"Анамнан қолдау көрмегендіктен, өмірде жолым болмады"

0
267


Баланы қолдау және қорғау деген не? Әйелдің көбі бұл мемлекеттің, қоғамның, әкесінің қамқорлық жасап, құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуі деп санайды. Дұрыс-ақ, бірақ баланы ең бірінші анасы қорғау керек, қолдау қажет. Ал мен өгей әкемнің арам әрекеттерін айтқанымда анам сенбеді. Қорғауға тырыспады" деп қамығып жүр Назым.

Жас келіншектің мұң-сырын ERNUR.KZ порталының тілшісі тыңдап қайтқан болатын.


"Тіпті балалық шағымда да анам қасымда болмады. Анасынан қолдау көрмеген адамның жолы болмайды екен. Сонда да анамды жақсы көрем, сағынам. Бірақ оның салқындығы жанымды ауыртады. Ешкімге көрсетпей жылап алам. Бүгін де көктемнің жылы жаңбырымен қосылып жылап алдым.

Жұмыстан жаяулатып қайтып барам. Жылап келем. Тұрмысқа ерте шыққан бір құрбым "жаңбыр жауған күні далада жүріп жылап-жылап алам" деуші еді. Расында жаңбыр жауып тұрғанда жыласаң, жеңілдеп қалады екенсің әрі көз жасың жаңбырмен аңғарылмайды.

Құлағымда Қуандық Рахымның «Мен емес» әні. Әуен мен жаңбыр көңілімді толқытты. Неге мен? Неге маған әке мейірімі бұйырмады? Неге мен сүйікті жар бола алмадым? Неге мен әр таңда жалғыз оянып, өмірмен жалғыз күресуім керек? Санамдағы сан сұрақ көзімнен жас боп тамып жатыр...

Өмірге келгеннен-ақ мен бұл пәниден өгейлік көрген адаммын. Анам студент кезінде алданып қалып, аборт жасамақ боп талай оқталған екен. Жоқшылықта, анамның "Сен болмағанда мен тұрмысқа шығар едім" деген сөзін естіп өстім. Анамның бақытына кедергі болмайын деп, интернатта оқыдым. Кейін өз біліміммен жоғары оқуға түсіп, жатақханаға орналастым. Бірақ қолыма диплом тиген соң бәрібір анаммен бірге тұруға тура келді.

Ол уақытта екінші рет тұрмысқа шыққан. Алайда өгей әкем маған әке болудың орнына арам ойымен көз сүзіп қарайтын. Оңашада санымнан шымшып өтетін. Оның көзқарасынан, әрекеттерінен қорықтым. Анама айтсам, сенбеді.

Өгей әкеден құтылудың жалғыз жолы – тұрмысқа шығу деп ойладым. Асығыс шешім қабылдадым. Үш рет кездескен жігітке тұрмысқа шыға салдым. Ал ол құмар ойынның соңынан ерген жан болып шықты. Үйде береке болмады. Ақша ұстатпады, қарыз көбейді. Үш жылдың ішінде әбден қиналдым, тұрмысқа шыққаныма өкініп кеттім. Күйеуімді бала да өзгертпеді. Ажырастым.

Пәтер жалдап тұрам. Тапқаным пәтерақы мен баламның балабақшасына және азық-түлікке қана жетеді. Өз күшіммен диплом алып алғаныма шүкір етем. Ары қарай да ешкімнен ештеңе күтпей өмірімді жалғастырам. Айтуға оңай, бірақ кейде мына өмірден баз кешкім келеді.

Бірақ құшағымдағы ұлымды тастап кете алмаймын. Сол үшін өмір сүруге, қайсар болуға міндеттімін. Ол менің жүрегімнің емі, жарамның жазылуы, алға ұмтылуыма себепші жалғыз мотивациям. Мен бұл баланы ешкімге мұқтаж етпей өсіремін. Ол әйелін бақытты ететін ер азамат болады. Ол маған ұқсамауы керек. Менің көргенімді көрмеуі керек. Мен анам сияқты "Сені әкең асырау керек. Мемлекет қорғау керек" деп отырмаймын...

Жаңбыр басылады. Таң атады. Күн шығады. Мен де бір күні қорған болар адамды табамын. Бірақ әзірге менің жалғыз миссиям – осы балам."