Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Жаңаөзен қаласында дәрігер-терапевттің өліміне қатысты қылмыстық істің тергелу барысына тоқталды.
Фото: Үкімет
ERNUR.KZ. Сенатта өткен брифинг барысында ол бұл істің жаңа заң шеңберінде қалай саралануы мүмкін екеніне тоқталды, деп жазады inbusiness.kz.
Журналистердің медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін жауапкершілікті күшейтетін жаңа нормаларға байланысты қойған сұрағына жауап берген Игорь Лепеха нақты құқықтық баға тергеу барысында берілетінін айтты.
Оның сөзінше, бұл жағдайда қылмыстың өзі аса ауыр санатқа жатады.
"Бұл – нақты тергеушінің құзыретіндегі мәселе. Істің барлық мән-жайы ескеріліп, соған сай құқықтық баға беріледі. Дегенмен, адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істің қозғалуының өзі өте ауыр салдарды білдіреді. Жаңа нормалар негізінен қорқыту немесе күш қолдану қаупі бар жағдайларға қатысты қабылданған. Ал адам өлтіру – бұл өз алдына бөлек, аса ауыр қылмыс, оның саралау белгілері өзгеше. Ондай бап онсыз да өте қатаң, сондықтан қосымша түзетулердің қажеті жоқ", – деді Игорь Лепеха.
Сонымен бірге ІІМ басшысының орынбасары тергеу органдары қажет болған жағдайда істі Қылмыстық кодекстің өзге де нормаларымен жиынтық түрде қарастыруы мүмкін екенін атап өтті.


