ЖҮРЕК ауруының адамдар елемейтін 7 БЕЛГІСІ

0
164

Осы жағдайлар мазалағанда жүректі тексерту ешкімнің ойына келмейді


ЖҮРЕК ауруының адамдар елемейтін 7 БЕЛГІСІ

Сурет: ЖИ

Көпшілік кеуде тұсы ауырғанда, шаншығанда ғана жүрек ауруынан қауіптене бастайды. Алайда жүрек-қан тамырлары жүйесіндегі мәселелер әрдайым осындай айқын белгілермен байқала бермейді. Кейде ағза қауіп туралы алдын ала ескерту жібереді, бірақ адамдар оны елемейді немесе жүрекпен еш байланыстырмайды.

Мамандардың айтуынша, кейбір белгілерге дер кезінде мән беріп, тексерілсе, ауыр асқынулардың алдын алуға болады.


  • Аяқ пен тобықтың ісінуі

Көпшілік аяқтың ісінуін ұзақ жүрумен немесе ыстық ауа райымен ғана байланыстырады. Бірақ мұның түпкі себебі кейде жүректегі ақау болуы да мүмкін. Жүрек қанды тиімді айдай алмаған кезде сұйықтық аяқ-қолда жиналып, ісінуге әкеледі.

Егер кешке қарай аяқ ісініп, аяқкиім тарлық қылуы жиілесе, дәрігерге көріну қажет.


  • Тіс пен қызыл иектің қанауы және ауруы

Кардиология мен стоматология арасындағы байланысты зерттейтін медициналық еңбектер қызыл иектің созылмалы қанауы мен қабынуы (периодонтит) жүрек-қан тамырлары ауруларының қаупін 2-3 есе арттыратынын дәлелдеді. Ауыз қуысындағы бактериялар қан ағымы арқылы жүрек тамырларына жетіп, онда атеросклеротикалық түйіндердің қабынуына және тромб түзілуіне әкелуі мүмкін.


  • Бас айналу және кенеттен болатын әлсіздік

Жүрек жұмысы бұзылған кезде миға баратын қан көлемі азаюы мүмкін. Нәтижесінде адам басының айналғанын, көзінің қарауытып кеткенін немесе әлсірегенін сезеді.

Мұндай жағдайлар жиі қайталанса, себебін анықтау маңызды. Өйткені ол жай ғана ыстықтан, әлсіздіктен немесе қарын ашқаннан емес, жүрек жұмысындағы бұзылыстан болуы ықтимал.


  • Жақ, мойын, иықтағы жайсыздық

Жүрек мәселесі әрдайым кеудедегі ауырсынумен шектелмейді. Кейбір адамдарда ауырсыну немесе қысым сезімі жаққа, мойынға, иыққа немесе қолға беріледі.

Әсіресе бұл сезімдер физикалық жүктеме кезінде пайда болып, тыныққаннан кейін басылса, жүректі тексерткен жөн.


  • Ұйқының бұзылуы

Соңғы зерттеулер жүрек аурулары мен ұйқы сапасының арасында байланыс бар екенін көрсетті. Жүрек жеткіліксіздігі бар адамдарда түнде жиі ояну, тыныстың тарылуы немесе мазасыз ұйқы жиі кездеседі.

Егер ұйқы мәселесі басқа белгілермен қатар байқалса, оны қарапайым шаршауға жаба салмай, жүрек жақты бір тексерген дұрыс.


  • Еш себепсіз суық тер шығу

Көпшілік кенеттен терлеуді бөлме температурасының көтерілуімен, суық тиюмен немесе әлсіздікпен байланыстырады. Алайда, ешқандай физикалық жүктемесіз немесе ыстықсыз, отырған жерде кенеттен суық тердің шығуы – жүрек инфарктінің алғашқы жасырын белгілерінің бірі. Жүрек бұлшықеттеріне қан аз барғанда, ағза күйзеліске түсіп, симпатикалық жүйке жүйесі белсендіріледі, содан тер бездері қатты жұмыс істейді.


  • Созылмалы жөтел немесе сырыл

Егер жөтел суық тию белгілерісіз (қызудың көтерілуі, тамақтың ауруы) ұзаққа созылса және әсіресе түнде жатқанда күшейсе, бұл жүрек жеткіліксіздігінің белгісі болуы мүмкін. Жүрек қанды толық айдай алмағанда, қан өкпе тамырларында іркіліп, сұйықтық жиналады. Мұндай жөтел кезінде кейде қызғылт түсті немесе ақ көбікті қақырық бөлінуі мүмкін.


Қашан дәрігерге қаралу керек?

Жоғарыда аталған белгілердің біреуі ғана жүрек ауруын білдірмейді. Алайда бірнеше белгі қатар байқалса немесе олар жиілей түссе, кардиологтың кеңесіне жүгінген жөн. Ерте диагностика көптеген жүрек ауруларын уақытында анықтап, ауыр асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Денсаулығыңызға мұқият қарап, күмәнді белгілерді уақытында тексерту – жүректі ұзақ жылдар бойы сау ұстаудың маңызды қадамы.

Төре СЕЙІТХАН,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Жаздың ыстығынан ҚАЛҚАНША БЕЗІН қорғау керек