500-ге жуық адам Кеңес Одағының Батыры атанды.
ERNUR.KZ. Ағымдағы жылғы 5 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда Ұлы Отан соғысының 105 ардагері және Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске үлес қосқан басқа санаттағы 40 707 азамат тұрады. Соғыс кезінде майданға 1 млн 200 мыңнан астам қазақстандық шақырылды, 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да әскери бөлімдер құрылды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин ОКҚ алаңында жауынгерлік еңбегі үшін жүздеген мың қазақстандық медальдармен және ордендермен марапатталғанын атап өтті.
500-ге жуық адам Кеңес Одағының Батыры атанды. 4 қазақстандық екі мәрте Кеңес Одағының батыры атанды, ал 110 қазақстандық үшінші дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды.
«Қолына қару алған әрбір екінші қазақстандық Жеңіс үшін басын құрбандыққа тікті – ұрыста қаза тапты, жараланып, аурудан қайтыс болды, хабар-ошарсыз кетті. Тұтқыннан 630 мың адам оралмады. Сондай-ақ, Жеңістің жақындауына тыл еңбеккерлері баға жетпес үлес қосты, олар майданға қажеттінің бәрін қамтамасыз ету үшін бар күштерін берді», – деп, еске салды спикер.
Оның айтуынша, 80 жыл бойы ардагерлерге қамқорлық жасау, олардың өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі. Бүгінгі күні ардагерлерге әлеуметтік қолдау шаралары орталық және жергілікті деңгейде жүзеге асырылуда.
Біріншіден, зейнетақы және өзге де әлеуметтік төлемдердің мөлшері жыл сайын артып келеді. 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап төлем мөлшері базалық зейнетақы бойынша 6,5%-ға және ынтымақты зейнетақы бойынша 8,5%-ға өсті.
Қабылданған шаралар халықаралық тәжірибеде ұсынылатын табысты зейнетақы төлемдерімен алмастыру коэффициентін орындауға мүмкіндік берді, бұл көрсеткіш Қазақстан Республикасында 55%-ды құрады.
Басқа әлеуметтік төлемдерге қарамастан азаматтардың 19 санатына арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлемі жүзеге асырылады, оның негізгі алушылары егде жастағы азаматтар болып табылады.
Нәтижесінде, 2025 жылғы 1 мамырға Ұлы Отан соғысының ардагерлері алатын әлеуметтік төлемдердің жиынтық мөлшері 271 мың теңгені, Ұлы Отан соғысы уақытындағы тыл еңбеккерлерінің жиынтық мөлшері 179 мың теңгені құрады.