Кенжебек Жанәбілов қазір дәрігерлердің бақылауында.
Фото: Instagram.com/saken_maigaziyev/
ERNUR.KZ. Әнші, “МузАрт” тобының мүшесі Сәкен Майғазиев әріптесі Кенжебек Жанәбіловтің денсаулығын біліп қайтты, деп жазады stan.kz.
Өнер иесінің сөзінше, Кенжебек Жанәбілов қазір дәрігерлердің бақылауында.
“Кенжештің халін сұрап, көңілін көтеріп қайттық. Екі күн бұрын қатты қысылып, ұстама болыпты. Бүгін беті бері қарапты. Алайда үлкен күтімді қажет етеді дейді мамандар”, – деп жазды Сәкен Майғазиев.
Оның айтуынша, дәрігерлер Қазақстандағы білікті кардиологтардың қатысуымен консилиум өткізіп, Кенжебек Жанәбіловтің алдағы еміне қатысты ортақ шешімге келуді жоспарлап отыр.
Сәкен Майғазиев мамандардың емдеу тәсілін асықпай, жан-жақты саралау қажет екенін айтқанын жеткізді. Егер әншіге ота жасалса, бірнеше ай сахнаға шықпай, күтінуі қажет.
“Бір сөзбен айтқанда, жеті рет өлшеп, бір рет кесу керек дейді. Ота жасаса, 3-4 ай сахнаға шықпай демалуына тура келеді. Кенжебек Тұрсынбайұлына дұға жасап қоялық. Алла шипа берсін”, – деп жазды ол.
Сондай-ақ Сәкен Майғазиев сырқаттанып жатқан адамның көңілін көтеріп, жақсы сөзбен демеу болудың маңызын атап өтті.
“Ауырып жатқан жанның ұнжырғасын түсіре бермей, күлкіге көмкеріп, көңіл-күйін көтеріп кету сауапты амалдардан екен. Құлан-таза жазылып, аттай шауып жүрсін”, – деді әнші.
Еске салайық, бұған дейін Кенжебек Жанәбіловтің денсаулығы сыр бергені хабарланған еді. Өнер иесі сол күні Шымкентте өтетін ән кешіне баруы керек болғанын, алайда жүрек қан тамырларының бітелуіне байланысты ауруханаға жеткізілгенін жазды.


