«Жеңіл мұнай» қоры азайып келеді: Қазақстан терең қабаттарды барлауға кірісті

0
129

Жаңа қорларды іздеудегі негізгі әлеует Каспий маңы бассейнінің тұзасты қабаттарымен, терең жатқан және палеозой кешендерімен, сондай-ақ бұған дейін аз зерттелген аумақтармен байланысты.


«Жеңіл мұнай» қоры азайып келеді: Қазақстан терең қабаттарды барлауға кірісті

Фото: Samco

ERNUR.KZ. Қазақстанда «жеңіл мұнай» қоры мен жақсы зерттелген нысандардағы қор көлемі азайып келеді. Осыған байланысты жаңа мұнай-газ қорларын іздеу терең жатқан, тұзасты және аз зерттелген аумақтарға бағытталып жатыр. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі мәлімдеді, деп жазады inform.kz.

Ведомствоның хабарлауынша, мұнай-газ саласындағы негізгі міндеттердің бірі – ұзақ уақыттан бері игеріліп келе жатқан кен орындарының орнын жаңа қорлармен уақтылы толықтыру.

– «Жеңіл мұнайға» және жақсы зерттелген нысандардағы қор азайып барады. Осыған байланысты геологиялық барлау көбінесе терең жатқан, палеозой, тұзасты, күрделі құрылымды нысандар мен аз зерттелген аумақтарға қарай бағытталып отыр. Осы мақсатта 2026–2030 жылдарға арналған ауқымды геологиялық барлау бағдарламасы әзірленген. Оның аясында геологиялық зерттеудің әртүрлі кезеңіндегі 23 жобадан тұратын портфель жасақталды, - делінген жауапта.

Жаңа қорларды іздеудегі негізгі әлеует Каспий маңы бассейнінің тұзасты қабаттарымен, терең жатқан және палеозой кешендерімен, сондай-ақ бұған дейін аз зерттелген аумақтармен байланысты.

Алайда министрлік мәліметінше, мұндай жерлерде мұнай мен газ іздеу бұрыннан зерттелген кен орындарына қарағанда күрделірек. Себебі қордың нақты көлемін анықтау қиын, барлау жұмыстары күрделі технологияларды және көп қаржыны қажет етеді.

– Сондықтан алдағы уақытта жаңа мұнай-газ қорларын іздейтін аумақтарды көбейтіп, оларды бұрғылау жұмыстарына дайындау жоспарланып отыр. Сонымен қатар геологиялық зерттеулердің сапасын арттырып, көп қаржы қажет ететін жобаларға шетелдік және отандық серіктестер тарту көзделіп отыр, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.