Алматыда қараусыз қалған үйден 2022 жылы жоғалған аңшы мылтығы мен патрондар табылды

0
237

Табылған заттардың барлығы тәркіленіп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.


Алматыда қараусыз қалған үйден 2022 жылы жоғалған аңшы мылтығы мен патрондар табылды

фото: Sputnik / Максим Богодвид

ERNUR.KZ. Ішкі істер министрлігі 20 қарашадан бастап ел аумағында өткізіліп жатқан "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасының алдын-ала нәтижелерімен бөлісті, деп жазады sputnik.kz.

Іс-шара аясында бұрын жауапкершілікке тартылғанына қарамастан, заңды қасақана, оның ішінде қайталап бұзатын адамдар да анықталып жатыр. Мәселен, Петропавлда полиция қызметкерлері бұрын көлік басқару құқығынан айырылған 38 жастағы ер адам тізгіндеген автокөлікті тоқтатты. Ол сот шешіміне қарамастан, белгіленген тыйымды елемей, қайтадан көлік басқарған. Сот шешімімен құқық бұзушы әкімшілік қамаққа алынды.
Алматыда жергілікті тұрғыннан ойық ұңғылы винтовка, тапанша, оқ-дәрілер мен үш пышақтан тұратын қару-жарақ арсеналы табылды. Сондай-ақ әртүрлі қару түрлерінің макеттері тәркіленді. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
"Осы қалада полиция қызметкерлері қараусыз қалған үйден 2022 жылдан бері жоғалғандар қатарында болған аңшы мылтығын тапты. Онымен бірге 30 патрон мен жарық-дыбыс гранатасы анықталды. Табылған заттардың барлығы тәркіленіп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды", - деп жазылған хабарламада.
Есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл аясында Қарағанды облысында полиция қызметкерлері халықаралық пошта жөнелтілімін алу кезінде 47 жастағы ер адамды ұстады. Кейін жүргізілген тінту барысында Польша, Үндістан және Германиядан жеткізілген 480 таблетка тәркіленді. Препараттардың бір бөлігінен аса ірі мөлшерде психотроптық зат – модафинил анықталды.
Препараттарға интернет арқылы тапсырыс берілгені белгілі болды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды.
"Іс-шара аясында Алматыда алаяқтық жасады деген күдікпен мемлекетаралық іздеуде жүрген Қырғызстан азаматы ұсталды. Іс материалдарына сәйкес, оның жер учаскесін заңсыз сатуға қатысы бар. Соның салдарынан жәбірленушілерге 125 мың АҚШ доллары көлемінде залал келтірілген", - дейді министрлікте.
Іздеуде жүрген азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды.