25 қарашада сот Айкаға қатысты жазаны өтеу мерзімі екі жылға кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады.
Фото: Видеодан скрин
ERNUR.KZ. Жеңгетайлықпен айналысып, 6,5 жылға сотталған “Айка” лақап атымен танымал Айғаным Мырзахметова алғаш рет қазақстандықтарға үн қатты, деп жазады stan.kz.
25 қарашада сот Айкаға қатысты жазаны өтеу мерзімі екі жылға кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады. Осы уақыт аралығында ол пробациялық бақылауда болады.
Бостандыққа шыққаннан кейін блогер алғаш рет қоғамға үн қатты. Айка осы уақытқа дейін болған жағдайға түсінік бере алмай келгенін және қазір өз позициясын жеке жеткізгісі келгенін айтты.
“Сәлеметсіздер ме! Есімім Айка. 27 жастамын. Ұзақ жылдардан кейін алғаш рет қоғамға және БАҚ-қа жеке үн қатқым келді. Соңғы кезең өмірімде ауыр сынақтарға толы болды. Сондықтан болып жатқан жағдайды түсіндіре алмадым. Қазір, пробациялық бақылауда болып, заңмен белгіленген талаптарды орындап, қысқаша түсініктеме беруге құқым бар”, – деді Айка.
Ол өз мәлімдемесінің мемлекеттік органдар мен билік өкілдеріне арналмағанын айтты. Сонымен қатар желіде өзінің атына қатысты көп ақпарат тарағанын, оның бір бөлігі шындыққа сәйкес келмейтінін, біржақты берілгенін айтты.
“Қазір өз өмірімді ретке келтіру үшін жұмыс істеп жатырмын. Баламды тәрбиелеп, әрі қарай адал әрі саналы өмір сүруге тырыудамын”, – деді блогер.
Мәлімдемесін қорытындылай келе, журналистерден құқықтық шектеулерін ескеріп, жариялаған мәлімдемені дұрыс пайдалануды сұрады.
“Соңғы үш жылым үш жүз жылдай өтті. Уақыт тоқтап қалғандай болды. Әр күнім бір-біріне ұқсас, әр түн тыныштықта, бостан бос өтті. Әр секундта жалғыз екенімді сезіндім. Алматыдан, үйімнен, отбасымнан мыңнан аса километр қашықтықта болдым. Бұл адам төзгісіз жағдай еді”, – дейді ол.
Айка ешкімнен аяушылық күтпейтінін, жазбасын сол кезеңнен қалай өткенін айту үшін жариялағанын жеткізді.
“Міне, мен бостандыққа шықтым. Әлем де, адамдар да өзгерген. Білемін деп жүрген қала бөтен болып кеткен. Барлығы жылдам, жарқын, шуы көп. Ал мен жаңа өмірге басқа жерден келгендей, өзімді бөтен сезінемін. Кейде қорқыныш пен қиындықты сеземін”, – деді блогер.
Айка мәлімдеме соңында жарты жолда тастамай, қолдаған жандарға алғыс айтты.
Еске салсақ, 2023 жылы желіде Алматыда элиталық эскорт қызметін көрсеткен қыздар мен олардың клиенттері туралы ақпарат бар тізім тараған еді. Тізім “Айка” лақапатымен танымал блогердің телефон кітапшасы негізінде дайындалғаны хабарланды.


