Бұл ПЛАТФОРМАЛАРДЫ білсеңіз, ҮЙ ТАПСЫРМАСЫН тексеруге уақыт құртпайсыз!

0
230

Бұл платформалар күнделікті жұмысты жеңілдетіп қана қоймай, бағалаудағы әділдікті арттырып, оқушыға қателігі туралы бірден хабар беруге мүмкіндік береді.


Бұл ПЛАТФОРМАЛАРДЫ білсеңіз, ҮЙ ТАПСЫРМАСЫН тексеруге уақыт құртпайсыз!

көрнекілік: mel.com сайтынан

Бүгінгі мұғалімнің ең көп уақытын алатын нәрсенің бірі – үй тапсырмасын тексеру. Әсіресе толық сыныптың дәптерін қарап, қателерін көрсетіп, әрқайсына кері байланыс жазу оңай шаруа емес. Соңғы жылдары мұғалімдердің осы жүктемесін азайту үшін арнайы автоматты тексеру платформалары кеңінен қолданылып келеді. Бұл сервистер күнделікті жұмысты жеңілдетіп қана қоймай, бағалаудағы әділдікті арттырып, оқушыға қателігі туралы бірден хабар беруге мүмкіндік береді.


Google Classroom Autograde: Тез әрі дәл тексереді

Google Classroom-ды көп мектеп қолданады. Оның автоматты тексеру функциясы әсіресе тест, викторина сияқты тапсырмаларға өте ыңғайлы. Мұғалім дұрыс жауаптарды алдын ала енгізіп қояды да, қалғанын жүйе өзі орындайды.
Оқушы да көп күттірмей нәтижесін көріп, қай жерден қателескенін бірден түсінеді. Тағы бір тиімді тұсы – жүйе әр сұрақ бойынша статистика шығарып, оқушылардың әлсіз тұстарын анықтауға көмектеседі.


Quizizz пен Kahoot: Бағалау ойын түрінде қызықты болады

Ойын платформасы деп ойлайтын Quizizz бен Kahoot қазір кәдімгідей үй тапсырмасын тексеретін құралға айналды.
Quizizz оқушылардың жауаптарын автоматты түрде жинап, әр бала бойынша жеке есеп дайындайды. Kahoot-та да дәл солай: мұғалім тапсырманы “үй жұмысы” ретінде жібереді, ал барлық нәтижелер дайын күйде түседі.

Екі платформаның ең жақсы артықшылығы – оқушы үшін бұл жай ғана ойын сияқты көрінеді. Бірақ мұғалім үшін ол толыққанды статистикасы бар тексеру құралы.


Moodle Quiz: Күрделі пәндерді тексеруге мүмкіндік береді

Мектептер мен колледждерде жиі қолданылатын Moodle-дың тест жүйесі мүмкіндігі жағынан әлдеқайда кең. Мұнда тек қарапайым жауап емес, формулалық есептер, сәйкестендіру, тіпті ашық сұрақтарды да жартылай тексеруге болады.
Мұғалім бағалау шкаласын өзі баптап, тапсырманың әр қадамын жеке бағалай алады. Сондықтан математика, химия, физика секілді пәндер үшін — нақты таптырмас платформа.


ClassPoint AI және Canva Assignments: Жасанды интеллектпен жасалған үй тапсырмасын тексеру

Соңғы жылдары жасанды интеллектпен жұмыс істейтін тексеру құралдары ерекше танымал бола бастады.
ClassPoint AI мұғалім жүктеген тапсырманың жауабын түсініктілік, мазмұн, дәлдік сияқты критерийлермен бағалап береді. Әсіресе эссе, қысқа жауап, пікір білдіруді талап ететін тапсырмаларда жақсы көмектеседі.
Canva Assignments та осы бағытта: оқушының жұмысын топтастырып, AI арқылы қатесін белгілейді және не жақсартуға болатынын алдын ала ұсынады.


Turnitin: Плагиатты бір минутта анықтайтын құрал

Қазір плагиат мәселесі тек жоғары оқу орындарында ғана емес, мектепте де жиі кездеседі. Turnitin – дүниежүзілік деректер базасымен салыстырып, мәтінді автоматты түрде тексеретін ең сенімді сервис.
Оқушы тапсырмасын қай жерден көшіргенін нақты көрсетіп береді. Бұл академиялық адалдықты қалыптастыруда өте пайдалы құрал.


Үй тапсырмаларын автоматты тексеретін платформалар – жай тренд емес, мұғалім еңбегін жеңілдететін нақты қажеттілікке айналды. Жүйе рутинаны өз мойнына алып, мұғалімнің уақытын балалармен жұмыс істеу, сабақ сапасын арттыру сияқты маңызды бағыттарға бұруға көмектеседі.