ЖАСӨСПІРІМдердегі ТАМАҚТАНУ тәртібінің бұзылуы

0
188

Ата-ана мен мектептің қатысы қаншалықты?


ЖАСӨСПІРІМдердегі ТАМАҚТАНУ тәртібінің бұзылуы

Сурет: ЖИ

Жасөспірімдік кезең – адамның денесі, эмоциялық жағдайы және өзін-өзі қабылдауы қарқынды өзгеретін маңызды даму кезеңі. Осы уақытта тамақтану әдеттерінің өзгеруі тағамға, дене салмағына немесе сыртқы келбетке шамадан тыс алаңдау денсаулыққа кері әсер ететін тамақтану тәртібінің бұзылуына әкелуі мүмкін.


Тамақтану тәртібінің бұзылыстары – денсаулыққа әсер ететін күрделі психикалық және медициналық жағдайлар. Ұлттық психикалық денсаулық институты мұндай бұзылыстардың адамның физикалық және психикалық денсаулығына елеулі зиян келтіруі мүмкін екенін атап көрсетеді. Тамақтану бұзылыстары баланың өсіп-жетілуіне, оқуына, көңіл күйіне және әлеуметтік қарым-қатынасына әсер етуі мүмкін. Америкалық педиатрия академиясы балалар мен жасөспірімдердегі мұндай жағдайлардың физикалық және психологиялық дамуға айтарлықтай әсер ететінін көрсетеді.

Тамақтану тәртібінің бұзылыстарының бірнеше түрі бар.


1. Тамақты өткізіп жіберу, әсіресе таңғы астан бас тарту

Жасөспірімдердің бір бөлігі таңғы ас ішпейді немесе сабақ арасында дұрыс тамақтанбайды. Қазақстандағы бұрынғы зерттеулерде 11–15 жастағылардың тек 53,3%-ы ғана таңғы асты тұрақты ішетіні көрсетілген. Бұл мәселені қазіргі жасөспірімнің өмір салтымен байланыстыруға болады: ерте сабақ, кеш ұйықтау, таңертең тәбеттің болмауы, асығыс жиналу, мектептегі тамақтанудың қолайсыздығы.


2. Жеміс пен көкөністі аз тұтыну

Бұл Қазақстандағы маңызды мәселелердің бірі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстанға қатысты деректерінде 11–15 жастағы жасөспірімдердің тек 38,4%-ы жемісті күн сайын, ал 43,6%-ы көкөністі күн сайын жейтіні көрсетілген.


3. Тәтті сусындар, фастфуд және жоғары өңделген тағамдар

Газдалған тәтті сусындар, энергетикалық сусындар, тәттілер, чипсы, фастфуд сияқты өнімдердің қолжетімділігі жасөспірімдердің тамақтану ортасына әсер етеді. Қазақстандағы 16,7%-ы қант қосылған сусындарды күн сайын ішетіні көрсетілген. Бұл жерде жасөспірімді «фастфуд жейді» деп кінәлау дұрыс емес. Мәселе жоғары калориялы, бірақ қоректік құндылығы төмен тағамдардың қолжетімділігі мен күнделікті әдетке айналуында. UNICEF Қазақстандағы балалардың тамақтануына қатысты негізгі проблемалардың қатарында артық салмақ, семіздік және микроэлементтердің жетіспеушілігін бірге қарастырады.


Булимия нервозы кезінде тамақтану мөлшері мен уақытын бақылауды жоғалту, шектен асыра жеу жағдайлары жиі орын алып, кейін тамақтанудың салдарын өтеуге бағытталған зиянды әрекеттер байқалуы мүмкін. Шамадан тыс тамақтану бұзылысы кезінде адам қысқа уақыт ішінде әдеттегіден әлдеқайда көп тамақ жеп, өзін тоқтату қиын екенін сезінуі және кейін ұялу немесе кінә сезімін бастан өткеруі мүмкін.



4. Артық салмақ пен семіздік

Қазақстандағы зерттелген мектептерде 6–17 жастағы балалар мен жасөспірімдердің 18%-ында артық салмақ немесе семіздік анықталған. Жасөспірімдік шақта адамның денесі тез өзгереді. Осы кезеңде «толып кетіпсің, арықтауың керек», «мына көйлек саған жараспайды», «Осы тамақтың бәрін жейсің ба?», «Қыз бала мұндай болмауы керек», «Ұл бала тым толық болмауы керек» сияқты сөздер баланың тамаққа және өз денесіне деген қарым-қатынасына әсер етуі мүмкін. Мұндай қысым кейбір жасөспірімдерді тамақты әдейі азайтуға, тамақтан кейінгі кінә сезіміне немесе салмақты үнемі бақылауға итермелеуі мүмкін.


Анорексия нервозы кезінде адам тамақты қатты шектеуі, дене салмағының төмендеуінен қорыққандықтан тамақтанудан қашқақтауы және өзінің дене бейнесін бұрмаланған түрде қабылдауы мүмкін.



5. Тамақты қатты таңдау

Кейбір жасөспірімдер бірнеше тағамды ғана жейді. Мысалы еттің барлық түрін жемейді, көкөністерден бас тартады, кей тағамның иісін немесе түрін ұнатпайды, жаңа тағамды мүлде татып көрмейді, т.с.с. Осы сияқты талғампаздық әдеті шектен шығып, тағамды шектеу немесе тамақтанудан қашу бұзылысына ұласуы мүмкін.


