Іс-шараның мақсаты – Шоқан Уәлихановтың өмірі мен ғылыми қызметін жас ұрпаққа насихаттау.
ERNUR.KZ. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде қазақтың ұлы ғалымы, ағартушысы Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына орай «Шоқан Уәлиханов – қазақтың ұлы ғалымы» атты ауқымды көрменің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі.
Іс-шараның мақсаты – Шоқан Уәлихановтың өмірі мен ғылыми қызметін жас ұрпаққа насихаттау. Тың деректер мен музей жәдігерлері арқылы Орталық Азия мен Қазақстан халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеуге қосқан елеулі үлесін таныстыру.
Көрме негізгі 4 бөлімнен тұрады. Атап айтсақ, Шоқанның өмірі мен қызметі, Қашғар сапары, ғылыми мұрасы, Шоқанның өнердегі бейнесі кеңінен қамтылған. Экспозицияда ғалымның қолжазбалары, хаттары, ғылыми еңбектері және тапанша, сандық, белбеу, отбасылық бұйымдар секілді жеке заттары қойылған. Сонымен қатар Қашғар сапарына арналған көрнекі материалдар, мұрағаттар мен музейлерден алынған фотоқұжаттар да бар.
Іс-шара аясында ғалымның ғылыми мұрасы мен қоғамдағы рөлін талқылайтын дөңгелек үстел де ұйымдастырылды. Оған отандық тарихшылар, этнографтар, өнертанушылар, музей қызметкерлері қатысты. Көрме 12 шілдеге дейін жалғасады.