Полиция “Ақтөбе“ - “Ордабасы“ матчінде даулы плакат ұстаған қыздарды тапты

0
131

Әлеуметтік желілерде матч кезінде трибунада арандатушылық мазмұндағы плакат ұстаған қыздар болғаны айтылды.


Полиция “Ақтөбе“ - “Ордабасы“ матчінде даулы плакат ұстаған қыздарды тапты

Фото:kff.kz / Alexey Sisenbin

ERNUR.KZ. "Ақтөбе" - "Ордабасы" матчінен кейін әлеуметтік желілерде трибунадан байқалған плакатқа байланысты жанжал туындады. Қазақстандықтар қыздарды ұлтараздық тудыратын балағат сөздер айтты деп айыптап жатыр, деп жазады tengrisport.kz.

Қазақстан чемпионатының ойыны сенбі күні, 17 қазанда Ақтөбеде өтіп, 1:3 есебімен Шымкенттен келген қонақтардың пайдасына аяқталды.

Әлеуметтік желілерде матч кезінде трибунада арандатушылық мазмұндағы плакат ұстаған қыздар болғаны айтылды.

Балағат ұрандар жазылған плакатқа Өзбекстан туы салынған, бұл тек Шымкентте ғана емес, көрші елде де наразылық тудырды.

Скриншот: threads.com

Tengri Sport ақпарат алу үшін Ақтөбе облыстық полиция департаментіне хабарласты. Қыздар табылып, олармен профилактикалық әңгіме жүргізілгені белгілі болды.

"Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында полиция "Ақтөбе" мен "Ордабасы" командалары арасындағы футбол матчі кезінде кәмелетке толмаған қыздардың жағымсыз мазмұндағы плакатты көрсетіп тұрған жазбасын анықтады.

Полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың кім екенін анықтады. Ата-аналарының қатысуымен олармен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Ата-аналар бала тәрбиесіндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмағандар өз іс-әрекеттерінің дұрыс еместігін түсінді.

Полиция ата-аналарды бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуге, оларға қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау ережелері мен құқыққа қайшы әрекеттер үшін жауапкершілікті түсіндіруге шақырады", - деп мәлімдеді полициядағылар.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Polisia AQTOBE (@polisia_aqtobe) жарияланымы

Айта кетейік, клубтар мен Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) әзірге бұл жазбаларға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Қоса кетсек, "Ақтөбе" жанкүйерлері өздерінің белсенділігімен бүкіл елге танымал. TengriNews тілшісі арнайы репортажында ақтөбелік жанкүйерлердің феномені туралы баяндаған болатын.

Екі жыл бұрын "Ақтөбе" мен "Ордабасы" арасындағы матч команда жанкүйерлерінің жаппай төбелесіне ұласқан болатын.