"Қазір өзім де түсінбеймін неге сөйткенімді"
Сурет: chatgpt.com ЖИ жасалды
Алматылық келін Айманның келіндік өмірі "шыжыққа" емес, қызыққа толы екен. ERNUR.KZ порталының редакциясына жолдаған хатын оқып отырып, "Өмірдің өзі- анекдот" деген сөз еске түседі. Еріксіз күлдіретін оқиғаларына сіз де көз салыңыз.
"Жаңадан келін боп түскенде қамыр илей білмейтінмін. Не нан, бауырсақ ашыта алмаймын, не еттің, кеспенің қамырын қатырмаймын. Бірақ бір қызық әдетім болған. Сәтсіз боп қалған, есепсіз көп қылып илеп қойған қамырларымды ешкім көріп қоймасын деп тығып қоятынмын. Тыққанда да анау-мынау жерге емес, өзімнің киімдерім салынған шкафқа апаратынмын. Кейін ешкім жоқта далаға шығарып, қоқысқа тастаймын деген ой болады. Қазір өзім де түсінбеймін неге сөйткенімді. Шамасы, өзімнің артымнан келгендіктен мен үшін ең сенімді жер сол болған шығар.
Қыз күнімде бауырсақ пісіріп көрмегенмін ғой. Бірде пісіре қояйын деп керсенге толтырып ашыттым. Бұрын мамам бауырсақ жасағанда керсен толы болатынын көргенмін. Сөйтсем, ол деген көтеріліп, көбейіп кетеді екен ғой. Біраздан кейін керсеннен тасып, төгіліп, мен оны тағы басқа ыдысқа бөліп, әлек болдым.
Жер-дүниенің бәрі қамыр. Жайып, кесіп, майға салып аламын. Пісіріп жатырмын, пісіріп жатырмын... Бітпейді. Аяқ жағында шаршап, жалығып кеттім де, қалғанын табаққа салып, бөлмемдегі шифонерге апарып тыға салғам.
Үйдегілердің кешкі тамағын, бауырсақпен шайын беріп, жинап-жуып әбден болғасын бір-ақ келдім бөлмеме. Шкафты ашып қалсам, бағанағы қамыр тағы көтеріліп, тасыған. Енді тек ас бөлме емес, мұнда да бәрі қамырмен бүлінген. Жолдасым көріп қалып әбден күлді. Кейін «Мұның не, қамырды осында қоя ма екен?! Бәрін пісіре салмайсың ба енді, обал ғой» деп ұрысты. Сол қамырдан киімдерімді әрең тазалап алғам.
Тағы бірде артылған қамырды тоңазытқышқа сала салып, оны ұмытып кеткен болуым керек, сырты қарауытып кетіпті. Енем көрмей-ақ қойсын деп бөлмеме апарып бір киіммен орай салыппын. Содан ұмытып кеткем ғой.
Бір күні төркінге баратын болып, азғантай киімдерімді сумкаға салып алғам. Барған соң киім ауыстырайын деп сумкамды ашып, киімдерімді шығарып жатсам, жаңағы қамырым тарс етіп бір сіңілімнің алдына түседі ғой. Қап-қара боп кеткен жұп-жұмыр, былқылдаған бірдеңе. Ол шошып айқайлап жіберді. Әке-шешем жүректері ұшып, «астапыралла, бисмиллә» деп есіне түскен сөздерін айтып жатыр. Мен де ұмытып қалғам не екенін, ана жерде у-шу болдық.
Бір кезде есіме түсіп ал күлейін. Үйдегілер қарап тұр. Ешқайсы қамырды алып қарауға қолдары бармайды. Бір күліп, бір сөйлеп отырып әрең түсіндірдім не екенін. «Ойпырмай, жаман ой бірінші келеді ғой. Біреу бірдеңе оқытып, киімдерінің ішіне салып қойған екен деп шошыдым» дейді мамам. Бірде ұрсып, бірде күліп әрең басылғанбыз.
Сөйтіп талай нәрсені бүлдіріп жүріп, енемнің сабырмен үйретуінің арқасында он саусағынан бал тамған асүй ханшайымына айналдық қой."


