Ләйлә Сұлтанқызы Оксфорд университетінен ресми шақырту алды

0
188

​Енді ол қазақ тілін халықаралық деңгейде насихаттауға үлес қосады.


Ләйлә Сұлтанқызы Оксфорд университетінен ресми шақырту алды

Фото: https://www.facebook.com/lsultankyzy

ERNUR.KZ. Қазақстандық танымал тележүргізуші әрі қоғам белсендісі Ләйлә Сұлтанқызы Оксфорд университетінің Азия және Таяу Шығыс зерттеулері факультеті жанындағы BIRSoz ұйымынан ресми шақырту алды. Бұл жайында өзі әлеуметтік желідегі парақшасында қуанышты жаңалықпен бөлісті, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

«Осыдан бірнеше күн бұрын Оксфорд университетінің Азия және Таяу Шығыс зерттеулері факультетінің BIRSoz ұйымынан шақырту алдым. Бұл бастама – Түркі және Орталық Азия елдерімен мәдени, тілдік, ғылыми байланысты дамытуға бағытталған», – деді Ләйлә Сұлтанқызы.

BIRSoz және А.Байтұрсынұлы атындағы институт ынтымақтастығы

BIRSoz – Оксфорд университетіндегі қоғамдық бастама. Жоба Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтымен бірлескен меморандум негізінде жүзеге асқан. Мақсаты – қазақ тілін халықаралық академиялық ортада зерттеу және дамыту.

Жоба аясында шетелдік студенттер мен зерттеушілер арасында қазақ тіліне деген қызығушылық артып келеді. Бұл қазақ әдебиеті мен мәдени мұраны танығысы келетіндер санының өсуімен де байқалады.

Қазақ тілін насихаттау мен зерттеу – басты мақсат

Ләйлә Сұлтанқызының айтуынша, алдағы уақытта шетелдік студенттермен бірлескен зерттеу жобаларын іске асырып, қазақ тілінің ауқымын кеңейтуге және мәртебесін көтеруге үлес қосуды жоспарлап отыр.

«Бұйырса, шетелдік студенттермен түрлі зерттеулер өткізіп, қазақ тілінің ауқымын арттырып, дәрежесін көтеруге атсалысамын. Арнайы Speaking Club ашу да ойымда бар», – деп бөлісті ол.