Оқиға болған сәтте қыздың анасы жұмыстан кейін ішімдік ішіп, көлік басқарғаны үшін сотталып, колонияда жазасын өтеп жүрген.
Фото: Depositphotos.com
ERNUR.KZ. 2025 жылы 1 қыркүйекте Алматы қаласында 13 жастағы қызды өз әкесінің досы зорлады деген ақпарат тарады. Қылмыс жасады делінген күдікті АИТВ жұқтырған адам деген дерек бар. Аталған жағдайға Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов пікір білдірді, деп жазады stan.kz.
Оқиға болған сәтте қыздың анасы жұмыстан кейін ішімдік ішіп, көлік басқарғаны үшін сотталып, колонияда жазасын өтеп жүрген. Осы кезеңде қыздың зорлануына байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған. Алайда анасына баласының зорланғаны туралы ешбір мемлекеттік орган ресми түрде хабарламаған. Әйел бұл жағдайды тек алты ай өткен соң ғана білген.
Осы уақыт аралығында балаға психологиялық көмек көрсетілмеген. Керісінше, жәбірленушіге күдіктінің туыстары, адвокаттары және әкесі қысым жасаған. Олар қызға “өзің кінәлісің”, “осы үшін енді басқа адам түрмеде қиналады” деген сияқты психологиялық қысым жасаған.
Нәтижесінде, жәбірленуші сотта бастапқы берген айғағын өзгерткен. Анасының айтуынша, адвокат дайындаған жазбаша түсініктеме шынайы жағдайға сәйкес келмейді. Сонымен қатар іске қатысты кейбір фото-дәлелдер сақталғаны хабарланды.
Сонымен қатар күдіктінің АИТВ жұқтырғаны хабарланды. Бұл ақпаратқа ресми органдар жария түрде түсініктеме берген жоқ.
Ал Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділовтың айтуынша, қазір бұл іске қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті қолға түсті.
Мұны сұрауымызға екі күн бойы жауап бермеген Алматы қалалық полиция департаменті де бүгін хабарлады. Олардың мәліметінше, қазір кәмелетке толмаған қызға қатысты құқыққа қайшы әрекет жасау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
“Күдікті ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысында барлық қажет процессуалдық әрекеттер объективті, жан-жақты әрі жедел түрде жүргізілді. 2025 жылдың желтоқсан айында аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, іс материалдарын қарау үшін сотқа жолданды”, – делінген хабарламада.
Ал құқық қорғаушылардың дерегінше, қыздың ата-анасы ажырасқан.
Іске Human Rights Lawyers қорының адвокаттары араласқан. Қор өкілдері іс материалдарын зерттеу барысында бірқатар процессуалдық бұзушылықтарды анықтағанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, сот отырысында қылмыстық істі прокурорға қайтару және қосымша сот сараптамасын тағайындау туралы өтінішхат беру жоспарланып отыр.
Құқық қорғау органдары құқық қорғаушылардың жаңа мәлімдемелеріне қатысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ. Сот процесі жалғасып жатыр.


