"Анам баласының өліміне менің күйеуім кінәлі деп ойлайды"

0
1 391


Мен сіздерден осы жайлы сұрайын деген едім. Өйткені, мен анамын. Ана болғандықтан, баламның жағдайына алаңдаймын. Осы жалғыз қызым бар. Жалғыз қызым үшін барлығын жасауға дайынмын. Бірақ оның мінезіндегі құбылмалылық қатты алаңдатады. Тіпті мені анам екен демейді, көңіліме келетін сөздерді айтудан жасқанбайды. Ал менің ол үшін қалай жанталасып жүргенімді және басымнан қандай жағдай өткенін ол қайдан түсінсін?!


Қызым үшін табанымнан тозып, сол қызым жақсы өмір сүрсінші, ешкімнен кем болмасыншы деп басқа қалаға барып жұмыс істегенім оған осылай кері әсер еткен шығар, білмеймін. Бірақ сонда да мен қызымды жақсы көремін. Оны сағынып үйге келгенімде, жылы қабақ танытпайды. Осы соңғы келгенімде ішкі бөлмеден қызымның «Онда неге күйеуге тиеді?» деп айғайлап жатқанын естідім. Бұл дауыстан денем түршігіп, селт ете қалғанымды жасырмаймын. Өткен өмірім сол сәтте көз алдымнан тізбектеліп өте бастады.

Кемеліме келіп, толысып, бойжете бастаған шағымда қызымның әкесімен танысқан болатынмын. Ол жігіт өте өжет, батыл еді. Алға қойған мақсатына, ойға алған арманына жетпей қоймайтын бірбеткей болатын.

Екеуміз танысқан кезде де ол менің алдымды орап, қия бастырмай, ақыры танысып алған болатын. Ол кезде қазіргідей телефон жоқ, менің дерегімді білу үшін оқып жатқан жерімді, тұратын үйімді тауып, торуылдап, мен жайлы барлығын біліп алған. Сөйтіп өмірімде Әділ есімді жігіт пайда болады.

Күн сайын оқу орнының алдынан күтіп алады, сейілдеп, әңгімелесіп жүріп, арамызда махаббат пайда болды. Махаббатымыз ұлғая келе екеуміз бас қостық. Дүркіреген үйлену тойымыз өтті. Біз шексіз бақытты едік. Екі жақтың ата-аналары бір-бірімен құда болып, сыйластықтары керемет болды. Бұл әрине, жаңа үйленген екі жас үшін бақыттарын еселей түсетін көрініс емес пе?

Бір жылдан соң қызды болдық, оның артынан көп өтпей тағы ұлды болдық. Барлығы керемет, барлығы жақсы еді. Өмірде қалай бұлай барлығы жақсы болуы мүмкін?! Біздің бақыттан басымыз айналып, арада жылдар өтіп жатса да махаббатымыз саябырсыған жоқ, керісінше, ұл-қызымыз өмірге келіп, одан сайын бір-бірімізге жақындай түсіп, махаббатымыз, ыстық сезімдеріміз одан сайын жанданып бара жатты.

Бірақ... Апат айтып келмейді емес пе? Егер сол кезде осындай жағдай болмағанда, бәлкім жер бетінде жүрсек те, жұмақта жүргендей өміріміз жалғаса берер ме еді?!

Менің ағам бұрыннан бері істеп жүрген кәсібі жақсы табыс әкеліп, отбасын асырап, жақсы өмір сүріп жатқан болатын. Сол бір кездері жолдасымның жұмысы тоқырауға ұшырады да, ағаммен бірігіп жұмыс істеуін өтіндім. Өйткені, бұрынғыдай екеуміз ғана емеспіз, ұл-қызымыз бар, олар өсіп келеді. Солардың жақсы өмірі үшін, келешегі үшін қаражатты көбірек табу маңызды болды.

Сөйтіп, күйеуім ағаммен бірге алыс қалаларға тауар тасумен айналыса бастады. Әрине, табысы жақсы болды. Енем де оған қуанып жүрген. Ол кезде жаман ойламайды ғой, жалғыз ұлының осылай жақсы табыс тауып, отбасын асырап отырғанына кез келген ана қуанады деп ойлаймын. Егер осылай боларын білсем, мен де күйеуімді жанымнан ұзаққа жібермей ұстап отырушы едім ғой.

