"Алты жасар ұлым "ұры" атанды"

0
259


Сурет: www.thesun.co.uk

Ғаламда әлі тылсымы толық ашылмаған құбылыстың бірі – айкезбелік. Бұл — адам ұйқыда жатып, өз еркінен тыс қозғалып, кейде оғаш, тіпті қауіпті әрекеттер жасауымен сипатталатын ерекше жағдай.

Айкезбе адамның қылықтары сырт көзге түсініксіз әрі ақылға сыйымсыз көрінуі мүмкін. Мұндай сәттерде ол ояу емес, бірақ денесі мен жүйке жүйесі әрекет ету үстінде болады. Сондай сәтте жақындарының түсіністікпен қарауы, жәрдемі керек болады.

Кішкентай айкезбе баланың анасы бөліскен мына жағдайларды ERNUR.KZ оқырмандарына мысал ретінде ұсынғалы отырмыз.

"Екінші ұлым кішкентай кезінде жиі ұйқысырап, түн ортасында орнынан тұрып кететін. Көбінесе ол ұйықтап жатып самбырлап сөйлейтін, күліп немесе аяқ-қолдарын ербеңдетіп қимылдайтын. Бірақ бір жолы қатты қорқытты.

Ол кезде жасы 6-да болатын. Ауырып, қызулап жүрген соң, қасыма алып жатқанмын. Бір кезде түн ортасында кенеттен бірден оянып, басын көтеріп отырып қалды. «Не болды? Бір жерің ауырып тұр ма? Су ішесің бе?» деп жатырмын. Ол: «Қазір, қазір» деп жауап беріп қояды. Содан кейін кереуеттен секіріп түсіп, жерге отыра қалып, төсектің астына қарады. Сосын «А, сен мұнда екенсің ғой. Қайда кетіп қалды десем. Онда отыра бер, мен ұйықтаймын» деді. «Әй, не болды? Не деп жатсың?» дегенімше болған жоқ, қайтадан тұрып, кереуетке жатып, тез арада ұйықтап қалды. Түк түсінбей, бір жағынан қорқып, сонда да кереуеттің астына үңіліп қарап қоямын мен де.

Тағы бірде күйеуім отырыстан кештеу келген. Кіре сала балалардың бөлмесін бір қарап келді де, «Жантөре қайда?» дейді. «Қайдасы несі, ұйықтап жатқан» дедім. «Жоқ төсегінде» деген күйеуім үйді аралап іздей бастады. Мен де атып тұрдым. Ұйқысырап орнынан тұрып кеткенін түсіндік. Далаға шығып ұйықтап қалған шығар деп үйдің айналасын қарадық. Жоқ.

Әлі үйіміздің айналасын қоршамаған, қақпа қоймаған кезіміз еді. Көшеге шығып кетті деп ойладық бірден. Сонымен екеуміз екі жақтап көшелерді аралап, шөптердің арасын, арықтардың ішін қарап бір сағаттай жүрдік. Даусымыздан оянған бір-екі көршіміз келіп, олар да іздесті. «Күн салқын, жер сыз, балам ауырып қалатын болды» деп жаным қалмай шырылдап жүрмін. Болмағасын «бала жоғалды» деп 102-ге қоңырау шалдық. Олардан екі қызметкер келіп, өзімізге ұрсып, түн ортасында абыр-дабыр болдық.

Бір кезде көршіміздің есігінің алдындағы көлігінің есігі ашылып, тарс етіп қайта жабылады. Ол дауысқа үйінде ұйықтап жатқан апасы оянып кетіпті. Терезеден сығалап қараса, машинаның есігін біреу жайлап ашып, қайта жауып жатады.

Дереу баласына қоңырау шалып, «Тез жет. Үйге ұры келген сияқты. Машинаның есігін біреу ашып-жауып жатыр» дейді. Сөйтіп, көршіміз тойда отырған жерінен таксимен ұшып үйіне келеді ғой. Көшеде сенделіп жүрген бізді, полиция көлігін көріп, «анық ұры түскен екен» деп ойлап, машинасын, мамасын уайымдап үлгеріпті.

Сөйтсек... Олардың ұры деп жүргені – біздің баламыз екен. Ұйқысырап үйден шыққаннан жүріп-жүріп барып көршінің көлігіне кіріп ұйықтап қалған ғой. Кейін оянып, қайда жатқанын түсінбей, мең-зең болып, есікті ашып-жауып біраз отырыпты. Біз ол көршінің үйінің айналасын қарап шыққанбыз, бірақ машинаның ішін көрмегенбіз ғой.

Сөйтіп, баламыз осы әдетімен бізді талай қорқытып, талай күлдірген кездері болған. Айкезбе деп айтады екен ғой ондайды. Үлкен кісілерден сұрастырып жүріп, ондай кезде бірден оятуға болмайтынын білдік. Бір-екі молдаға апарып оқытқанымыз да бар. Тырс еткен дыбысқа оянуды, есік-терезенің бәрін жауып, құлыптап жатуды, баламыз үйді аралап жүрсе қасында еріп жүруді, кейде жаймен жетектеп апарып төсегіне жатқызуды үйрендік. Кейін өсе келе қойып кетті сол әдетін."