Үкімет резервінен бөлінген 2,8 млрд теңге жобаны толық аяқтауға және 98 мыңнан астам тұрғыны бар қаланың жылу желілерін алдағы жылыту маусымына сапалы дайындауға мүмкіндік береді.
ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылу көздері мен жылу желілерінің үзіліссіз жұмысын қамтамасыз ету бойынша берген тапсырмаларын іске асыру аясында Жезқазған қаласының жылу желілерін қайта жаңғыртуды аяқтау үшін Үкімет резервтен 2,8 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Ұзындығы 398 шақырым қалалық жылу желілерінің тозуы – 56,6%. Бұл тұрғын үйлер, әлеуметтік және т. б. нысандарды жылумен қамтуға кері әсерін тигізуде. Жылыту маусымында ресурстардың айтарлықтай шығыны орта есеппен 35-40%-ға жетеді, бұл қолданыстағы және салынып жатқан нысандарды жылу желілеріне қосуға мүмкіндік бермейді.
Жезқазған қаласының кеңеюін және салынып жатқан жаңа Батыс ауданын жылумен қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып, реконструкциялау мен жаңғырту бойынша бастапқы жоба түзетілді: құбырлардың диаметрі 800 мм-ден 1000 мм-ге дейін, ал реконструкциялауға жататын желілердің ұзындығы 11,4 шақырымнан 12,3 шақырымға дейін ұлғайтылды.
Үкімет резервінен бөлінген 2,8 млрд теңге жобаны толық аяқтауға және 98 мыңнан астам тұрғыны бар қаланың жылу желілерін алдағы жылыту маусымына сапалы дайындауға мүмкіндік береді.