Енді Шымкент пен көршілес өңірлердің тұрғындары визалық құжаттарын Астана немесе Алматы қалаларына бармай-ақ, тікелей қалада тапсыра алады.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қазақстан Республикасындағы Франция Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге бастаған француз делегациясымен кездесті.
Кездесуге «Veolia Holding Kazakhstan Ltd.» және «Richel Group» компанияларының басшылары да қатысты.
Келіссөз барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту, сондай-ақ мәдениет, білім беру және туризм салаларындағы әріптестікті нығайту мәселелерін талқылады.
Кездесуде қала әкімдігі мен Франция Республикасының Елшілігі арасында қол қойылған Жол картасының іске асырылу барысына ерекше назар аударылды. Бірлескен жұмыстың маңызды нәтижелерінің бірі – Шымкентте Францияның Шенген визасын рәсімдеуге қажетті құжаттарды қабылдау орталығының ашылуы.
Енді Шымкент пен көршілес өңірлердің тұрғындары визалық құжаттарын Астана немесе Алматы қалаларына бармай-ақ, тікелей қалада тапсыра алады. Бұл визалық қызметтерді алуды жеңілдетіп, екі ел арасындағы туристік, білім беру және іскерлік байланыстарды дамытуға мүмкіндік береді.
Ғабит Сыздықбеков Сильван Гиоге мен Франция Елшілігіне қалаға көрсеткен ықыласы және екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар француз тарапымен әріптестікті одан әрі нығайтуға, іскерлік байланыстарды кеңейтуге және өзара тиімді жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін атап өтті.


