Заң бойынша екінші әйел алуға рұқсат беру керек - депутат Абзал Құспан

0
101

Депутат өз басы екі әйел алуға қарсы адам екенін айтады.


Заң бойынша екінші әйел алуға рұқсат беру керек - депутат Абзал Құспан

фото:

ERNUR.KZ. Мәжіліс депутаты Абзал Құспан заң бойынша екінші әйел алуға рұқсат беруді қарастыру керегін айтты, деп жазады ulysmedia.kz.

Депутат өз басы екі әйел алуға қарсы адам екенін айтады.

- Бірақ ол менің жеке ұстанымым ғой. Бірақ заңдық, құқықтық тұрғыдан келер болсақ, “де-юре, де-факто” деген ұғым бар. Оны заңгерлердің бәрі біледі. Де-юре – бізде екі әйел алуға тыйым салынған, оны білеміз. Заңсыз деп саналады, жауапкершілік жоқ, бірақ тыйым бар. Де-факто – шенеунік емес, тіпті кез келген жағдайы бар азаматтың екінші, үшінші, тіпті төртінші әйелдері барын білеміз. Дін жолындағы азаматтардың басым бөлігі осыны қолдайтынын білеміз. Қазір көбінікі құтырғандықтың белгісі. Кілең жастарды алады (тоқалдыққа). Ешкім ағасынан алған жеңгесін әмеңгерлікпен немесе жесір қалған әйелді алмайды. Құбылыс ретінде бұған қарсымын. Бірақ мен немесе сіз қарсы болды екен деп тоқтап жатқан адам жоқ. Сондықтан тоқалдықты заңдастырып, заңмен реттеу қажет деп есептеймін, – дейді Абзал Құспан Ербол Сейілханға берген сұқбатында.

Құспанның сөзінше, оны әуелі қоғам талқысына салу қажет. Әрі қарай заңгерлер механизмін шығарады.

- Заң бойынша екінші әйел алуға рұқсат беру керек. Құқықтық негилизм деген нәрсе бар. Ол заңның қолжаулыққа айналуы дегенді білдіреді. Заңда осы тыйымды ешбір адам сақтап жатқан жоқ. Тыйым нормасы қолжаулық болмағанда не болды? Керек десеңіз әйел құқығын қорғаушылар көп. Осыған келгенде олардың ұстанымы өзгеріп шыға келеді. Ал әйелдің шынайы құқығын қорғайтын болсақ, тоқал ешқандай құқықтық тұрғыда қорғалмаған. Алимент ала алмайды. Баламды асырайтын жағдай жасап бер деп заңды тұрғыда талап ете алмайды. Оған қашанғы көзімізді жұмып отырамыз?, – дейді заңгер.

Депутаттың сөзінше, егер екінші әйел алу заңдастырылса, тоқал болатын әйелдердің құқықтық міндеттері де қатар жүреді.

- Мені тоқал алушылардың қатарына қоспауды сұраймын. Бірақ заңмен реттеу қажет, – дейді депутат.

Абзал Құспан бұл өзі тарапынан тосын мәлімдеме болғанын айтып, бұл тақырып ресми түрде айтылмайтын, табу тақырып екенін атап өтті.

- Мұны реттеу керек. Мен реттеу тұрғысынан айтып отырмын. Ал екі әйел ала ма, үшеу ала ма – ол қоғаммен талқыланатын мсәселе. Бірақ менің ойымша, бұл мәселені заңмен реттейтін кез келді, – дейді заңгер.

Депутат егер заң қаралған жағдайда бала және әйел құқығы тұрғысынан міндеттер қосымша жүктелуі керек.