"Әкесінен көргенін қайталайды": Желіде қазақстандықтар немерелеріне аяғын сүйгізген әженің әрекетін айыптады

0
77

“Дастархан басында бата жасаймын. Балам бата бергенім үшін аяғымнан сүйеді. Немерелерім соны қайталайды”, – деп жазды желі қолданушысы.


Фото: Видеодан скриншот

ERNUR.KZ. Threads желісінде әжесінің бата бергені үшін аяғынан сүйетін балалардың іс-әрекеті қызу талқыға түсті, деп жазады stan.kz.

Гүлбаһар есімді орта жастағы әйел жеке парақшасында отбасындағы үрдістің видеосын көрсетті.

“Дастархан басында бата жасаймын. Балам бата бергенім үшін аяғымнан сүйеді. Немерелерім соны қайталайды”, – деп жазды желі қолданушысы.

Алайда бұл жазба көпшіліктің көңілінен шықпады. Бірі діни тұрғыда өте дұрыс десе, енді бірі балалардың психикасының бұзылғанын алға тартты.

“Бұл ақымақ адамның іс-әрекеті”, “Діннің атын жамылып жүргендер осылай сүйіп жататын”, “Жұмақ ананың табанының астында дегенді тіке түсінеді”, “Біздің мемлекетке қатысы жоқ салт-дәстүр”, “Болашақта балалардың психологиясын уайымдап отырмын”, “Шектен шыққан сый-құрмет секілді”, “Қазақстанда әйелді құрметтесең де жақпайсың, құрметтемесең сөзге қаласың. Түсіну мүмкін емес”, “Балалар ештеңені түсінбей, үлкендерден көргенін жасап отыр”, – деп жазды көпшілік.

Исламтанушы Еркінбек Шоқай трендке айналған мәселе бойынша пікір білдірген.

“Жұмақ ананың табанының астында” деген хадис бар. Мағынасы ананың қызметін жасауға қанша езілсең де шыдау керек. Разылығын алу керек, сонда ғана жәннатқа кіресің дегенді білдіреді. Біреу анасының аяғын сүйіп жатса, оның еш оқасы жоқ. Ана ондай құрметке әбден лайық. Алайда бұл іс хадистің барлық мәнін білдірмейді. Іс жүзінде ананы разы етіп, ақ батасын алу керек”, – деді исламтанушы-ғалым.

Одан кейін психолог Бимағамбетова Мейіргүл мұндай әрекеттерді отбасы жағдайында бірреттік құрмет көрсету мақсатында жасауға ғана болатынын түсіндірді.

“Анасының аяғынан сүю деген көріністер атаулы күндерде, бір рет қана отбасы жағдайында орындалса болады. Оны тағзым ету, құрмет көрсету, рақмет айту деп талдаймыз немесе үйдегі иерархияны мойындау деп түсіндірейік. Жағымды тұсын көруге болар еді. Бата жасағаны үшін анасының аяғынан сүю – ритуалдық дүние. Психоанализ тұрғысынан талдасақ, ересек адамның анасына байланып тұрғанын анық аңғаруға болады. Одан кейін жеке шекараның бұзылуын көріп тұрмыз. Аяқ сүю, ерін сүю деген дүниелер жеке тұлғаның шекарасын бұзады. Адамның дербестігін жоққа шығарады. Соқырмойынсұнумен ересектің айтқанымен жүретін дәрежеге жетеді. Анасы баласына аяғын сүйдіру арқылы өзінің іштегі жарақатын “емдеп” отыр. Ішінен өзіне көңілі толып, қанағаттанады. Бұл жақсы іс-әрекет емес. Демек, отбасында автономиялық қарым-қатынас, дербестік, тәуелсіз ой деген ұғымдар жоқ. Ананың аяғынан сүю белгілі бір дүниеге тәуелді болуға алып келеді. Ата-анаға тәуелді болудан бөлек, ойынқұмар, ішімдікке тәуелді болудың салдары осындай іс-әрекеттерде жатыр. Әкесі тәуелді болмағанымен, балалары сондай қауіпті дүниелерге әуес болуы мүмкін”, – деді психолог.