Бір күні өте үлкен көлемде тапсырыс түсіп, жолдасым мен ағам екеуі ұзаққа сапар шегеді. Ақшасы да өте қомақты қаражат болатын. Сол сапарға барып келгеннен кейін екі-үш ай демаламын, сол тапқан ақшам бізге екі-үш айға артығымен жетеді деп қуанған болатын күйеуім.

Сөйтіп, күйеуімді жұмысына шығарып салдық. Енем де батасын беріп, жолын тосып отыратынын айтып, жақсы ниетпен шығарып салған болатынбыз. Ақшаның буы не істетпейді десеңші?!

Тапсырыстарын аман-есен жеткізіп, қолдарына келісілген қаражатты алған соң, ағам мен күйеуім қайнаға мен күйеу бала болып, сол күнгі табыстарын «жуады». Бұрын ағамның мұндай әдеті бар екенін мен жақсы білемін. Табысын тауып, отбасын асырап жүрген соң, жұмысы ауыр, анда-санда бір көңіл көтергенінде тұрған ештеңе жоқ деп оған кешіріммен қарайтынбыз. Бірақ күйеуімнің ішімдік ішіп, сылқия мас болғанын өз басым көрген жоқпын. Қысқасы, сол «тойлатудан» соң ауыр жүк көлігі апатқа ұшырап, салдарынан ағам опат болды. Екеуі мас күйінде көлікке отырған. Ал күйеуім сол кезде көлікті тізгіндеген, ағам ұйықтап жатқан. Қара жамылып қалған жеңгем, жалғыз ұлынан, отбасының асыраушысынан айырылып, күйіктен өртеніп отырған анам ашу үстінде күйеу баласын кінәлады. «Ол тірі қалып, менің ұлым кететіндей не жазығы бар еді» деп мені де жек көре бастады.

«Баламды өлтірдің» деп өзі есін әрең жиып ауруханадан келген күйеу баласының жағасына жармасып, кінәлаған анамның даусы мен жеңгемнің «Шиеттей бала-шағаны қайтіп асыраймын?» деп өксіген үні құлағымнан кетер емес.

Өңім бозарып, аузымнан сөз шықпай мен отырмын. Жалтақтап әрқайсысымыздың бетімізге бір қарап қорқып отырған ұл-қызымның жазықсыз көзқарастары өңменімнен өтіп кеткендей болды.

Сол кезде менің қайғымды ешкім түсінген жоқ, әрқайсысы жанын күйзелткен қайғысын өз бетінше шығарып жатты. Ал ең қатты қиналғаны мен ғой.

Адам басқа түскенін көтере алады екен. Сол қараңғы күндер басымнан өтіп жатқан күнде ағамның мені еркелетіп «Қарындасым, қарлығашым. Көкжиегім» деп өбектеп, еркелеткен даусы құлағымнан кетпей, жынданып кете жаздағанмын. Енді сол жалғыз ағамның өліміне себепші болған күйеуіммен ары қарай қалай бірге тұра аламын? Қанша жақсы көріп тұрсам да, ақиқаттан қалай қашып құтыла алам? Жүрегімді өмір бойы бұл сұрақ мазалайды ғой.

Ол күндер артта қалды. Анам жалғыз ұлының қазасынан соң төсек тартып жатып қалды. Күйеуімді сотқа берген жоқ, бәлкім оған шамасы да болмаған шығар. Ана үшін баласын жоғалтудан артық қандай қайғы бар?

Осылай сол баяғы бақытты күндердің бір-ақ сәтте ойраны шықты. Сондай қиын сәттерде бірден шешім қабылдап, күйеуіммен ажырасамын деген ой болмаса да, қайғымды аз да болса сейілтіп, жараның орны жазыла бастағанда ойланып көрермін деп мен екі баламды алып, төркініме келген болатынмын.

Сол кеткеннен соң, күйеуім бізді іздеп келмеді де, балаларын сағынғанын айтып телефон шалмады да. Кейін білгенімдей, ол да анамның ашу үстінде жағасына жармасқанын кешіре алмай, басқа әйелге үйленіп алыпты.

Шындап келгенде анамның алдында өзінің кінәсін мойындап, кешірім сұраса, бәлкім барлығын реттеуге болар ма еді? Қайта сол ашумен соттатып жібермегеніне шүкір етуі керек еді ғой.

