​«Құдағиым маған жала жапты»: түркістандық кейуана қартайғанда көшеде қаңғып қалғанын айтты

0
2 261

«Төрт жасынан бауырыма басып едім...»


​«Құдағиым маған жала жапты»: түркістандық кейуана қартайғанда көшеде қаңғып қалғанын айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Өзің тумай ұл болмас, сатып алмай құл болмас» дегеннің мәнісін қартайып, бойымнан әл тайғанда бір-ақ түсіндім. Күйеуімнің үш баласын бауырыма салып, жанымнан артық жақсы көріп едім, бірақ олар мені бәрібір өз аналарындай қабылдамаған екен», - дейді Бибісара есімді кейуана.


ERNUR.KZ тілшісі Бибісара анамен кездейсоқ, көшеде танысып қалған екен. Ол кісі тілшімізге басынан өткен тағдырды баяндап беріпті.


«Тағдырдың жазуымен отыздан асқан шағымда тұрмыс құрдым. Әйелі қайтыс болған, үш баласы бар, өзімнен алты жас үлкен азамат екен. Балаларының үлкені тоғызда, кішісі төрт жаста болатын. Күйеуім ақылды, малтабар, өте жақсы кісі боп шықты. Он екі жыл тату тәтті өмір сүрдік. Бір ғана өкінішім, ортақ перзентіміз болмады, бала көтермедім. Сол себепті әлгі үш балаға бар мейірімімді төктім.


Балалар енді жетіліп, қатарға қосылып келе жатқанда күйеуім қан қысымынан қаза тапты. Бұл бізге оңай тимеді, қайғыдан қара жамылып, есеңгіреп қалдық. Үлкен екі баламыз студент, кішісі мектепте оқитын. Бұрын, күйеуім бар кезде ештеңеден таршылық көрмей, жұмыс істеуді ойламаған да екем. Ол кеткесін күн көріп, жан бағудың амалын қарастырдым. Аналарынан бір, әкелерінен екі айырылып отырған балаларды жетілдіруім керек деп алдыма мақсат қойдым.


Бірақ оқымаған, қырықтан асқанша бір жерде жұмыс істеп көрмеген адамды кім қызметке ала қояды дейсің, базарға барып әркімнің сатушысы болдым. Бастапқыда қиын болды, кейін сауданың көзін әбден игеріп алдым. Табысым да молайды. Балалар «өгей» деп айтпасын, «әке-шешеміз тірі болғанда ғой» деп арманда болмасын деп жаздың аптап ыстығы, қыстың қытымыр суығында жұмыс істеп, үш баланы жетілдірдім. Қыз күйеуге кетті, екі ұл үйленді. Үлкеніне үй әперіп, бөлек отан еттім. Ағайын-туыстың той-томалағынан да қалған жоқпын. Өзім көпшіл адамын, қонақ күткенді, қонаққа барғанды жақсы көрем, есігімізден кісі үзілмейтін, күйеуімнің туыстары келіп, аунап-қунап жатып кете беретін.


Үш жыл бұрын кіші ұлды үйлендіргем. Келін екі жыл көтермей, былтыр босанды. Немеремді өз бауырыма алдым. Емізіп бергені болмаса, бесікке өзім бөлеймін, жөргектерін өзім жуам, түнде тербетіп, қараймын. «Осы күнді зарыға күттік қой» деп шүкірімді айтып жүргем. Бес айдан соң келінім екіншісіне жүкті екенін айтты. Оған да қуандым. «Құдай берсе туа бер» деп батамды бердім. Мен байғұстың бар арманым осы балалардың қызығын көріп отыру ғана еді ғой...


Үш ай бұрын келін екіншісін босанған. Қырқынан шыққалы бала шырқырап жылай беретінді шығарды. Ұйықтамайды. Дәрігерге көрсетсе, «баланың денсаулығы жақсы» депті. Тура сол уақыттарды келіннің шешесі үйге қыдырып келген. Бір күн қонып, ертеңіне менен рұқсат сұрап келін мен немерені өзімен бірге алып кетті. «Бірер күн біздің үйде болсын, өзім қарасамын» дегесін қосып жібергем.


Сонымен, келін төркініне барса бала тыныш ұйықтапты. Cонда бір ай жатып алды. Балам барып әкелейін десе "қайтпаймын" деп тұрып алыпты. "Не болғанын білмеймін, балаға сол жақ ыңғайлы" деп қайтпай жатыр деп келген. Бір күні балам барып, келін мен немерелерімді үйге алып келді. Немерелерімді сағынып, алдынан арсалаңдап шығып едім, келінім сәлемін салмастан жанымнан өте шықты. Соңынан үйге кіріп едім, «Апа, сіз енді бұл үйде қала алмайсыз» деп келінім төбемнен жай түсірді. «Мына үйге дуа жасапсыз, мамам тәуіпке барса солай деп айтыпты. Бала тумаған әйел істеген» депті. Содан келгенше баламның басын айналдырып қойыпты. «Мен сізден бұндайды күтпеген едім» деп безірейіп отыр.


Үлкен ұл мен қыз араша түсер деп ойлағанмын, бәрі келісіп алған ба, олар да үнсіз жатыр. Ең ренжігенім, талай мәрте дастарханымнан дәм татқан әулеттің үлкендері «Бұларың ұят болады» демеді. Сонда мен бойымда күш-қуатым бар кезде, қолымда ақша болғанда бұларға керек болдым да, енді өз қолдары өз ауыздарына жеткенде лақтырып тастай салатын зат сияқты көрді. Осы енді дұрыс па, айтшы, айналайын.


Үйден кеткен соң бір апта сіңлімнің үйінде жаттым. «Сағынып кеттім» деп өтірік айттым. Одан шыққан соң інімнің үйін бір апта паналадым. Енді қазір базарда бірге сауда істеген жалғызілікті әйел бар еді, соның үйіндемін. Жағдайымды түсініп, төрінен орын берді. Әлде де балаларым райынан қайтып, мені алып кетер деген үмітім бар.


Жаныма бататыны, төрт жасынан бауырыма басып, тумасам да туғанымдай жетілдірген, еш уақытта бетінен қақпаған баламның тасжүректігі. Осындайда «ұлым арам болса да, келінім адал болсын» деп тілейтін қариялар еске түседі екен. Келінім адал боп жолыққанда, құдағи арамызға іріткі салмағанда мұның бірі де болмас еді...»