​«Қытымыр қайынатам мезі етті»: тараздық жас келін отбасылық өмірден шаршағанын айтты

0
967

«Қызымды, туған немересін ұрады...»


​«Қытымыр қайынатам мезі етті»: тараздық жас келін отбасылық өмірден шаршағанын айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


Баяғыда әпкелерім «Енем жаман, отырсам опақ, тұрсам сопақ қылады» деп айтқан сайын «Енем болмаса екен» деп тілейтінмін. Өйткені бір әпкемді енесі ұрып, әке-шешем разборкаға барып, әпкемді үйге әкеп қойып еді. Білмеймін, енеге деген фобия сол кезден қалыптасып қалған-ау. Өсе келе әлгі тілегім күшейе түсті. Мен танысқан жігіттер «болашақта папа-мамаммен бірге тұрам» деп айтса, іргемді аулақ салушы едім», - дейді Айсәуле (есімі өзгертілді) дейтін келіншек.


Ол «тілекті де дұрыстап тілеу керек екен» деп өкінетінін айтты. Себебі қазір ол көресіні енеден емес, қайын атасынан көріп жүргенін ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Мамам қайтыс болып кеткен» деген алғашқы жігітке кенеше жабысып қалғанымды жасырмаймын. Ауылдың қарапайым баласы, мінезі жуас, көп әңгіме айта бермейді. Үйінде әкесі, аға-жеңгесімен, қарындасымен бірге тұратынын айтты. Сөйтіп аға-жеңгелері әке-шешемнің алдынан өтіп, құда түсіп, бізді үйлендірді.


Біз үйлене сала қайынағам мен абысыным еншісін алып, бөлек кетті. Рауанның үйленгенін күтіп жүрген екен. Біз қара шаңыраққа ие боп қалдық. Атамыз зейнет жасына жетпесе де жұмыссыз екен. Күн ұзаққа үйде. Сосын менің жұмысқа шығуыма рұқсат беріп қойды. Декреттік демалысқа шыққанша үйге азанда кетіп, кешке күйеуіммен бірге келетінмін. Сол себепті атамның онша-мұнша мінезі білінбеді. Таңертең ерте тұрып, азанғы, түскі тамағын дайындап кететінмін. Кешке келе сала кешкі астың қамына кірісем, одан қалса үйді жинау, кешке дейін үйілген ыдыс-аяқты жуып, түннің жарымында жататынмын.


Енесі жоқ үйге келін боп түскеніме бастапқыда өзім де қуандым. Құлағым тыныш, әр тірлігімді қадағалап, «мынауың не» дейтін адам жоқ, рахат өмір болды. Құрбыларым да, әпкелерім де «Бағың бар екен» деп қызыға қарайтын. Бірақ кейін, декреттік демалысқа шыққанда «қызықтың» көкесі басталды.


Менің жүктілік кезеңім қызық болды, басқа жүкті әйелдер сияқты токсикоз, жеріктік деген жоқ. Тек отырған жерімде қалғып-мүлгіп ұйықтай беремін. Ұйқыға тоймайтын әдет пайда болды. «Осыдан декретке шықсам ұйқымды қандырмасам ба» деп армандап, әрең сол күнге жеттім. Алғашқы бір аптада атам үндемеді. Азанда тұрып, күйеуімді жұмысқа шығарып салам да, қайтадан кіріп, екі сағат ұйықтап жүрдім.

Екінші аптада атамды танымай қалдым. Таңғы ұйқының екінші сериясына кірісіп, жатып қалғам. Бір кезде ұйықтап жатқан жерімнен атам көрпемді ашып жіберді. Абырой болғанда киіммен жатқам, шошып ояндым. «Ата, тыныштық па?» деппін сасқанымнан. «Неғып жатырсың, тұр орныңнан!» деді. Түк түсінбей, ұйқылы-ояу күйде артынан еріп шықтым.