Содан үмітім үзілді. Амалсыздан балаларымды анама тастап, шетелге жұмыс істеуге кеттім. Жеңгемнің алдында да мен өзімді қарыздар сеізндім. Оның да балаларына қарасуға уәде бердім. Ағамның орнына отбасының асыраушысы болуыма тура келді.

Анам балаларыма жақсы қарады ма, әлде балаларым апасына қарады ма әйтеуір айлар өтіп жатты. Бірақ нағашы әжесі болғандықтан шығар, өз немерелеріндей жақын тартып, бауырына баса алмады. Қайтсін енді, оларды көрген сайын жалғыз ұлы есіне түсетін шығар. Ал мен болсам өзіме үй алып, балаларыммен бірге бөлек тұрамын деп тыраштанып жүргенімде он жыл өтіп кетіпті. Он жылда жинаған ақшама үй алуға әбден болады, тіпті бір емес, екі-үш үй алуға болатын ақша таптым. Бірақ жаңа айтып өткенімдей мойнымдағы жауапкершілігімнен аттап өте алмадым. Тапқанымды үйге жіберіп отырдым. Өзімнің балаларым бар, ағамның бала-шағасы бар. Солардың тамағына, киім-кешегіне жіберіп отырдым. Осы аралықта балаларым кішкентай болғандықтан, оларды сағынып, жиі келіп-кетіп тұрдым. Анамның бұрынғы ашуы басылып, менің де қамымды ойлай бастады. Ана ғой қанша айтқанмен.

«Мен тірі тұрғанда, балаларың есін танымай тұрғанда тұрмысқа шығып ал. Әлі жассың. Қашанғы бұлай жүрмексің? Балаларыңның әкесінен үміт үзілді, менің бір ашуымды көтере алмай үйленіп алды емес пе? Сен де өз теңіңді тауып, бақытты өмір сүруге хақың бар ғой» деген сөздерді жиі айтатын болды. Өйткені, анамның денсаулығы кері кетпесе, беті бері қараған жоқ. Өзім де мәз емеспін. Жас болсам да, көп қайғырғаннан ба екен, әлде ауыр жұмыс, елден, балалардан жырақта жүру әсер етті ме екен, қан қысымым ойнамалы, барлығын ішке жұта беріп, астма ауруы да пайда болыпты. Солай мазасызданып, жиі ауыра берген соң, бір қаралып, емделіп алайыншы деп демалыс алып елге келдім де, толық тексерістен өттім. Сонда білгенім, менің денсаулығымдағы кінәраттар бұл ғана емес екен, УДЗ аппаратына түскенде анықталғаны – аналық безімде өсінді (киста) пайда болыпты. Дәрігерлер «аса қорқынышты ауру емес, егер тұрмысқа шықсаң, өздігінен жоғалып кетуі мүмкін» деген қорытынды шығарып берді.

Солай тұнжырап жүрген мезетімде қазіргі жолдасыммен танысып қалдым. Оған өлердей ғашық болдым демеймін, тек қана менің көңілімді аулап, жаныма жылулық сыйлай алды. Өзі де менімен тағдырлас. Адамгершілігі жоғары, балаларыңмен бірге қабылдаймын деп уәдесін берді. Сол кісіге тұрмысқа шықтым.

Дәрігерлердің айтқаны тура келді, жатырда пайда болған ет өсіндісі тұрмысқа шыққан соң кетті. Бірақ сол аурумен бірге қызым екеуміздің арамыздағы мәміле де жоғалып кеткендей болды. Ара-қатынасымыз суыта бастады.

Мен тұрмысқа шыққанда қызым қабылдай алмады, маған қатты ренжіді. Оның реніші де орынды шығар. Не туған анасынан, не нағашы әжесінен, ешкімнен жеткілікті мейірім ала алмаған балалар осылай жүректері қатайып кете ме, білмедім. Бәлкім, менің жағдайымды өзі де тұрмысқа шығып, ана атанғанда түсінер.

Өз қызыммен анасы ретінде тіл табыса алмау жүрегіме қатты батып жүр. Не істейін, айтыңыздаршы? Маған жол көрсететін, ақылын айтатын адам бар ма?

ҚАРАКӨЗ С,

Алматы қаласы