деп айтты. Таксимен сөйлесіп беріңізші. Енді келмеймін ауылға» деп кәдімгідей көз жасы көл болып отыр. Не болғанын дереу түсіне қойдым.

Қайынатамның жасы сексенге жақындап қалған. Қартайғанда қайтадан бала болады деп жататын еді ғой. Қанша дегенмен, кәрілік өзіне керегін алады екен. Қазір атамыз бұрынғыдай емес, күш -қуаты кеміп, денсаулығы нашарлап қалған. Оған жылдар бойғы жүйкесінің шаршауы қосылатын шығар, әйтеуір қит еткенге ашуланып шыға келеді. Кейде өзінен-өзі ұрсуға себеп іздейді. Кішкентай ілік тапса, соған қара аспанды төндіріп, бар білгенін айтып ұрсады. «Қайта сендер барда онша сөйлемейді, сендер жоқ кезде аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын болған» дейді енем.

Қызым атасының ондай мінезін қайдан білсін. Бір жағынан ол да жасөспірімдік өтпелі кезеңде. Атасының сөздерін көтере алмай қалған ғой.

Жаймен қызымды сабырға шақырып, жұбаттым. Сосын «Атаң басқа нәрсеге ашуланып, өз-өзін ұстай алмай қалған шығар. Үлкен кісі ғой, сөздерін көңіліңе алма. Бірдеңеге ашулансақ, біз де ұрсамыз ғой кейде сөйтіп. Болды, жылама. Су ішіп, беті-қолыңды жу. Сосын үйге ештеңе болмағандай күліп кір. Ата-апаңмен ештеңе болмағандай сөйлес. Бүгін кеш болып кетті, ертең қайтасың. Кетерде «Ата-апа, мен қайтайын деп жатырмын, сау болыңыздар, жазғы демалыста сіздерге көмектесуге тағы келемін» деп айтып кет» деп түсіндірдім.

Ата-ананы, туыстарды таңдай алмайсың. Сондықтан оларды қандай болса, солай жақсы көруге тура келеді. Бұл олардың дегенімен жүр, мүлде қарсы шықпа дегенді білдірмейді. Жай ғана, кейбір нәрселеріне көз жұмуға болады. Айтқанын айнытпай жасамасаң да, мұны айқаймен білдірудің қажеті жоқ. Оныкі дұрыс емес деп ойлаған жерде жаймен түсіндіруге тырысып көр. Екеуара ортақ жолды табу тіпті қиынға түссе, ең ақырғы шешім – мұндай туыстармен қарым-қатынасты барынша азайтуға болады. Осылайша кем дегенде бір-біріңе ренжудің, көңіл қалудың, бет жыртысып ұрсудың алдын ала аласыз.

Осыны қызыма түсіндіргім келіп, ауылдан қайтқасын екеуміз бірнеше рет ұзағынан отырып сөйлестік.

Небір қиын-қыстау заманды көрген ата-әжелеріміз бен ХХІ ғасырда дүниеге келген ұл-қыздарымыздың ой-өрісі, түсінігі, дүниетанымы, пікіріндегі айырмашылықтардың жер мен көкте болатыны түсінікті.

Олардың арасын жалғайтын орта буын біздің міндетіміз сол – арада алтын көпір болу. Ұрпақ сабақтастығы дегеніміз жай ғана дүниеге бала әкелумен жалғау емес. Нағыз ұрпақ сабақтастығы – әр буынның келесі буынды түсінуі, қабылдауы, жақсы көріп, мейріммен қарауы емес пе?"