Алматы мәслихатының депутаттары "Медеу" өңірлік табиғи паркі мен "Шымбұлақ" шатқалына көлікпен кіруді реттейтін жаңа тәртіпті қолдады.
Фото: pixabay.com
ERNUR.KZ. Жаңа талап бойынша іштен жану қозғалтқышы бар көліктерге шектеу қойылып, электромобильдерге жұмыс күндері кіруге рұқсат беріледі, деп жазады stan.kz.
Алматы мәслихаты "Медеу" өңірлік табиғи паркі мен "Шымбұлақ" шатқалы сияқты ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға көлікпен кіруге шектеу қою туралы шешімді қолдады.
Бұған дейін, сәуір айында, Алматыда Медеуге көлікпен кіруді шектеу және төменгі бөліктегі автотұрақ санын көбейту мәселесі қаралған болатын. Бұл туралы сол кезде Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин айтқан. Жаңа жобаны бүгін өткен мәслихат сессиясында Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары Аршат Бахтыгереев таныстырды. Оның айтуынша, шектеу ерекше қорғалатын аумақтарға түсетін көлік және антропогендік жүктемені азайту үшін енгізіледі.
Жаңа тәртіптің қажеттілігіне 2026 жылғы 12 маусымдағы Конституциялық Соттың қаулысы негіз болған. Сот 2016 жылы әкімдік қаулысымен енгізілген бұрынғы шектеуді Конституцияға сәйкес емес деп таныған. Сондай-ақ мұндай шешімдерді мәслихат қабылдауы керек екенін және тұрғындардың құқықтары ескерілуі тиіс екенін атап өткен.
Аршат Бахтыгереевтің айтуынша, жаңа тәртіп бұрынғы шектеуді жай ғана қайталау емес, экология, заң талаптары және тұрғындардың құқықтарын ескере отырып, көлік қозғалысын реттеуге мүмкіндік беретін заңды механизм.
Басқарма мәліметінше, бақылау-өткізу пункті арқылы тәулігіне шамамен 700 көлік өтеді. 2026 жылдың алғашқы сегіз айында 179 024 көлік тіркелген. Ал 2022 жылдың бүкіл кезеңінде бұл көрсеткіш 76 606 болған.
Кімдерге шектеу қойылады?
Жаңа тәртіп бойынша іштен жану қозғалтқышы бар көліктердің кіруіне шектеу қойылады. Ал электромобильдерге бөлек тәртіп қарастырылған:
- жұмыс күндері – кіруге рұқсат етіледі;
- демалыс және мереке күндері – шектеу барлық көлікке қолданылады.
Яғни демалыс пен мереке күндері Медеу мен Шымбұлақ аумағына электромобильдер де кіре алмайды. Жаңа тәртіп бойынша іштен жану қозғалтқышы бар көліктердің кіруіне шектеу қойылады. Ал электромобильдерге жұмыс күндері кіруге болады. Демалыс және мереке күндері шектеу барлық көлікке ортақ болады.
Бірақ бұл аумақта тұрғын үйлер де бар. Мұнда 48 жеке үй, "Қазгидромет" пен "Қазселденқорғауға" тиесілі нысандар және Тұйықсу шатқалындағы ғимараттар орналасқан. Сондықтан жедел жәрдем, коммуналдық және арнайы қызметтердің жұмысы да ескеріледі.
Жаңа тәртіпке 2026 жылғы 12 маусымдағы Конституциялық Сот қаулысы негіз болған. Сот бұрынғы шектеуді Конституцияға сәйкес емес деп танып, мұндай шешім мәслихат деңгейінде қабылдануы керек екенін айтқан.
Еске салайық, бұған дейін Медеу мен Шымбұлақтағы автотұрақ ақысы сағатына 500 теңге болған. Яғни көлігін 12 сағатқа қойған азамат 6 мың теңге, ал 24 сағатқа қалдырған жағдайда 12 мың теңге төлеген. Бұл ретте алғашқы 15 минут тегін уақыт қарастырылмаған. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі компанияның бұл әрекетіндегі монополиялық жағдайды теріс пайдалану белгілерін анықтаған. 1 қыркүйектен бастап алғашқы 15 минут тегін болды, ал автокөлікті тәулігіне қоюдың ең жоғары құны 4 500 теңгеден аспайтын деңгейде белгіленді. Осылайша, тәуліктік тұрақ ақысы 12 мың теңгеден 4,5 мың теңгеге дейін төмендеді.