6. Қоректік заттар мен микроэлементтер жеткіліксіздігі

Баланың тойып тамақтануы оның рационы толық дегенді білдірмейді. Мысалы, жасөспірім күн сайын тоқаш, фастфуд, тәтті сусын және басқа да жоғары калориялы тағамдарды тұтынуы мүмкін, бірақ рационында қажетті дәрумендер мен минералдар жеткіліксіз болуы ықтимал. Яғни қазіргі мәселе тек «бала аз жейді» емес. «Бала калорияны ғана емес, ағзасына қажетті қоректік заттарды жеткілікті ала ма?» деген сұрақ та маңызды.


7. Мектептегі тамақтану мәселесі

Қазақстанда мектептегі тамақтануды жақсарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2024 жылы ұлттық білім беру ұйымдарына арналған тамақтану стандарты қабылданды. Онда қант, тұз және қаныққан майларды шектеу, сондай-ақ тағам түрлерінің алуан түрлілігін қамтамасыз ету талаптары қарастырылған.

Бұған дейін жүргізілген мектеп асханаларын бағалау зерттеуінде сауалнамаға қатысқан балалардың 20%-ы мектеп асханасында тамақтанбайтынын, тағы 21%-ы ұсынылатын тағамдарды ұнатпайтынын айтқан. Бұл жердегі себеп тек «тамақ ұнамайды» емес, бағасы, қолжетімділігі, үзілістің қысқалығы, асхананың жағдайы немесе құрдастарының ықпалы болуы мүмкін.


Қандай белгілерге назар аудару керек?

Жасөспірімнің тамақтану әдетіндегі күрт өзгерістерді ересектер мұқият бақылағаны жөн. Мысалы:

- тамақты жиі өткізіп жіберу немесе белгілі бір тағам түрлерінен негізсіз бас тарту;

- тамаққа немесе дене пішініне шамадан тыс алаңдау;

- тамақтануға байланысты қатты мазасыздану;

- тамақтану әдетінің қысқа уақыт ішінде күрт өзгеруі;

- салмақтың немесе өсу қарқынының айтарлықтай өзгеруі;

- тамақтануға байланысты отбасымен немесе достарымен жиі жанжал;

- әлеуметтік іс-шаралардан, әсіресе тамақ ішілетін ортадан оқшаулану;

- әлсіздік, үнемі шаршау немесе денсаулық жағдайының өзгеруі.

Маңыздысы, жасөспірімнің сыртқы келбетіне қарап қана қорытынды жасауға болмайды. Америкалық педиатрия академиясы тамақтану бұзылыстарын жасөспірімдерде байқап қалу қиын болуы мүмкін екенін және сыртқы көрініс әрдайым нақты жағдайды көрсете бермейтінін атап өтеді.


Қандай факторлар әсер етуі мүмкін?

Тамақтану тәртібінің бұзылуының бір ғана себебі болмайды. Оған психологиялық, әлеуметтік, биологиялық және отбасылық факторлардың өзара әсері ықпал етуі мүмкін.

Жасөспірім үшін қатарластарымен қарым-қатынас, өзін қабылдау, мектептегі қиындықтар, стресс және әлеуметтік орта маңызды рөл атқарады. Әлеуметтік желілердегі сыртқы келбетке қатысты шынайы емес немесе біржақты идеалдар да кейбір жасөспірімдердің өз денесіне көңілі толмауына ықпал етуі мүмкін. Дегенмен әлеуметтік желіні жалғыз себеп ретінде қарастыру дұрыс емес: мәселе әдетте бірнеше фактордың қосылуынан туындайды.


Ата-ана мен мектептің рөлі

Жасөспірімге көмектесуде сын айту немесе ұялту емес, қауіпсіз қарым-қатынас орнату маңызды. Ата-ана:

- баланы сыртқы келбетіне байланысты сынамауы;

- тамақтануды жазалау немесе марапаттау құралына айналдырмауы;

- баланың сөзін бөлмей тыңдауы;

- оның сезімі мен уайымын жоққа шығармауы;

- күмәнді белгілер байқалса, медициналық және психологиялық көмекке жүгінуі қажет.


Мектепте әлеуметтік педагог, психолог, сынып жетекшісі және медицина қызметкері жасөспірімге қолдау көрсетуде маңызды орын алады. Америкалық педиатрия академиясы мектеп қызметкерлерінің тамақтану бұзылыстарын ерте байқап, қажет болған жағдайда тиісті мамандарға бағыттауда маңызды рөл атқара алатынын көрсетеді.


Жасөспірімдердегі тамақтану тәртібінің бұзылуы – назар аударуды қажет ететін маңызды мәселе. Оны еркелік, қырсықтық немесе «өзі қаласа қоя салады» деп қабылдау дұрыс емес.

Ең маңыздысы, жасөспірімді кінәламай, оның денсаулығы мен эмоционалдық жағдайына түсіністікпен қарау. Отбасы мен мектеп мамандарының дер кезінде қолдау көрсетуі және медициналық-психологиялық көмекке жүгінуі мәселенің асқынуына жол бермеуге көмектеседі.

Дайындаған: А. Мейірханқызы,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

СҮНДЕТТЕУ: Пышақпен кесу әлде лазерлік әдіс – қай түрі тиімді?