"Дәрменсіз күйге түскеніне әкемізді кінәлайды"

0
237

"Тағдыр ғой", "Тағдырында бар екен, амал жоқ", "Жазмыштан озмыш жоқ" деп қол қусырып отыратындарды - әрекетсіздігін ақтап алғысы келетін жалқаулар деп білемін"


Сурет: ЖИ көмегімен жасалған

"Бауырым екеуміздің жағдайымыз жер мен көктей. Арамыз екі-ақ жас, балалық шағымыздағы да тәрбие бір болды. Бірақ бүгін біздің өмірімізге қарап отырып, адамның болашағын өткен шақ та, тәрбие де емес, тек қана жеке шешімдер мен жауапкершілік айқындайтынына көз жеткізуге болады."

Осылай деген ERNUR.KZ оқырманы інісі екеуінің жағдайы неге екі түрлі екенін түсіндіруге тырысты.

"Менің отбасымды достарым "Үздіктер отбасы" деп атайды. Ұл-қыздарым ең үздік мектептер мен іргелі жоғары оқу орындарында оқиды. Одан бөлек, үйде әрқайсы өз киімдерін кір жуғыш машинаға салып жуып, кезекшілік түзілген. Ұлдарым сабақтан келген соң ең бірінші аяқ киімдерін тазалап, шұлығын сабындап жуады.

Осы сияқты тәртіптерін көргендер ғой "Баланы қалай тәрбиелеу керек? Ең бірінші нені үйрету керек?" деп сұрайды. Менің жауабым біреу: “Баланы тағдырдың жазғанына көніп, "маңдай бағын" күтіп отыруға емес, өз өміріне жауапкершілік алуға тәрбиелеу керек”.
Өз басым "Тағдыр ғой", "Тағдырында бар екен, амал жоқ", "Жазмыштан озмыш жоқ" деп қол қусырып отыратындарды - әрекетсіздігін ақтап алғысы келетін жалқаулар деп білемін. Тағдыр - бұл біздің күнделікті жасаған таңдауларымыздың жиынтығы.

Мәселен, інім екеуміз бір шаңырақтың астында, бірдей жағдайда өстік. Арамыз екі-ақ жас, балалық шағымыздағы да тәрбие бір болды. Бірақ бүгін біздің өмірімізге қарап отырып, адамның болашағын өткен шақ та, тәрбие де емес, тек қана жеке шешімдер мен жауапкершілік айқындайтынына көз жеткізуге болады. Екі түрлі тұрмыс, екі түрлі сана. Дұрысы, екі түрлі таңдау.

Иә, бауырым екеуміздің бүгінгі жағдайымыз жер мен көктей. Ол қазір кәмелетке толған екі баласымен бір бөлмелі пәтерде тұрады. Ол үй де өзінікі емес, әйелінің қыз күнінде ата-анасы алып берген баспанасы. Талай рет "Екі-үш бөлмелі пәтер алуға әрекет жаса. Қайынжұртыңнан ұят емес пе?" деп айтқанмын. Отбасы банкінің "30/70", "50/50" бағдарламаларын тәптіштеп түсіндіріп те бергем. Алайда інім "Ол үшін тұрақты жалақы керек", "Мынау үйді сатсақ, алты ай банктің шешімін күту керек" деп қиындатады, сылтау айтады. Жұмыс істегісі келмейді, үнемі “қолайлы сәт” күтіп немесе “заманның қиындығын” айтып, диванда жатқанды қалайды. Оның түсінігінше, оның осындай дәрменсіз күйге түсуіне балалық шақ, әкеміз кінәлі.

”Әкеміз бізге қолдау көрсетпеді, бізді тек жасытып өсірді. Менің жігерімді жасытқан солар, енді менен не сұрайсыңдар?” дейді ол әр сәтсіздігін ақтап. Өткен шаққа өкпелеп, әке-шешеңді кінәлап отыра бергеннен ешнәрсе өзгермейді, жауапкершілікті қолыңа ал. Өткен шақ - өкпелейтін емес, үйренетін мектеп" деп, әр кездескенде айтам.
Ал менің жағдайым басқаша. Үлкен зәулім үйім бар. Одан бөлек төрт пәтерімді жалға беріп қойдым. Төрт перзентім мен сияқты бірнеше жылын пәтер алуға шығындамасын деп, отбасы құрғанда сыйлайтын баспаналарын денсаулығым бар кезде сатып алып қойғанмын.

Бұл байлық маған аспаннан түскен жоқ. Мен бала кезімдегі жетіспеушілік пен қорқынышты көре отырып: «Менің балаларым мұндай таршылықты көрмеуі керек, мен оларға лайықты өмір сыйлауым қажет» деген шешім қабылдадым. Мен үшін өткеннің қиындығы тоқтау емес, керісінше, алға итермелейтін қуатты қозғалтқыш болды.

Материалдық жағдайдан бөлек, біздің отбасылық құндылықтарымыз да қақ жарылған. Бауырым өзінің сәтсіздігінен туған ызасын балаларынан алады. Ол: «Мені кішкентайымда ұрды, сондықтан мен де балаларымды ұрамын, басқаша тәрбиелеу мүмкін емес» дегенде қынжылам.
Мені де әкем ұрған. Әкенің ұрып-соғуының қаншалықты ауыр екенін білемін. Сол себепті, мен балаларыма ешқашан қол көтермеймін, олар мейірім көріп өсуі тиіс.
Өкініштісі, інімнің балалары “кінәлілерді іздеу” цикліне түсіп жатыр. Әкесінің қолынан келмеген нәрсені өткен шаққа жаба салуы - оларға берілген ең қауіпті мұра. Олар да ертең: “Әкеміз жалқау болды, үйіміз тар болды, бізді ұрып өсірді, сондықтан біз де сондаймыз” деп ақталуы әбден мүмкін.
Ал менің балаларым жауапкершіліктің не екенін көріп өсуде. Олар әкесінің қажырлы еңбегін, үйдің жайлылығын және ең бастысы - отбасындағы сыйластықты көріп отыр. Олардың санасында «өткен шақ - кедергі емес, баспалдақ» деген түсінік қалыптасуда. Олар өз тағдырларын өздері жазуға дайын еркін тұлға болып ержетуде.

Көпшілік бауырымның жалқаулығын “байғұс, қиындық көп көрген ғой” деп аяп, оның жауапкершіліктен қашуына жағдай жасап береді. Бірақ ақиқат мынада: қоғам бізді сыртымыздан ғана бағалайды, ал ішкі таңдауымызды ешкім көре алмайды.

Көзқарасы теріс адам, ата-анасы ұрыспаса да, өткенінде ешқандай ауырлық болмаса да, өз сәтсіздіктері үшін өзге бір сылтау тауып алады. Ол үшін кінәлі - я Құдай, я үкімет, я көршісі.
Жалдамалы пәтерде диванда жатып өткенді қарғау немесе қиындыққа қарамастан алға ұмтылып, үлкен жетістікке жету - бұл тек таңдау мәселесі.


Ата-анам дұрыс тәрбие бермеді деп ақталатын достарым да бар. Тәрбие тек іргетас қалауы мүмкін, бірақ сол іргетастың үстіне екіқабатты зәулім сарай тұрғызасыз ба, әлде екі бөлмелі времянка саласыз ба - оны тек сіз шешесіз, сіз таңдайсыз. Демек, таңдау арқылы әркім өз болашағын өзгерте алады. "