"Бәрін құтқара алмадым": АҚШ-та мектепке шабуыл жасаған жасөспірімді екі баланың әкесі тоқтатты

0
110

Оқиға 15 қазанда Орегон штатының Бенд қаласындағы Silver Rail бастауыш мектебінде болған.


Фото: REUTERS/DAVID RYDER
ERNUR.KZ. АҚШ-тың Орегон штатында мектепке қарулы шабуыл жасаған 16 жастағы жасөспірімді мұғалім мен сол мектепте оқитын екі қыздың әкесі тоқтатты. Қайғылы оқиғадан үш оқушы мен бір мұғалім қаза тапты, тағы екі адам жарақат алды, деп жазады Stan.kz.

Оқиға 15 қазанда Орегон штатының Бенд қаласындағы Silver Rail бастауыш мектебінде болған. Полиция мәліметінше, 16 жастағы жасөспірім мектеп аумағына келіп, алдымен тұрақтағы көлікке оқ атқан. Кейін мектеп ғимаратының шыны есігін атып, ішке кірген.

Қарулы жасөспірім ерекше білім беруді қажет ететін балалар оқитын сыныпқа кіріп, оқ жаудырған. Сол сәтте мұғалімдердің бірі шабуылдаушыны тоқтатуға әрекеттенген. Ол жасөспірімді жерге құлатып, қолындағы қаруын тартып алуға тырысқан.

Осы кезде мектептің жанынан өтіп бара жатқан ер адам атыс дауысын естіп, ғимаратқа кірген. Ол сыныпқа жетіп, шабуылдаушыға бірнеше рет оқ атқан. Жасөспірім оқиға орнында көз жұмды.

Кейін ер адамның осы мектепте оқитын екі қыздың әкесі екені анықталды.

Бенд қалалық полициясының басшысы Майк Кранц мұғалім мен ер адамның әрекеті бұдан да көп адамның қаза табуына жол бермегенін айтты.

“Осындай қатыгездікке қарсы тұрып, қайғылы оқиғаның одан әрі ушығуына жол бермеген батыл адамдарға қарыздармыз. Олардың ерлігі көптеген адамның өмірін сақтап қалды”, – деді полиция басшысы.

Оның айтуынша, шабуылдаушыны тоқтатуға тырысқан мұғалімнің өзі зардап шекпеген.


Қаза тапқандар туралы не белгілі?

16 қазанда өткен баспасөз мәслихатында полиция шабуыл жасаған жасөспірімнің кім екенін және қаза тапқандар туралы мәліметтерді жариялады.

Күдікті – 16 жастағы Гриффин Дж. Джон. Ол бұрын осы мектепте оқыған және ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған сыныпта білім алған.

Тергеу мәліметінше, жасөспірім сынып ішінде 15 ретке дейін оқ атқан. Оның жанынан тағы шамамен 44 оқ-дәрі табылған.

Полиция жасөспірімнің үйін тінтіп, оқиғаның мән-жайын анықтауға кіріскен. Алдын ала болжам бойынша, ол мектепке жаяу келген. Алайда қандай жолмен жүргені және қаруды қайдан алғаны әлі де зерттеліп жатыр.

Қарулы шабуылдың нақты себебі әзірге белгісіз.

Полиция қаза тапқан төрт адамның екеуінің аты-жөнін туыстарының келісімімен жариялады. Олар – бес жастағы Роам Саммер және 25 жастағы мұғалім Меган Ламберт.

Меганның отбасы оның өзі өскен өңірде мұғалім болып жұмыс істеуді армандағанын айтты.

“Ол жүрегі кең, өзгелерге жанашыр адам еді. Әрдайым әлсіздерге араша түсіп, көмекке мұқтаж жандарды қорғауға тырысатын”, – делінген отбасының мәлімдемесінде.

Ал қаза тапқан бес жасар Роам Саммердің атасы Брайан Джолли New York Times басылымына немересінің өлімі бүкіл отбасын есеңгіретіп жібергенін айтқан.

