"Қайынатам бәріміздің айлығымызды алып қоятын" - жас келін жаңа отбасындағы жағдайымен бөлісті

0
472

"Әке-шешем "Атаңның бұл ісі үлгі боларлық екен" деп таңырқады"


Сурет: sun9-58.userapi.com

"Келін болып ақ босағаны аттағаныма бір жылдан асты. Басқа қалаға тұрмысқа шыққандықтан, алғашқы алты-жеті ай жұмыссыз үйде отырдым. Әрине, үй шаруасы да – жұмыс. Бірақ ата-енем ұлдың да, келіннің де жұмыс істеп, ақша тапқанын құп көреді",-дейді Айша атты жас келін.


Оқырманымыз басқаларға сабақ болсын деген оймен өзі көрген, көңілге түйген оқиғасын ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.

"Үйдің тірлігі бітпейді, бір тамақ істеуге шамам келеді," - дейді енем. Ата-енем – зейнеткерлер. Енем ұзақ жылдар ұстаздық еткен, ал қайынатам әскери қызметкер болған. Екеуі де жақсы зейнетақы алады. Қайынатамның мінезі қатал, сөзін бетке тіке айтады.

Жұмысқа шығамын дегенімде, бірінші болып қайынатам қуанды.

Бір ай өткен соң кешкі ас кезінде: "Келін, жалақыңды алдың ба? Қанша?" – деп сұрады. Ойымда ештеңе жоқ, "Иә, 200 мың теңге. Алдағы айларда қосымша үйірмелер жүргізсем, табысым артады," - дедім. Сол сәтте қайынатам: "Жалақыңның 40 пайызын ай сайын маған беріп отырасың", - демесі бар ма?!

Күтпеген жерден айтылған бұл сөзден абдырап қалдым. "Неге?" деп сұрауға ғана шамам жетті. "Бұл біздің үйдің заңы. Енең де зейнетақысының 40 пайызын береді, ұлдар жалақысының 60 пайызын береді. Бүгін маған 80 мың теңге бересің", - деді қатаң дауыспен. Сол сәтте айтарға сөз таппай қалдым.

Біз қарашаңырақта тұрамыз. Күйеуім осы үйдің барлық азық-түлік шығынын өзі көтереді. Енем зейнетақысын көбіне өз киімі мен той-томалағына жұмсайды. Ал қайынатамның зейнетақысы да, қосымша табысы да бар екенін білемін. Атам күніне 4-5 сағат көлігін айдап, таксист боп қайтады.

Анама айтып едім, "Бұндай жағдайды бірінші рет естіп тұрмын. Олар мұқтаж емес қой, неге сенің жалақыңды сұрайды? Берме", - деп ашуланды.

Келесі жалақымды бермеймін деп шештім. Бірақ ай соңында қайынатам 40 пайызын тағы да алды. Ашуланып, бөлмеме кіріп жатып қалдым. Күйеуіме айтсам, ол "Әкем қызметте жүргенде көп ақша ұстап үйреніп қалған. Зейнетке шыққалы осы әдетін қоймай жүр. Ағаларым мен жеңгелерім де беріп келеді. Қайтаенен 40 пайыз ғана сұрап отыр. Көнесің", - деді. Мен көнгім келмейтінін айттым. Сол үшін арамызда ұрыс туды.

Жаңа жыл мерекесінде екі қайнағам мен абысындарым келді. Шай құйып отырғанымда қайынатам "Айша, жалақы алдың ба?" - деп тағы сұрады. Қырсығып: "Алдым, бірақ жаратып қойдым", - дедім. Атам "Маған 80 мың теңге беруің керек қой" дегенде, сөз қайтардым. Ол үндемей қалды, ал күйеуім мені бөлмеге алып кетіп, ұрыса бастады.

Ертеңіне төркініме кетіп қалдым. Күйеуім кешірім сұраса да, "Атам заңын өзгертпейінше, бармаймын," - деп кесіп айттым.

Арада екі ай өткенде абысыным хабарласып: "Айша, қазір бірдеңе айтсам, таң қаласың. Атам бізге және Назираларға пәтер сатып әперді. Ешқандай ипотека, кредит емес. Нақты ақшаға. Екі бөлмелі. Бәрімізден алған ақшаны, өзінің зейнетақысын депозитке жинай беріпті. Енді сендерге алуға ақша жинаймын деп отыр. Қайт Отаныңа" деді күліп.

Абысынымның жаңалығын ата-анама айтып едім, "Атаң пысық екен. Атаңның бұл ісі үлгі боларлық екен. Біз де осы тәсілді қолдансақ қайтеді-ей..." деп таң қалды. Ал мен ол үйге қайтып барудың амалын таппай отырмын. Кешірім сұраудың өзіне ұялып отырмын."