Бұл құрал микро, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған.
ERNUR.KZ. Жеңілдетілген несиелеу үшін басымдық берілетін экономиканың салалары – өңдеу өнеркәсібі, көлік және қоймалау, туризм, білім беру, денсаулық сақтау. Жеңілдікті кредиттеудің жаңа бағдарламасы бойынша түпкі қарыз алушы үшін сыйақы мөлшерлемесі жылдық 12,6% -дан аспайды, деп хабарлайды ҚР Ұлттық экономика министрлігі.
Бағдарлама бойынша жалпы қаражат көлемі 750 млрд теңге болады, оның 300 млрд теңгесін «Даму» қоры бөледі, ал 450 млрд теңге екінші деңгейлі банктер тарапынан бірлесіп қаржыландыру аясында тартылады.
«Өрлеу» бағдарламасы инвестициялық мақсаттарға жеңілдікті қарыз беруді, айналым қаражатын толықтыруды және 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап берілген қолданыстағы кредиттерді қайта қаржыландыруды көздейді.
Негізгі шарттар:
• қарыздың ең жоғары сомасы – инвестицияға 7 млрд теңгеге дейін, айналым қаражатына 3,5 млрд теңгеге дейін;
• сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 12,6%-дан аспайды;
• қаржыландыру мерзімі: инвестициялық мақсаттарға – 10 жылға дейін, айналым қаражатын толықтыруға – 3 жылдан аспайды, кредиттерді қайта қаржыландыруға – қаржыландырылатын берешек мерзімінің қалдығынан артық емес.
«Өрлеу» бағдарламасы жеңілдікті кредит беру арқылы кәсіпкерлік қызметті келесі экономиканың басым секторларында:
- өңдеу өнеркәсібі (оның ішінде тамақ өнімдерін, тоқыма бұйымдарын, киімдерді, химия өнеркәсібі өнімдерін, негізгі фармацевтикалық өнімдер мен фармацевтикалық препараттарды, резеңке және пластмасса бұйымдарын, электр жабдықтарын, жиһаздарды және т.б. өндіру),
- көлік және қоймалау (жүк және жолаушылар тасымалы, жүктерді қоймалау қызметтері және т.б.), - туризм (қонақ үйлер, кемпингтер және т.б. қызмет көрсету),
- білім беру (мектеп және мектепке дейінгі мемлекеттік білім беру тапсырысы бар),
- денсаулық сақтау (медициналық орталықтар, көп бейінді клиникалар) ынталандыруға бағытталған.
«Өрлеу» бағдарламасына қатысу үшін кәсіпкерлер тікелей несие берушілерге жүгінуі қажет.