"Ештеңе демесем де, жасы кіші болса да кешірім сұратты..."
Сурет: i.pinimg.com
"Жеңгем ағамды әбден билеп-төстеп алған. Әке-шешемнің бойынан қуаты кетсе, жеңгем оларды қарттар үйіне өткізіп жіберетін сияқты"
ERNUR.KZ порталының Айжан атты оқырманы көкейіндегі күдікті жасырмай жайып салды. оған себеп болған жағдайда да бүкпесіз айтып берді.
"Ажырасқанмын. Бір ұлым бар. қазір төркінімді паналап отырмын, басқа барар жерім жоқ. Қазіргі мәселем - үйдегі берекесіздіктен шаршадым.
Екі ағам бар, екеуі де үйленген. Бірақ мен ажырасып келгенде екінші ағам бойдақ болатын. Ал үлкен ағамның ол кезде үш баласы бар болатын. Олар мені қолдады, «ажырасып келдің» деп бетіме басқан емес, көңіліме қарайтын.
Үш жыл бұрын екінші ағам үйленді. Ұнатып жүрген қызын алып қашты. Барлығымыз қуандық келін келді деп. Екінші жеңгем өзі көніп, келісіммен келген болатын үйімізге. Біздің үйде барлық жағдай жасалған, ештеңеден таршылық көрмейтін, жақсы жерге келді жеңгем.
Бірақ көп ұзамай қыңыр қылықтарын көрсете бастады. «Мен көпшілікті жақтырмаймын, үйде адам көп болса мазам қашады" дей береді. Үлкен ағамның бала-шағасы шулайды соны жақтырмайтын. Бірде күйеуі (ағам) "Енді не істейік? Сен жақтырмайды деп бәріміз үйден кетейік пе қаңғып?" дегені сол еді, жылап бөлмесіне кіріп кетті. "Кетем де кетем" деп, шықпай қойды.
Сосын ақыры сол сылтаумен үйден кетті төркініне. Одан анам, үлкен аға-жеңгем артынан барып, кешірім сұрап, жалынып жүріп қайтадан алып келді. Оның барлық шарттарын орындаумен болдық.
Ақырында үлкен ағам бөлек шығып кетті. Енді тынышталатын шығар дедік. Бірақ олай емес екен. Бала-шаға шулайды дегені жәй сылтау сияқты. Содан қайтадан ескі әдетіне басты, ештеңе ұнамайтын өзіне. Ағам жұмысқа кетеді, өзі сәске түске дейін сағат 11-12 ге дейін ұйықтайды. Ол ұйқысынан тұрғанша анам екеуміз бәрін істеп қоямыз.
Бірт күні тағы да солай бөлмесінен шықпай қалды. Анам барып «не болды?» деп сұраса менен көреді "Айжан мені жақтырмай жүр" деп. Бірақ мен аузымды ашпадым оған. Сонда да үйдегілер "кешірім сұрай салшы" деп, кешірім сұратқызды. Ол менен төрт жас кіші болса да, "жеңгем ғой, жолы үлкен" деп кешірім сұрадым. Сонда да ешкім жақпады оған.
Сөйтіп жүріп өзі бөлек кетті. Одан күн көре алмай жатырмыз деп қайтадан келді. Тағы да сылтау тауып мені жаманатты қылды, одан кейін үлкен жеңгем жаман болды. Сосын қайынәпкесімен (әкемнің қарындасы) ұрысты. Кейде ойлап қоямыз есіне кім түседі сонымен ұрса сала ма деп. Үйдің берекесі қашты, былайша айтқанда. Қазір екі баласы бар, бірақ осы уақытқа дейін екеуміз сөйлеспейміз. Ағамды билеп-төстеп алған, ағам жалтақ-жалтақ етеді. Оның ортасында қанша жанжал болды. Кезінде маған айтқан еді «Керек десең туған бауыр екендеріңе қарамаймын, бір-біріңе қарсы айдап саламын» деп. Сол мақсатына жетті. Ағайынның арасын бұзып, ағаммен де ұрыстырып тынды. Ата-анам «үндеме, бетпаққа сөз жетпейді» деп тынышталдырып қояды. Бірақ ертең әке-шешемнің күш қуаты кетсе, қарттар үйіне өткізіп тастауға дейін баратын сияқты, Алла сақтасын."


