Үйді апаттардан сақтандыру және онлайн платформаларды реттеу: 2026 жылға арналған жоспарлар

0
70

Мемлекет басшысының Жолдауы мен тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде заң жобалау жұмыстарының 2026 жылға арналған жоспары әзірленді.


Үйді апаттардан сақтандыру және онлайн платформаларды реттеу: 2026 жылға арналған жоспарлар

ERNUR.KZ. Заң жобалау жұмыстарының 2026 жылға арналған жоспарының жобасы азаматтарды цифрлық трансформациялау және әлеуметтік қорғау жөніндегі міндеттерді ескере отырып жасақталды, деп хабарлайды UKIMET телеграм арнасы.

Мемлекет басшысының Жолдауы мен тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде заң жобалау жұмыстарының 2026 жылға арналған жоспары әзірленді. Үкімет отырысында азаматтардың мүлкін қорғауға және жаңа технологияларды дамытуға арналған алдағы уақыттағы заңнамалық бастамалар туралы әділет министрі Ерлан Сәрсембаев баяндады.

Жоспарда 12 заң жобасын әзірлеу қарастырылған, олардың негізгілері нақты әлеуметтік және экономикалық міндеттерді шешуге бағытталған. Әлеуметтік қорғау саласында тұрғын үйді табиғи апаттардан міндетті сақтандыру туралы заң, сондай-ақ еңбек заңнамасына және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне түзетулер әзірленіп жатыр.

Президенттің тапсырмаларын орындау шеңберінде мемлекеттік мүлік мәселелері бойынша түзетулер және онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселелері туралы заңнама дайындалуда. Өнеркәсіп блогында мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы заң жобасын енгізу жоспарланып отыр.

«Парламентке бірінші жартыжылдықта 5, екінші жартыжылдықта 7 заң жобасын енгізу жоспарланған. Президенттің әлеуметтік салаға да, цифрлық дамуға да қатысты тапсырмаларын сапалы пысықтауға басымдық берілді», – деп атап өтті министр.