"Оны маған дәл сол мезетте айтқан жоқ ешкім. Кейін ұлым бір жасқа толып, өз-өзіме келген соң күйеуім айтты"
Әрбір босағаның беріктігі, шаңырақтың шаттыққа толуы балалардың бақытты дауыстарында емес пе?! Алайда арамызда балалы болғысы келсе де, мүмкіндігі шектейтін отбасылар жоқ емес. Олар жанұялық бақытын балаға ғана тіремей, өз жүректерінен тапқаны жөн. Өйткені, Алла баланы біреуге беріп сынайды, біреуге бермей сынайды.
ERNUR.KZ порталының оқырманы жолдаған хат осы түйіннің тамаша мысалы болады.
"Көп балалы отбасында өсіп, тәлім-тәрбие алдым. Сондықтан, көпшілік ортаны жақсы көремін. Ал күйеуім керісінше, екі бала ғана болған отбасында. Сондықтан, көп у-шуды жақтыра бермейді. Шулы жерлерге, адам көп жиналатын орындарға, тіпті той-томалаққа да баруға қызықпайды. Екеуміз екі түрлі әлемнің адамдары секілдіміз. Соған қарамастан, отбасын құрып, бір-бірімізді толықтырып отырған жандармыз.
Негізі күйеуім – оқыған, көзі ашық, білімді азамат. Мен оның басқа жігіттерден осы ерекшелігі арқылы жаныма жақын тұттым. Өзім де мектепте жақсы оқыдым. Ұстаздар отбасында дүниеге келген соң, біздің нашар оқуға хақымыз жоқ секілді көрінетін. Отбасында жеті бала болсақ, сол жетеуміз де жақсы бағалармен бітірдік мектепті. Мұғалімдердің баласы болғандықтан емес, жалпы өзіміздің де оқу-білімге деген құштарлығымыз зор болды.
Жолдасым екеуміз алғаш рет университеттің дебат клубында танысқан болатынбыз. Көзілдірік киген жігіттерді онша ұната бермейтінмін, неге екенін. Бірақ, осы жігіт менің көзіме оттай басылды. Өте сымбатты, денесі шымыр, ақыл-ойы одан да биік ер азаматты сол жолы ғана көргендей болып, сол сәттен бастап бейнесі көз алдымнан кетпеді.
Одан кейін университетте сол жігітті көріп қалсам, екі бетім дуылдап қызарып, біртүрлі күй кешетінмін. Мүмкін бұл ғашық болудың алғашқы сатылары шығар. Күйеуімде дәл сол кезде қандай сезім болғанын білмеймін, бірақ менің оны көргенде қызарақтап қалатынымды дереу түсіне қойды. Сөйтіп, алғашқы батыл қадамды өзі жасады.
Екеуміз солай таныстық. Таныстығымыз достыққа, достығымыз махаббатқа ұласты. Үшінші курстан бастап қыз бен жігіт ретінде араласа бастадық.
Қысқы сессияны аяқтап, ауылға қайтуға жиналып жатқанымда сүйіктім менімен кездесуге келді. Жаңа жылды бірге қарсы алдық. Сосын жұмыс басталғанша осында, сенің қасыңда боламын деп келген ол қайтар уақытта «үйленеміз» деп шешті. Мен де келістім. Солай алып қашты. Келісіммен болған соң, мен ештеңеден қорыққан жоқпын. Керісінше қуандым. Ата-анам менің «қашып кеткеніме» аздап ренжіді, олардың арманы құдалар алдымыздан өтіп, сырға салып алып кетсе, қызымызды үкілеп ұзатып шығарып салсақ деген армандары болған ғой. Бірақ, ең бастысы оларға да менің бақытты болғаным қажет емес пе? Өз еркіммен тұрмыс құрған соң, олар да маған ақ батасын берді. Той өтті, екі жақ бір-бірімен сыйластықта, тату өмір сүріп жатыр, Аллаға шүкір. Жолдасым аудандық әкімшілікте бас маман болып қызмет атқарады. Ешкімнен кем емеспіз. Таршылық көріп жатқан жоқпын.
Қазір мен баламен үйде отырмын. Тек қана менің басты мәселем – баламның денсаулық жағдайы. Алғашқы жүктілігім болған соң, осындай қиындықтар болуы қалыпты жағдай шығар деп барлығына төздім. Негізі жүктілігім де, босануым да ауыр процесс болды. Дәрігерлердің қатаң бақылауында болдым. Содан босанатын уақытым жақындағанда аудандық перзентхананың дәрігерлері «сізді босандыруды жауапкершілігімізге ала алмаймыз» деп облыстық перзентханаға жіберді.
Жаспын ғой, аса қатты уайымдаған жоқпын. Бұрын бала босанып көрмеген соң, тіпті оның қалай боларын да білмеймін. Солай босанатын уақытым жақындап, қалаға келдім. Облыстық перинаталдық орталыққа жаттым. Жолдасым, енем күн сайын келіп, хабар алып тұрды.
Жүктілігім ғана емес, босануым да өте ауыр өтті. Ана болу әрине оңай емес. Баламды қолыма алған сәтте мен қатты қуандым. Қуаныштан көз жасым тоқтамады.
Бірақ, қайтадан бала сүйе алмайтынымды сол сәтте сезген де жоқпын. Дегенмен, қаншалықты ауыр болғанын өзім ғана білемін.
Босану үстінде жатырыма зақым келген екен. Оны маған дәл сол мезетте айтқан жоқ ешкім. Кейін ұлым бір жасқа толып, өз-өзіме келген соң күйеуім айтты. Бұл хабарды естігенде қатты еңсем түсті. «Енді ана бола алмаймын» деген сезімді сезіну әйел адамға өте қиын. Бірақ, күйеуім мен ата-енемнің, ата-анамның қолдауының арқасында өз-өзіме келдім. Қазір сол жалғыз ұлымыздың тілеуін тілеп отырған жайымыз бар."