Оның сөзінше, Роам өте зерек, тентектеу, өмірге құштар әрі ештеңеден қорықпайтын бала болған.

Қаза тапқан тағы екі оқушының жасы сегізде және он бірде болған. Олардың отбасылары әзірге балалардың аты-жөнін жариялауға келісім бермеген.

Шабуыл салдарынан тағы екі адам жарақат алды. Олардың бірі – 54 жастағы мұғалім, екіншісі – жеті жастағы оқушы.

Екеуі де ауруханаға жеткізілді. Жеті жасар баланың жағдайы ауыр, бірақ тұрақты деп бағаланып отыр.

Тақта /  Алғыс сөздер
Фото: REUTERS

“Анашым, мен бәрін құтқара алмадым”

Мектептегі атысты тоқтатқан ер адамның есімін полиция бастапқыда жариялаған жоқ. Алайда америкалық БАҚ оның 36 жастағы ағаш ұстасы Кейлуб Джаманко екенін анықтады.

Ер адамның екі қызы да осы мектепте оқиды.

NBC News телеарнасына сұхбат берген ағасының айтуынша, Кейлуб сол күні түскі уақытта үйіне қайтып бара жатқан. Жол-жөнекей қыздары оқитын мектептің жанынан өткенде, қарулы жасөспірімнің тұрақтағы көлікке оқ атқанын көрген.

Кейін күдікті мектептің терезесін атып, ғимаратқа кіріп кеткен.

Осыны көрген Кейлуб көлігінде тұрған тапаншасын алып, шабуылдаушының соңынан ерген. Полицияның мәліметінше, ер адамның қолындағы 40-калибрлі тапанша заңды түрде сатып алынған.

Кейлуб мектепке кірген кезде мұғалімнің қарулы жасөспіріммен арпалысып жатқанын көрген. Ол шабуылдаушыға бірнеше рет оқ атып, атысты тоқтатқан.

Оқиғадан кейін Кейлуб Калифорния штатының Сакраменто қаласында тұратын анасы Кенда Фрименге телефон соққан.

Анасының айтуынша, ұлы болған жағдайдан қатты күйзеліске түскен.

“Ол маған “Анашым, бір адам қызым оқитын мектепке кіріп кетті. Ол балаларға оқ атты”, – деді.

Содан кейін:

“Мен оның дәл алдынан шықтым. Оған оқ атып, өлтірдім, анашым” деп айтты”, – деп еске алды

Кенда Фримен CBS телеарнасына берген сұхбатында.

Әйел ұлына көптеген адамның өмірін сақтап қалғанын айтып, жұбатуға тырысқан.

“Мен оған “Балам, сен қаншама адамды аман алып қалдың” дедім. Бірақ ол “Анашым, мен бәрін құтқара алмадым” деп жауап берді”, – деді әйел.

АҚШ билігі ер адамның әрекетіне баға берді

Орегон штатының губернаторы Тина Котек шабуылдаушыны тоқтатқан ер адамның батылдығын атап өтті.

Губернатор оның әрекеті бұдан да көп адамның қаза табуына жол бермегенін айтып, психологиялық тұрғыдан ауыр жағдайды бастан өткергеніне түсіністік білдірді.

“Бұл – адамға үлкен эмоционалдық салмақ түсіретін жағдай. Менің ойым қазір сізбен бірге екенін білсеңіз екен”, – деді губернатор ер адамға қарата.

АҚШ президенті Дональд Трамп та атысты тоқтатқан азаматты “нағыз қаһарман” деп атады.

Оның айтуынша, ер адам дер кезінде әрекет етпегенде, қайғылы оқиғаның салдары әлдеқайда ауыр болуы мүмкін еді.

“Бұл – өте қорқынышты оқиға. Абырой болғанда, жанында қаруы бар әрі оны қолдана білетін адам табылды”, – деді Трамп.

Қазір полиция шабуылдың себебін анықтап жатыр. Тергеушілер жасөспірімнің қаруды қалай қолға түсіргенін және неліктен бұрын өзі оқыған мектепке шабуыл жасағанын зерттеуге кірісті.