Жетісу облысында Көксу өзенінен трос арқылы өтпек болған ер адам суға құлап, жоғалып кетті (видео)

0
70

Ер адамның жоғалып кетуіне байланысты полиция қылмыстық іс қозғады.


Жетісу облысында Көксу өзенінен трос арқылы өтпек болған ер адам суға құлап, жоғалып кетті (видео)

Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. 10 мамыр күні Жетісу облысы Кербұлақ ауданында Көксу өзенінің бір жағынан екінші бетіне трос арқылы өтпек болған ер адамды ағыс алып кетті, деп жазады stan.kz.

Болған жағдайды тағы бір ер адам видеоға түсіріп тұрған. Ешқандай сақтандыру жабдығынсыз өзеннің бір бетінен екінші бетіне өтпек болды. Алайда орта тұсына келгенде күші сарқылған ол аяғын тростан босатып жіберіп, ілініп тұрғанда оны ағыс алып кеткен. Оның денесі әлі күнге дейін табылмай жатыр.

“Алдын ала мәлімет бойынша, Отарда әскери қызметте болған ер адам өзенге ағып кетті. Алайда бұл ақпарат әлі расталған жоқ. Әзірге ресми түсініктеме де берілген жоқ. Ақпаратты растайтын немесе теріске шығаратын жандар болса, хабар беруіңізді сұраймыз”, – деп жазылған желіде жарияланған видео астында.

Ер адамның жоғалып кетуіне байланысты полиция қылмыстық іс қозғады

“Іздестіру жұмыстарына полиция қызметкерлері, әскери қызметкерлер, құтқарушылар, басқа да ведомстволардың өкілдері мен қарапайым азаматтар жұмылдырылды. Іздеу жұмыстары жалғасып жатыр”, – деп мәлімдеді полиция.

Жетісу облысының ТЖД мәліметінше, жоғалған азамат 1989 жылы туған. 11 мамыр күні таңғы 06:30-дан бастап ТЖД, орман шаруашылығы, жергілікті атқарушы органдар, полиция, әскери полиция және Қорғаныс министрлігінің бөлімшелері қатысқан ауқымды іздеу жұмыстары ұйымдастырылды. Барлығы 98 адам мен 22 техника бірлігі, соның ішінде жүзу құралдары, дрондар және спутниктік байланыс құралдары жұмылдырылды.

“Іздеу жұмыстары Көксу өзенінің бойымен ұзындығы 35 шақырымға дейінгі аумақта 8 топпен жүргізілді (оң жағалау бойымен 4 топ, сол жағалау бойымен 4 топ). Кешкі 18:30-да қараңғы түсуіне байланысты жұмыстар уақытша тоқтатылды. Іздеу 12 мамыр күні жалғасады", – делінген хабарламада.