Ене болу – бұйрық беру емес, бағыт беру...
Сурет: i.pinimg.com
"Бойжеткелі әжеммен әңгімелескен ұнайды. Оның әр әңгімесі тұнып тұрған тәрбие ғой" деген жас оқырман әжесімен болған әр әңгімесін ерінбестен қағазға түсіріп жүріпті.
Бойжеткен бұл жазбаны ERNUR.KZ порталына жариялауды ұсынды.
"Мектептен келгенімді көрген әжем шай демдеді. Шай үстінде жастық шағын еске алды.
"Келін болып түскен алғашқы күндерім әлі есімде. Ауылға жаңадан келген жас келіннің жүрегіндегі толқу мен үміт, әрі қорқыныш аралас сезімдер мені де айналып өтпеді. “Енеге жақпай қалсам ше?”, “Бәрін дұрыс істеп жүрмін бе?” деген ойлар мазамды алды. Айналамдағылардың: “Енеңмен ерегіспе!”, “Қатты сөйлесе, үндеме. Үндемеген үйдей бәледен құтылады”, “Ол – бастық, сен – бағынышты. Осыны ұмытпа” деген ескертпелері жүректі одан сайын шайлықтыратын. Небәрі 19 жаста бекер тұрмысқа шықтым-ау деп жүретінмін.
Бірақ енем маған бұйрық беріп, әмірін жүргізуге тырысқан жоқ. Керісінше, қасымда отырып, әр істі сабырмен түсінікті етіп үйретті. Бірдеңе түсіндірсе “Бастысы – үйдің берекесі болсын, қызым” деп әңгімесін аяқтайтын. Оның осы сөздері қобалжуымды сейілтетін.
Бірде үйдегілер бір жілік жылқының етіне тапсырыс берді. Сол күні үйдегілер тойға кетіп, жілік еті кешкісін үйге жеткізілді. Мен оны ұмытып кетіппін. Ертеңіне есіме түсіп, енеме айттым. Асханада тұрған 20 келі ет иістеніп, бұзылып қалыпты. “Енді не болады?” деп қорқып тұрғанымда, енем: “Әр нәрсе тәжірибемен келеді, қызым. Жылқының еті тез бұзылады, оны дереу тұздау керек немесе мұздатқышқа салып қоюың керек еді. Қателік – үйренудің бір жолы”, - деді. Басқа сөз айтпады. Сол кездегі ұялғаным-ай...
Тағы бірде атамның ағасының келіні, яғни ағайынды абысынымның мен туралы айтқан өсегін естіп, көңілім түсті. Үйіне барып беттесіп сөйлесем деп түтігіп тұрмын. Енем "Қазіргі заманда өз жақындарың сен жайлы жақсы нәрсе естісе, жасыруға тырысады. Жаман нәрсе естісе, таратуға тырысады. Ал ешнәрсе естімесе, ойдан құрастырады. Сондықтан өзің туралы өзгенің әр сөзіне ашулана берме, дәлелдеме, мән берме. Бақытты өмір сүре бер. Абысындарды ашумен жеңе алмайсың. Бақытты болуға ұмтыл, бақыттан күліп, жадырап жүрші, сонда ғана жеңесің" деген-тұғын.
Әулетіміз үлкен, абысыным көп. Той-жиынға барып келген сайын өзім туралы сыпсың сөздер өзгелер арқылы жетеді. Сондай сәтте де енем "Құдыққа тас тастаған адам ол түбіне жетіп даусы естілгенше қарап тұрады. Сол секілді сені сөккен адамның көбісі жауабыңды күтеді. Ұстамдылықпен көркем мінез таныт. Өткізіп жібер. Құдық түпсіз екен деп ойласын" деп сабырға шақыратын еді.
Енемнің ақылын тыңдадым. Енем ашуға берілмей, сабырмен мәселені шешуге үйретті. Ұрыспен емес, үлгімен тәрбиеледі. Бастық болмай, бағыт берді. Қолымнан келмей, шаршап отырған сәттерде: “Бәрі бірден бола салмайды, қызым” деп арқамнан қағып, өз тәжірибесімен бөлісетін. Өзінің немесе өзгенің өмірінен мысал келтіретін. Осылай түсіндіру есте қашалып, сақталып қалады екен. Кейін өзім де келін түсірдім. Келініммен ұрсып емес, ұғысып сөйлестім. Өйткені ене болу – бұйрық беру емес, бағыт беру екенін маған енем үйреткен. Ал бағыт – құрметтен басталады” деді әжем.
Іштей “Маған әжем сияқты дана ене жолықсыншы” деп тіледім."


