"Бұйырса бизнес бастаймын, ағаларымнан хабар күтіп отырмын" дегенге тойдым"
Сурет: toponews.ru
"Махаббат деген ұлы сезім ғой. Бірақ, шынайы махаббат болмаса немесе жауапсыз махаббат болса, бәрінен де қиыны сол. Қуаныш та, қайғы да сүю мен күюден басталады екен. Сенгенің, сүйгенің жақсы адам боп шықса – бағың, жаман болса – сорың. Менің сүйгенім өзіме сор боп жабысты" деп көрген-түйгенімен бөлісті ERNUR.KZ тілшісімен әлеуметтік желі арқылы сырласқан келіншек.
"Күйеуім екеуміз студенттік шақта танысып, достығымыз махаббатқа ұласқан. Қыз бен жігіт боп жүргенде «Менің мынадай идеям бар, бұйырса бір ағамнан ақша күтіп отырмын, ақша түссе бірден бастап кетем де, табысқа бата қалам» деп неше түрлі әңгімені айтқанда өзімді болашақ миллионердің әйеліндей сезініп қалушы едім. Соншалықты аңқаулығым ба екен, ол не айтса да келісіп, қарсы келмейтінмін. Сөйтсем ол қызыл сөз бен құрғақ уәденің шебері боп шықты ғой.
Екеуміз үйленген соң ата-енем еншімізді берген болып, "Өз күндеріңді өздерің көріңдер" дегенге келтіргесін, қалаға кеттік. Әрі менің әлі аяқталмаған оқуым бар. Мұнда келіп, нағашы әпкемнің үйін паналадық.
Өзімнің аяғым ауыр. Түске дейін оқуға барам, түстен кейін компьютерлік қызмет кеңсесінде жұмыс істеймін. Ал күйеуім күнде «Жұмыс іздеп жүрмін, таныс ағалармен келіссөздер жүргізіп жатырмын» деп өтірігін сапырып, кеш бата үйге келеді.
Басында имандай сеніп жүргем. Үш айдан кейін бір тиын таппайтын, жатыпішер жалқау екенін түсіндім де, әпкемнің алдында ұятқа қалмайын деп, бөлек пәтерге шығып кеттім. Сол ауданнан бір орыстың ремонты жоқ, жаман пәтері табылған. Бағасы да қалта көтерерліктей екен. Соған көшіп алдық. Сөйтіп жүріп ұлымды дүниеге әкелдім. Үйде жейтін ас жоқ, баламды құшақтап әпкеме қыдырып барғандай боп тамақ жеп қайтушы едім. Барған сайын жездеме «бажаңызға ыңғайлы жұмыс қарастырып көріңізші» деп жалынып жүрдім. Обалы не керек, жездем күйеуімді құрылысқа кіргізіп берді.
«Мен құрылыста істейтін адаммын ба, осы маған лайық па?» деп бұрқылдап әрең барып-келуші еді. Итшілеп жүріп екінші баланы өмірге әкелдім. Бұрынғы мен сүйген күйеуім басқа адамға айналып шыға келгендей, бұрынғысынан жұрнақ та қалмаған. Ішіп келіп миымды жейді. Мені көшедегі көлденең көк аттыдан қызғанып, там-тұмдап әрең жинаған ыдыстарымды сындырып, ұратынды шығарды. Ақырында заңды түрде ажырастық.
Оған да нағашы әпкем ықпал етті. «Гүлдей жастығыңды осыған қор қылмашы. Байыңнан не рахат, не пайда көріп отырсың? Мойныңа масыл боп мініп алды ғой» деп ақыл қосты. Шынында да не ақша, не балаларына беріп жатқан тәрбиесі жоқ еркекті асырау маған оңай емес екен. Ақыры ажырасып тындық. Сөйтіп бойымды тіктеп, әпкемнің көмегімен сауда істей бастадым. Шүкір, саудада береке бар екен, бойым тіктеліп, үш жылда қомданып шыға келдік.
Бұған әпкем мен жездемнің көмегі көп тиді. Олар да кәсіпкер, базарда сауда істейді. Мені жандарына жұмысқа алып, сауданың қыр-сырын үйретті. Ең бастысы, балаларым тоқшылықта, еш қорқынышсыз, ата-анасының ұрыс-керісін естімей, тыныш өмір сүріп жатыр. Соған шүкір етемін.
Өз өмірімді жария еткендегі айтпағым, біздің елде таяққа шыдап, күйеудің езгісіне көніп жүрген қаншама әйел бар. Әлеуметтік желілерден сондайлардың кесірінен көз жұмған, мүгедек боп қалған әйелдердің өмірін көп оқимын. Құрметті қыздар, күйеудің тоқпағына шыдап, «менің пешенеме осындай тағдыр жазылған екен» деп төзе бермеу керек. Қиындықтан құтылудың жолы да, кілті де өздеріңде. Әр әйел бақытты болуға лайық."