Қазақстан 2027 жылдың соңына қарай 3G-ден толығымен бас тартады – ЖИЦДМ

0
280

Қазір еліміздегі ауылдардың 84 пайызында мобильді интернет бар.


Қазақстан 2027 жылдың соңына қарай 3G-ден толығымен бас тартады – ЖИЦДМ

Фото: Pexels

ERNUR.KZ. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында Қазақстанда 2027 жылдың соңына дейін 3G байланысынан толық бас тарту жоспарланып отырғанын мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, қазір еліміздегі ауылдардың 84 пайызында мобильді интернет бар. Алдағы уақытта ескі байланыс желілерін жаңартып, интернеттің сапасын жақсарту көзделген.

"Қазір 300 базалық станцияны жаңартып, 4G желісіне көшіріп жатырмыз. Қалалар мен ауылдарда 5G желісін де кеңейтіп келеміз. 2027 жылдың соңына дейін 3G-ден толық бас тарту жоспарланып отыр. Сол уақытқа қарай 4G желісі 5 291 ауылды, ал 5G желісі 700 қала мен 300 ауылды қамтуы тиіс. Нәтижесінде мобильді интернет елдегі ауылдардың 92 пайызында қолжетімді болады", – деді Жаслан Мәдиев.

Дегенмен мобильді интернет желісін кеңейтуге кей өңірлердегі инфрақұрылымның дайын болмауы кедергі келтіріп отыр. Осыған байланысты министр жергілікті әкімдіктерге бірқатар міндет жүктелгенін айтты.

"Әкімдіктер базалық станцияларды орнату үшін жер учаскелерін уақытылы бөліп, электр желісін тартуы керек. Бұл операторларға мобильді байланыс желісін тезірек кеңейтуге мүмкіндік береді", – деді министр.

Үкімет отырысында республикалық және облыстық маңызы бар тас жолдарды мобильді байланыспен қамту мәселесі де көтерілді. Министр бұл бағыттағы құрылыс жұмыстарының баяу жүріп жатқанын айтты.

"Алдағы міндет – республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың 40 мың шақырымын мобильді байланыспен қамту. Ол үшін антенналар орнатылатын 500-ден астам мұнара салу қажет. Әзірге құрылыс баяу жүріп жатыр. Жобаның инвесторы "Транстелеком" құрылысты жеделдетіп, нысандарды 2027 жылдың соңына дейін пайдалануға беруі тиіс", – деді Жаслан Мәдиев.

Бұдан бөлек, бұған дейін мобильді байланыс тартылған кейбір ауылдарда мәселе әлі толық шешілмеген. Министрдің сөзінше, оған жер телімдерінің бөлінбеуі мен электр желісіне қосу жұмыстарының аяқталмауы себеп болып отыр.

"2024–2025 жылдары 1 052 ауыл мобильді байланыспен қамтылды. Алайда оның 213-інде мәселе әлі шешілген жоқ. Әкімдіктер осы учаскелерде байланыс нысандарын орнатуға жер бөліп, оларды электр желісіне қосуды қамтамасыз етуі керек. Операторлармен бірге тұрғындарға жабдықтың қайда орнатылатынын және байланыс сапасы қалай жақсаратынын түсіндіру қажет", – деді ол.

Биыл жүргізілген тексеріс кезінде байланыс сапасы нашар тағы 289 аумақ анықталған. Оның жетеуінде мәселе шешілген.

"Жұмыс созылып жатқан жерлерде операторлар алаңдар мен байланыс мұнараларын бірлесіп пайдалануы керек. Қайта өлшеу байланыс тұрақты екенін растағаннан кейін ғана учаске бақылаудан алынады", – деді министр.

Шалғай ауылдарға спутниктік интернет тартылмақ

Сонымен қатар Жаслан Мәдиев шалғай елді мекендерді интернетпен қамту үшін спутниктік байланысты пайдалану жоспарланып отырғанын жеткізді. Себебі бір-бірінен алыс орналасқан ауылдарға талшықты-оптикалық желі тарту қиын болып отыр.

"Тиісті уәкілетті органмен бірлесіп, елдегі барлық ауылда мобильді байланыс сапасын тексеру керек. Ауылдардың арасы алшақ болғандықтан, шалғай елді мекендерге оптикалық желі тарту қиын. Сондықтан оларды спутниктік интернетке қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл – цифрлық теңсіздікті азайтудың бір жолы", – деді министр.

Оның айтуынша, Қазақстанда спутниктік байланыс нарығына халықаралық компаниялар да тартылып жатыр. Қазірдің өзінде бірнеше оператор тиісті рұқсат алған.

"1 қазанда OneWeb және Starlink спутниктік байланыс операторларына лицензия берілді. Сондай-ақ Beeline мен Starlink Direct to Cell технологиясын іске қосты. Бұл технология смартфонның спутникке тікелей қосылуына мүмкіндік береді. Соның арқасында еліміздің кез келген жерінен хабарлама жіберіп, интернеттің негізгі қызметтерін пайдалануға болады. Қазір қызмет Android құрылғыларында қолжетімді, оны iOS жүйесіне де бейімдеп жатырмыз", – деді Жаслан Мәдиев.

Ал 2027 жылы Қазақстанға тағы екі халықаралық спутниктік байланыс операторы келеді деп күтіліп отыр. Министрдің сөзінше, бұл еліміздің Орталық Азиядағы спутниктік байланыс инфрақұрылымын дамытуына мүмкіндік береді.

"Келесі жылы Қазақстан нарығына Shanghai Spacecom Satellite Technology және Amazon Leo компаниялары шығады деп күтілуде. Нәтижесінде Қазақстан осы төрт оператордың да жерүсті станциялары орналасқан Орталық Азиядағы алғашқы ел болмақ. Станцияларды ел аумағында орналастыру ұлттық қауіпсіздік талаптарына сай келеді. Жол үстінде де интернет қолжетімді болуы керек", – деді министр.