“Үш баласы бар, әйелі науқас“. АҚШ-та қазақстандық болуы мүмкін екі адам ұсталды

0
114

Көлік жүргізушісі Нью-Йорктен Нұрсұлтан Мұқтарәлі, ал жолаушы Пенсильваниядан Мұхит Дәнібеков ұсталған.


“Үш баласы бар, әйелі науқас“. АҚШ-та қазақстандық болуы мүмкін екі адам ұсталды

Фото: tengrinews.kz.

ERNUR.KZ. АҚШ-та ірі көлемде кокаин тасымалдау ісі бойынша қазақстандық болуы мүмкін екі азамат ұсталды, деп жазады tengrinews.kz.

Техас штатының Чемберс округі шерифі кеңсесінің мәліметінше, 2025 жылғы 27 қыркүйекте арнайы тергеу бөлімі есірткімен күрес басқармасымен бірлесіп, I-10 тасжолында автотасымалдаушы көлікті тексеру кезінде 35 келі кокаин тапқан. Есірткі көліктің құрылымына мұқият жасырылған.

Көлік жүргізушісі Нью-Йорктен Нұрсұлтан Мұқтарәлі, ал жолаушы Пенсильваниядан Мұхит Дәнібеков ұсталған. Оларға аса ірі көлемде есірткі сақтады деген айып тағылған. Екеуі де Чемберс округінің түрмесіне қамалғаны айтылды.

Мұхиттың ағасы Жомарт Дәнібеков олардың кінәсіз екенін айтып, мәлімдеме жариялады. Оның айтуынша, Мұхит пен әріптесі Нұрсұлтан көлік тасымалдаумен айналысатын жүргізушілер. Олар өздері тасымалдап келе жатқан көлікте есірткі барын білмеген.

Қазір олардың отбасылары 200 мың доллар кепіл ақысын және адвокат қызметін төлеу үшін қаражат жинап жатыр.

"Олар АҚШ-қа адал еңбек етуге келді, бөтеннің қылмысы үшін жапа шекпеуі керек. Бауырымның үш кішкентай қызы бар, жұбайы ауыр науқас", - деді Жомарт Дәнібеков.