Үкіметте денсаулық сақтау жүйесін цифрлық трансформациялау мәселесі талқыланды

0
123

Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев денсаулық сақтау жүйесін цифрлық трансформациялау мәселелеріне арналған жұмыс кеңесін өткізді.


Үкіметте денсаулық сақтау жүйесін цифрлық трансформациялау мәселесі талқыланды

ERNUR.KZ. Кездесу барысында медициналық көмектің сапасына тікелей әсер ететін нақты басымдықтар талқыланды. Атап айтқанда, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне түсетін әкімшілік жүктемені азайту, процестердің ашықтығын қамтамасыз ету және деректермен жұмыс істеу арқылы саланы тиімді басқару мәселелері қаралды, деп хабарлайды Primeminister.kz.

Медициналық қызмет сапасы мен көлемін жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы бақылау жүйесін құру міндетін бұған дейін Мемлекет басшысы өз Жолдауында белгілеген болатын.

Цифрлық трансформация аясында қолданыстағы ақпараттық жүйелерді шоғырландыру, сондай-ақ Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйені (БММАЖ) және медициналық деректердің бірыңғай қоймасы – Smart Data Healthcare жүйесін дамыту жоспарлануда. Аталған платформа денсаулық сақтау саласындағы қолданыстағы ақпараттық жүйелердегі (соның ішінде жеке медициналық ақпараттық жүйелердегі) мәліметтерді біріктіріп, деректерге негізделген кешенді талдау, болжау және басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Азаматтар үшін бұл медициналық қызметтерді түсінікті ете түседі: оларда өздерінің электрондық денсаулық паспортына қол жеткізу, тағайындауларды, көрсетілген қызметтерді және емдеу тарихын «деректерді пациенттің өзі бақылайды» қағидаты бойынша цифрлық форматта қадағалау мүмкіндігі пайда болады.

Сервистерді ыңғайлы ету мақсатында барлық шешімдер QazTech платформасында орналастырылып, eGov жүйесімен біріктіріледі. Бұл азаматтарға артық анықтамасыз немесе кезексіз, медициналық қызметке жылдам әрі оңай қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау жүйесі үшін негізгі міндеттердің бірі – деректерді қорғау және бұрмалаудың алдын алу. Медициналық ұйымдарда пациенттердің нақты келуін тіркейтін faceID тетіктері енгізілген. Енді оны екі тәсілмен: eGov Mobile қосымшасы арқылы немесе биометриялық сәйкестендіру көмегімен растауға болады.

Сонымен қатар өткен жылдан бастап «Әлеуметтік әмиян» жобасы жүзеге асырылуда. Оның аясында азаматтар амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету шеңберіндегі кепілдендірілген дәрілік заттар пакетін ала алады. Қызмет 700-ден астам мемлекеттік дәріхананы қамтиды (17 млн рецептінің 13,9 млн-ы «Әлеуметтік әмиян» жобасының цифрлық тетігі арқылы рәсімделген). Биыл бұл тәжірибені қосымша төлем тетігін пайдалана отырып, жекеменшік дәріханаларда да кеңінен қолдану жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, медициналық қызметтерге ваучер алу мүмкіндігін енгізу көзделуде. Бұл азаматтар үшін медициналық көмек алу процесін одан әрі ашық әрі ыңғайлы етеді.

Цифрлық шешімдер кезең-кезеңмен енгізіледі. Негізгі мақсат – азаматтарға нақты нәтиже ұсыну және дәрігерлер мен жалпы денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені азайту.