Музыкант сот отырысына мәжбүрлі түрде жеткізілді.
Фото: instagram.com/qarakesek_west
ERNUR.KZ. Ақтөбеде сот психотроптық затты заңсыз сақтағаны үшін Qarakesek атымен белгілі 31 жастағы рэпер Омар Аманбаевты кінәлі деп таныды, деп жазады stan.kz.
Музыкант сот отырысына мәжбүрлі түрде жеткізілді. Соңғы сөзінде ол кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтып, өзін түрмеге қамауды емес, ем қабылдауға мүмкіндік беруді сұрады. Сондай-ақ айыппұл салуды немесе қоғамдық жұмыстарға тартуды өтінген.
Өнерпаздың айтуынша, ол төрт баланы тәрбиелеп отыр және мамандардың көмегіне мұқтаж.
Сонымен қатар рэпер мен оның адвокаты өздерін видеоға түсіруге тыйым салып, пікір білдіруден бас тартты.
Сот 2025 жылғы 30 тамызда өнерпаз есірткілік мас күйде көлік басқарғанын анықтады. Ұсталған кезде оның қолында 0,26 грамм психотроптық зат болған.
Сот рэперді психотроптық затты сату мақсатынсыз заңсыз сақтағаны үшін кінәлі деп танып, 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасын тағайындады және есірткіге тәуелділіктен мәжбүрлі ем қолдану туралы шешім шығарды. Үкімді Ақтөбе қаласы №2 сотының судьясы Тұрсынхан Саликов оқыды.
Айта кетейік, бұған дейін 4 қыркүйекте Ақтөбе қаласында 31 жастағы рэп-орындаушы есірткіге масаң күйінде көлік жүргізіп отырған жерінен ұсталған еді. Амантаев 15 тәулікке қамауға алынды. Сондай-ақ ол 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Сондай-ақ есірткі заттарын заңсыз қолдану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Омар Амантаевтың кінәсі дәлелденсе, әншіге 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылуы мүмкін. Сонымен қатар 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы да қарастырылған.
Ал күні кеше рэп-орындаушы Qarakesek сотқа мәжбүрлі түрде жеткізілетіні белгілі болды.


