Түркияда арзан демалыс біртіндеп өткеннің еншісінде қалуы мүмкін.
Сурет: depositphotos.com
ERNUR.KZ. Жергілікті қонақүй иелері төмен бағамен бәсекелесуден бас тартып, қызмет көрсету сапасына басымдық беруді ұсынып отыр. Шығын өсуіне байланысты қонақүйлер бағаны қайта қарауы мүмкін, деп жазады tengrinews.kz.
Бұл туралы Түркияның кәсіби қонақүй менеджерлері қауымдастығының (POYD) жаңа бюллетенінде айтылған. Turizm Guncel басылымы мәліметінше, қауымдастық басшысы Хакан Саатчиоглу қонақүйлер 2026 жылы тап болған түйткілдерді айтқан.
Оның сөзінше, қонақүй иелері қызметкерлердің жалақысына, электр энергиясына, азық-түлікке және ғимаратты күтіп ұстауға көбірек қаражат жұмсауға мәжбүр. Сонымен қатар, табыс көлемі артқанымен, пайданың өсу қарқыны бәсеңдеп отыр.
Қонақүйлер бағаны неліктен көтеруі мүмкін?
POYD 2027 жылы қонақүй шығындары азаяды деп күтуге негіз жоқ екенін ескертті. Сондықтан қонақүй иелеріне шығындарды қайта қарап, жұмыс тиімділігін арттыру жолдарын іздеуге тура келеді.
Қауымдастық Түркия туристерді тек төмен бағамен қызықтырудан бас тартуы керек деген пікірде. Оның орнына қонақүйлер демалушыларды қызмет көрсету сапасымен, жайлылықпен және ұсынылатын қызмет деңгейімен қызықтыруы керек.
Мұндай стратегия жолдама құнына да әсер етуі мүмкін. Қонақүйлер шығындарды өтеп, пайданы сақтап қалуға тырысса, туристерге үйреншікті демалыс үшін көбірек төлеуге тура келеді.
Түркия қалай үнемдемек?
Тағы бір міндет - су, электр қуаты және азық-түлік шығындарын азайту. Осы мақсатта Анталияда туризм саласының өкілдері арнайы келісімге қол қойды. Құжатта тағам қалдықтарын азайту, суды үнемдеу және электр энергиясын тиімді пайдалану көзделеді.
Десе де POYD бұлай үнемдеу демалушыларға әсер етпеуге тиіс екенін мәлімдеді.
Сондай-ақ, Түркия демалыстың жаңа түрлерін дамытуды жоспарлап отыр. Мысалы, салауатты өмір салты мен ұзақ өмір сүру бағдарламалары бар қонақүйлерді көбірек ашып, туристерді мәдениет, дін және жергілікті асхана арқылы тарту көзделіп отыр.
Түркияда демалу неге қымбаттауы мүмкін?
Тәжірибелі саяхатшылар 2027 жылы Түркияда демалу қымбаттай түседі деп қауіптеніп отыр. Бұған бірнеше себеп бар.
Қонақүйлердің азық-түлікке, электр қуатына және қызметкерлердің жалақысына жұмсайтын шығыны өсіп жатыр.
Бұдан бөлек, қонақүй иелері арзан жолдамалардан бас тартып, туристерді қызмет сапасымен қызықтырғысы келеді.
Нәтижесінде қонақүйлер шығындарын жауып, пайданы сақтап қалу үшін бағаны көтеруі мүмкін.
Айта кетейік, Түркияда баға көтерілуі мүмкін екені алғаш рет айтылып отырған жоқ. Жақында ірі түрік қонақүй иелері "бәрі қамтылған" жүйесімен жұмыс істейтін қонақүйлерді қызмет көрсету деңгейіне қарай бес санатқа бөлуді ұсынған еді.


