Азот тотығын анықтау бойынша сот сараптама тәсілдері әзірленді

0
85

Қазақстанда аудиожазбаларды зерттеу саласында жаңа технология енгізілді.


Азот тотығын анықтау бойынша сот сараптама тәсілдері әзірленді

ERNUR.KZ. Сот-фонографиялық сараптаманы дамыту және заманауи технологияларды енгізу шеңберінде «deepfake» деп аталатын аудиожазбаларды жасау кезінде ЖИ технологияларын пайдалану белгілерін жоғары дәрежеде сенімділікпен анықтау мүмкіндігін көздейтін жаңа әдістеме іске асырылды. Ол сот-фонографиялық зерттеулердің мүмкіндіктерін едәуір кеңейтіп, сараптамалық бағалау сапасын және қылмыстық істер бойынша дәлелді маңызы бар аудио материалдардың түпнұсқалығын анықтаудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Бұл жайында ҚР ӘМ Сот сараптамалары орталығының директоры Бақытжан Байтілесов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлады.

Осы зерттеулерді енгізу және практикалық қолдану нәтижелері ТМД мемлекеттерінің сараптамалық қоғамдастығы тарапынан айтарлықтай қызығушылық тудырды.

«Сондай-ақ есірткінің таралу деңгейін анықтау мақсатында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының бастамасы бойынша ағынды суларға зерттеу жүргізілді. Ойын-сауық орындары мен білім беру мекемелерін қоса алғанда, 18 нысаннан сынамалар алынды. Зерттеу нәтижесінде кейбір үлгілерден психоактивті және психотроптық заттар, сондай-ақ «дизайнерлік есірткілер» анықталды. Жүргізілген зерттеулер қолданылған әдістеменің тиімділігін және оның есірткі ахуалын бақылаудағы маңыздылығын көрсетті»,-деді Сот сараптамалары орталығының директоры.

2026 жылдың ақпан айында ағынды суларға химиялық-токсикологиялық сараптама жүргізу әдістемесі ресми түрде мемлекеттік тізілімге енгізілді.

Тағы бір қауіпті мәселелердің бірі «күлкі газы» деп аталатын азот тотығын пайдалану. Оның заңсыз айналымына байланысты қылмыстық істерді тергеп-тексеру барысында сотқа дейінгі тергеу органдары қылмыстық құқық бұзушылық құрамын растау үшін қажетті сараптамалық қорытынды алуда қиындықтарға тап болды. Осыған байланысты қазіргі уақытта азот тотығын анықтау бойынша негізгі тәсілдер дайындалды. Мақсат – заттың құрамын нақты анықтау және зерттеу нәтижесінің дәлдігін қамтамасыз ету. Қазір әдістеме жобасы аяқталып, аумақтық бөлімшелерді қажетті жабдықтар жиынтығымен жарақтандыру мәселесі шешілуде. Сонымен қатар, сарапшыларды даярлау және қолданыстағы тізбеге мамандықтың жаңа түрлерін енгізу мәселесі пысықталуда.