Қазақстан көлік бөлшектерін өзі өндіруге көшіп жатыр: Жаңа жобалар іске қосылады

0
158

Қазақстанда машина жасау саласының өндіріс көлемі соңғы үш жылда 22,4 пайызға өсіп, 5,8 триллион теңгеге жетті.


Қазақстан көлік бөлшектерін өзі өндіруге көшіп жатыр: Жаңа жобалар іске қосылады

ERNUR.KZ. Жыл соңына дейін Қостанайда қуаты 60 мың данаға дейін автокомпонент шығаратын өндіріс іске қосылады. Бұл туралы Құрылтайдағы Үкімет сағатында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп жазады baq.kz.

Министрдің айтуынша, машина жасау – өңдеу өнеркәсібінің қарқынды дамып келе жатқан маңызды бағыттарының бірі. Қазір бұл саланың өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 17 пайыздан асады. Ал машина жасау өндірісінің 40 пайызы автомобиль өндірісіне тиесілі.

Сондықтан бұл бағытта өндірісті локализациялау мен қосалқы бөлшектерді елімізде шығаруға басымдық берілуде. Кәсіпорындар арасындағы кооперацияны нығайту және өнеркәсіп кластерін құруға бағытталған қолдау шараларының арқасында автокомпоненттер шығаратын жаңа өндірістер іске қосылды, – деді Ерсайын Нағаспаев.

Атап айтқанда, Саран қаласында шина өндірісі жолға қойылды. Алматыда жүк көліктеріне арналған бөлшектер, мультимедиялық жүйелер мен автокөлік орындықтары шығарыла бастады. Сондай-ақ Qarmet кәсіпорнында өндірілетін болаттан автобус кузовының бөлшектерін штамптау өндірісі игерілді.

Биыл автокөліктерге арналған жылыту, желдету және салқындату жүйелері, цилиндр блоктары мен еден жабындарын өндіру басталған.

Жыл соңына дейін Қостанай қаласында қуаты 60 мың данаға дейін автокомпонент өндірісі іске қосылады. Сонымен қатар Алматы қаласында автокөліктерге арналған электр сымдарын, тежегіш және отын жүйесі түтіктерін локализациялау жоспарлануда, – деді министр.

Теміржол машина жасау саласында дөңгелектер, вагон осьтері, бұрмалар мен рельс бекіткіштері шығарылады.

Министрдің мәліметінше, кәсіпорындар арасындағы кооперацияны одан әрі дамыту үшін биыл заңнамада салалық кластер құру тетігі қарастырылған. Қазір кластер құру шарттары мен мемлекеттік қолдау шараларын айқындайтын тиісті нормативтік құжат әзірленіп жатыр.