«Бұл үйде енең жоқ болғасын білгеніңді істей бересің бе? Мұны қалай түсінуге болады? Мына үйді бастан-аяқ тазалап шық» деп бұйырсын. «Мақұл» деп басымды шұлғып іске кірісіп кеттім. Сөйтсем атам өршеленіп кеткен, «мына жерің шала, мына жерін қалдырып кетіпсің» деп артымнан тексеріп, бұрын көрмеген тосын мінезін байқатты.


Сол күні үйге қайынағам мен абысыным қыдырып келген. Шай үстінде атам үлкен баласы мен келініне мені жамандап отыр. «Түске дейін ұйықтайды, өзім оятпасам тұрмайды. Бүгін әрең дегенде үй жинаттым» деп әңгімені соққанда шыдай алмай, көзіме жас толып, шығып кеттім. Күйеуім сыртта, телефонмен сөйлесіп отырған. Қасына барып атама деген ренішімді айтқым келіп отырғанда артымнан абысыным жетіп келді. «Айсәуле, үндеме, өзінің сондай мінезі бар. Үндемесең жеңесің, ерегіссең өршеленіп кетеді ол. Қоя бер, көңіліңе алма» деп жұбатып, үйге ертіп кірді.


Енең жамандаса мейлі, әйел болғасын қандай сөз болса да, ұрыс болса да әйел заты үшін қалыпты ғой. Ал мменің атам енелерден асып түсетін қазымыр адам боп шықты. Осы күні киген киіміме, басыма таққан орамалыма дейін сын айтып, көзімен ішіп-жеп қарайды.


Ас үйдің шаруасына араласпайтын күні жоқ. Азық-түлік әкелсек, «мынау неге көп, мұның бәрін кім жейді, үйде отырып алып, баламның тапқанын тамаққа жұмсап жатырсың» деп зіркілдейтін болды. Атама деген өкпе-ренішімді бірнеше мәрте күйеуіме айттым, «үлкен кісі ғой, қайтеміз енді» деп ары қарай қозғамай, жылы жауып қоя салады. Бір жолы шыдай алмай, «Папа, келініңізге үндемесеңізші, әлі жас қой, үйреніп кетеді бәрін» деп айтып еді, басы бәлеге қалды. «Әйелің менен артық боп қалды ма, енді осындай сөзбен алдыма келетін болсаң, үйімнен қуып шығам» деп бақырды күйеуіме.


Тәулік бойы үйде, бір сәт бау-бақшасына барып, онша-мұншаны істеп келеді. Содан кейінгі ермегі менің қызым. Үш жастағы қызым оның ата жауы болған. Бала болғасын шашып ойнайды, кейде бірдеңені байқамай төгіп қояды. «Ата» деп алдына отырып, еркелегісі келеді. Ал ондайда атамыз бажылдап ұрысып, қызымды «бар ары» деп итеріп жібереді. Соңғы кездері қол көтеретін болды. Шай құйылған кесесіне шекер салам деп, бір қасығын дастарханға төгіп алып еді, атам басынан салып қалды. Ашуын білем ғой, қызымды құшақтаған күйі сыртқа шығып кеттім. Ашуым маған көрсетсе мейлі, титтей қызда не ақысы бар? Мен оны сырттан туып келіп пе едім? Жаныма батып кетті.


Сол түні күйеуіме «Айзерені бақшаға беріп, өзім жұмысқа шығам» деп шарт қойдым. Одан әрі үйде отырып, атамның зекігеніне көну мүмкін емес еді. Сөйткенде атам «үйдің шаруасын реттеп отырмаса келінді не үшін алдық» деп айқайлапты. Ал үйде отырсам «жатыпішер, арамтамақ» деп маған қарата айқайлайды. Сөзінен де, өзінен де қатты көңілім қалды.


Құдайдан «енесі жоқ күйеу бер» деп бекер тілеген екем. «Ақылды, парасатты, мейірімді ене бер деуім керек еді. Шаршап кеттім әбден. Бөлек кетейік десек, қолда тұратын басқа келін жоқ. Абысыным да атамның осындай мінезінен құтылғанына қуанып, бөлек кеткен екен. Қытымыр қайынатаның маған деген көзқарасын, мінезін қалай өзгертуге болады?!».