"Жасы алпысқа келгенде ажырасқаны несі, алжиын деген шығар" деп күлетінін білемін"
Сурет: ru.pngtree.com
"Менің табиғатым жуас, көнбіс, "жоқ" деп айта алмайтын, барлығына ұнауға тырысатын адам едім. "Сүтпен сіңген мінез сүйекпен кетеді" деген рас шығар, себебі екі-үш психологтың курсын оқысам да, болмысымды өзгерте алмадым. Бірақ соңғы қатысқан курсым маған өз-өзіме сұрақтар қойып, өмірімді қайта саралап көруге мүмкіндік берді"
Осылай деген апайымыз өзін Аймекен деп таныстырды. Қызылорда облысының тумасы екен. ERNUR.KZ оқырмандарына өзінің өзгеріс жолын және өмірден түйгенін бөліскісі келетінін айтты.
"Сараптап қарасам, болмысымның қалыптасуына бала кездегі отбасылық жағдайлар қатты әсер еткен екен. Әкемнің мас күйінде таңға дейін бір әңгімені қайталап айтқаны, анамды ұрып-соққаны, үйдегі бітпейтін айқайлар көз алдымнан кетпейді. Мектепті бітірген соң қалаға оқуға кеткеніммен, ауылды сағынып тұратынмын. Алайда барған сайын баяғы жайттарды көріп, көңілім қайта құлазып қайтатын.
Тұрмысқа кеш, 30 жасымда шықтым. "Таңдап жүріп тазға жолықтым" демекші, күйеуім әкемнің көшірмесі болып шықты. Ол мені себепсіз қызғанып, жоқ жерден ұрыс шығарып, берекемді алатын. Жиындарға ертіп барады да, биге шақырған әр досынан қызғанып, үсті-үстіне ішеді. Үйге келген соң "Ол неге сені биге шақырды?" деп таңға дейін сөз таластыратынбыз. Ертеңіне мастығы тарқап, кешірім сұрайды, қымбат сыйлық береді. Ішпегенде жақсы адам, қолтықтасып жүргенімізді көргендер бізге қызыға қарайтын. Бірақ олардың күйеуім ішкен кезде қандай адамға айналатынын білмейтіні анық.
Алғашында одан қатты қорқатынмын. Кейде көзім көгеріп жүретін. Бірақ уақыт өте келе өзімді қорғауды үйрендім. Ол жұдырық жұмсаса, мен қолыма түскен затты лақтыратын болдым. Содан кейін ұруды қойды, бірақ көп сөйлейтін әдет тапты. Ұрыс кезінде айтылған сөздер жүректі жаралайды.
Осылай ырың-жырың боп жүріп бірге тағы бір отыз жылды артқа тастаппыз. Отыз жыл бір шаңырақ астында өмір сүріп, менде тек кек пен жек көру сезімі қалыпты. Ол ұрғанын қойса да, сөзімен "миымды жеп" қоятынды шығарды. Ашығын айтсам, мен шаршадым. Ары қарай шыдай алмайтынымды түсіндім. Қанша өмірім қалса да, оны өзім үшін тыныштықта, ұрыс-керіссіз өткізгім келеді. Естігендер "Жасы алпысқа келгенде ажырасқаны несі, алжиын деген шығар" деп күлетінін білемін. Сондықтан қазан айында ешкіммен ақылдаспай, ажырасуға шешім қабылдадым. Арыз жазып, Алматыдағы қызымның пәтеріне көшіп келдім.
Қызым әлі тұрмысқа шықпаған, ал екі балам өз отбасыларын құрған. Олар менің шешімімді түсінеді деп ойлаймын. Бұл жолы дұрыс па, бұрыс па деп ешкімнен сұрамадым. Өйткені бұл - көбі өтіп, азы қалған менің өмірім. Тым болмаса бір рет өз өмірім үшін өзім қалағандай шешім қабылдайын дедім. Осы менің алпыс жылдық өмірімде бірінші рет өз бетімше әрі өзім үшін қабылдаған шешімім екен.
Асықпай, қорықпай, ешкімге ақталмай өмір сүріп жатқаныма жарты жылдай уақыт өтті. Бақыт деген миыңның, жаныңның, ұйқыңның, үйіңнің тыныштығында екен. Осы күндері мен өзімді шынайы өмір сүріп жатқандай сезінемін."